Әрбір өңірде пәтуаға жауапты имамдар бар – Сансызбай Құрбанұлы

    344

    17 ақпан. KAZISLAM – ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Семей қалалық Шәкәрім мешітінде болып, өңір имамдарына «Қазіргі қоғамда пәтуа берудің маңыздылығы мен жауапкершілігі» атты бір күндік семинар өтті.

    Ашылу сөзін сөйлеген ҚМДБ Семей өңірі бойынша бас имамы Асқар Әбітайұлы пәтуа берудің діни және қоғамдық жауапкершілігіне тоқталып, семинар жұмысының маңызын тілге тиек етті. Сонымен бірге, дін мамандарының пәтуа сұрай келуші адамдармен дұрыс мәміледе болуын, білім мен біліктілікті үнемі арттыру қажеттілігін айта келе, «Пәтуа бөлімі — ҚМДБ-ның жүрегі» екеніне назар аудартты.

    Ал, өңіріміздегі пәтуаға жауапты имамдардың жауапкершілігі мен діни білімінің маңыздылығына, қоғамдағы түйткілді мәселелердің жауабын табудың, халықтан келген сұрақтарға дұрыс жауап жеткізудің өзектілігі жайында Сансызбай Құрбанұлы жүйелі ой толғады.

    ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы:

    «Әрбір өңірде біздің бөлімге қарасты, пәтуаға жауапты имамдар бар. Міне, бұл имамдарымызға адамдармен дұрыс мәміле жасауды, сұраушының әдебі мен жауап бердің әдебін, жетік жауап беруді үйретіп жатырмыз. Мақсатымыз – бүкіл Қазақстанда бір мәселеге байланысты сұрақ қанша болса да, жауап біреу болуын іске асыру. ҚМДБ-ның күретамыры болған Пәтуа бөлімі отбасы құндылықтарының сақталуы, отбасына байланысты сұрақтардың жауабының дұрыстығы мен бірізділігін қалыптастыру, азаматтардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы семинар ұйымдастырып отырмыз» деді.

    Сансызбай Құрбанұлының дәрісіне Семей өңіріне қатысты барлық қала, аудан, кент мешіті имамдары барлығы 40-қа жуық имам-молда қатысты.

    Пікір жазу