Әйелдің қоғамдағы рөлі

    430

    Әлем халықтарының тең жартысын немесе қоғамдағы екі адамның бірін әйел заты құрайды деп қарайтын болсақ, оларды қоғамдық жұмыстан шеттету, оларсыз адамзат қоғамын елестету мүмкін емес.

    Өкінішке қарай, халық арасында да, БАҚ-та да «Әйелдердің қоғамдағы рөлі» деген тақырыптың көп талқыға түсіп жүргені белгілі.

    Бұл мәселенің жиі талқыға түсуінің өзіндік себептері бары ақиқат. Соның бір мысалы, бұрынғы Үндістан халқының «ману» деген сенімдері бойынша, әйелдер мұрагерлік ете алмайтын әрі күйеуі өлген әйелдерді күйеуімен қоса өртейтін еді. Ирактың Бәбил қаласының жергілікті хамурап сенімі бойынша, әйелге күң ретінде қарап, біреудің қызын өлтіріп қойған кісі құнының төлемі ретінде өз қызын беруі шарт болатын. Көп жағдайда құнға берілген қыз өлтірілетін.

    Көне Мысыр халқы болса, әйелдерге жақындасуды нәжіс санап, қажетті жағдайда ғана қолданатын. Араб қоғамында да қыз бала дүниеге келсе намыстанып, тірідей көметін жаман әдеттері кең таралған болатын. Батыс елдерінің әйелдері де талай ғасыр қорлық көріп келді.

    Көне әлем, орта ғасырлар мен Ренессанс дәуіріндегі батыс философиясының тарихына көз жүгіртсек, әйелдің деңгейі төмен, ер адамға бағынышты қызметкер ретінде бейнеленген. Осындай зұлымдықтардың нәтижесінде XVIII ғасырда батыс қоғамында феминистік қозғалыс пайда болды. Бұл қозғалыстың мақсаты — әйелдердің еркектермен саяси, экономикалық, мәдени, жеке және әлеуметтік құқықтағы теңдігі жолында және әйелдерді кемсітушілікке қарсы бағытталып, қоғамның барлық саласында әйелдерге еркектермен тең мүмкіндіктер орнату болды [1].

    Адамзат қоғамындағы осындай әділетсіздікке Ислам діні тосқауыл қойды. Қасиетті Құранда бір сүреге «Ниса» (әйелдер) деген ат беріліп, әйелдің мәртебесін көтеретін көптеген аяттар түсті. Алла елшісі (с.ғ.с.) әйел затына деген құрметін жұбайларына қолдау көрсеткен іс-әрекетімен көрсете отырып, тағылымды сөздерін артына қалдырды. Осы жерде Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайлары қоғамдық қандай істермен айналысқаны жайлы қысқаша тоқтала кетелік.

    — Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алғашқы жұбайы Хадиша анамыз саудамен айналысатын, Меккедегі алдыңғы қатарлы байлардың бірі еді. Бүкіл дүние-мүлкін Ислам дінін насихаттау жолына жұмсаған.
    — Айша анамыз болса, шариғат ілімдерін жетік меңгерген, хадис көп риуаят еткен ғалым әйел болған.
    — Умму Сәләма анамыз әрі ғалым, әрі Ухуд шайқасында батырлығымен танылған парасатты әйел еді.
    — Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің қас шебері болған.
    — Мәймуна және Жуайриә сынды жұбайлары, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасты күшейтуде өз үлестерін қосқан. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әрбір жұбайы үйде қол қусырып қарап отырмай, отбасы қиыншылығын бірге көтеріскен. Ислам дінінің кең насихатталуы жолында еріне мол үлестерін қосқан үлгілі асыл аналарымыз болатын.

     

    Ал қазақ әйелдері (әжелеріміз бен аналарымыз) үйде ешбір жұмыс істемей отырған ба? Әрине, жоқ. Олар баққан малдары арқылы үйдегі түрлі қажеттіліктерін шешіп отырды.

    Мысалы: балаларына малдың терілерін илеп, сырт киімдер мен аяқ киімдерін тігіп кигізген. Жүндерінен киіз басып, арқан-жіп есіп түрлі керекке жаратқан. Малдың сүтінен құрт, ірімшік және май сияқты қоректік күші бар азық жинап, отбасының қысы-жазы жейтін тамағын қамтамасыз етіп отырған.

    Яғни, отағасы сыртқы жұмыстармен айналысқанда, үйдегі әйелдер де қарап отырмай бірге қимылдап, өмірдің ауыртпалығы мен қызығын бірге көтеріскен. Соның арқасында үбірлі-шөберелі болып өсіп, бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізген.

    Кешегі көшпелі кезеңмен салыстырғанда қазіргі жаһандану кезеңінің өмір сүру үрдістері де, талаптары да басқаша десек болады. Көшпелі қазақ қоғамындағы әйелдер отбасындағы бала тәрбиесімен бірге, отбасы қажеттіліктері саналатын азық-түлік, киім-кешектің бір бөлімін қамтамасыз етіп отырды дедік.

    Ал бүгінгі нарықтық қоғамда, әсіресе, мегаполистік қалаларда көптеген отбасыларда тек ер адамның табысы жете бермейді. Ерлі-зайыптылардың қатар жұмыс істеуін талап етеді.

    Әкімшілік, емхана және оқу орындары сияқты түрлі орталарда әйелдердің де жұмыс істеуін, істің мәніне үңілместен қоғамның дінсізденуі деп, бір жақты шешім шығаруға келмейді. Әдептілік сақталған жағдайда әйелдердің де қоғамның дамуына үлестерін қосып, еңбек етулері дінімізде де, салт-дәстүрімізде де құптарлық іс екендігін ұмытпаған жөн.

    Самет Оқанұлы,

    исламтанушы

    [1] http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/islam-aieldin-darejesin-qalai-koterdi-2177/#gsc.tab=0

    Пікір жазу