Жаңалықтар

Өкіл имам Бас мүфтидің атынан Б.Сатершиновты мерейлі 50 жасымен құттықтады

Астана. 22 ақпан. KAZISLAM – Алматы қаласы Ғылым ордасы ғимаратында елімізге белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершиновтың 50 жылдығына арналған «Ұлы дала халқының діни бірегейлігі қалыптасуының рухани қырлары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Алқалы басқосуға Бақытжан Меңлібекұлының ұстаздары, ғылымдағы үзеңгілес достары, шәкірттері мен еліміздегі жоғары оқу орындарының басшылары және дін мен руханият, мәдениет саласының белді өкілдері қатысты. Олар өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, конференцияның тақырыбына сай баяндамалар оқыды. Сондай-ақ, мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, иығына шапан жауып, бағалы сыйлықтарын тарту етті.

Ал Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы кезекті сөз алып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Хазреттің атынан Бақытжан Меңлібайұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтады. Сөйтіп, Бас мүфтидің арнайы құттықтау хатын оқып, сыйлығын табыстады.

Бас мүфтидің құттықтау хатында:

«Құрметті Бақытжан Меңлібайұлы!

Дана қазақ «Елу жас – тал түс» деген. Бұл сөз – сен жер ортасы жасқа жеттің, бағындырар белестерің мен алар асуларың әлі алда дегені болар. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі жолында талмай еңбектеніп, отан алдындағы қасиетті борышыңызды адал атқаруға жазсын. Әрі біз сіздің өмір жолыңыз бен еткен қызметтеріңізге қарап, мұның үдесінен шығып жүр деп те ойлаймыз. Жазған еңбектерініңіз бен БАҚ беттерінде берген сұқбаттарыныңыз еліміздегі дін ахуалдың тұрақтылығы мен мемлекет пен діннің тұтастығын, зайырлы қоғамдағы діннің рөлін айқындауда үлкен орны бар.

Сонымен қатар, сіздің мерейлі жасыңызға арналып Қазақ Ғылымның қара шаңырағында өтіп жатқан хылықаралық ғылыми-практикалық конференция ерекше мазмұнға ие болып отыр. Яғни, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, оларға сапалы білім беру ісінде, елдегі діни тұрақтылық пен төзімділіктің артуына және түрлі діни алауыздықтардың алдын алуда сіздей азаматтардың қызметінің рөлі үлкен. Бүгінгі жиынымыздың мақсаты да әрбір елім деп соққан жүректің өткенге есеп беріп, алдағы істердің жоспарын айқындау әрі сол арқылы ел еңсесін тіктеуге мұрындық болу деп білеміз», – делінген.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close