Ғибратты әңгімелер

Әкенің қадірін тірісінде біл!

Күндердің күнінде дәулетті отбасында еркелеп өскен жалғыз жігіт университет бітіріп, диплом алғалы жатады. Ол әкесіне оқуды бітіргенде көлік алып беруін бұрыннан сұранған еді. Күндер өтіп диплом да қолға тиеді. Әкесі баласын жеке кабинетіне шақырады. Жігіт іштей көптен күткен көлік сыйлайтын болды деп қатты қуанады. Кабинетке кірген бойда әкесі оған сырты безендірілген Құран Кәрім кітабын сыйлайды. Бала ашуға бой алып:

— Осындай дәулетің бола тұра маған бір ғана кітап ұсынып тұрсың ба?-деп Құранды кітап сөресіне қойып, есікті қағып шығып кетеді. Арада бірнеше жылдар өтеді. Әлгі жігіт үлкен мансап иесі болып, зәулім үйі мен бірнеше көліктері болады. Алайда, ол әкесімен осы уақытқа дейін қатынаспаған еді.

Содан бір күні екі қолы өзіне жеткенде әкесін есіне алады да бір рет жағдайын сұрап, кіріп шығу үшін қарашаңыраққа бет алады. Әкесі ол уақытта дүниеден өтіп кеткен болатын. Артындағы бар дәулетін жалғыз ұлына мирас ретінде қалдырыпты.

Жігіт мирастың құжаттарын реттейін деп әкесінің бөлмесіне бас сұққанда бірден сөреге көзі түседі. Сөйтсе, бұрынғы әкесі берген Құран сол бойы тұр еді. Қолына алып парақтай бастайды. Кенет алдына кітаптың ішінен бір парақ түседі. Алып оқыса әкесінің ұлына деген хаты екен. Онда баласының оқуды бітіріп, диплом алған күнімен құттықтаған жазуы мен автосалоннан су жаңа көлікке төленген түбіртек болады. Жігіттің бойы сыздап, осы уақытқа дейін әкесінің қадірін білмегенін түсініп, көз жасына ерік берген екен. Бірақ, бәрі де кеш!

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close