Бұл жолғы тақырыбымыз әділдік категориясына қатысты болғандықтан біз қысқаша осы ұғымға тоқталмақпыз.

Адам әділдікті жеке өмірінде ғана емес, әлеуметтік қатынаста жалпы қоғамның қай саласында болмасын ауадай қажет етеді. Мұсылман ғалымдары,  тіпті, бұрын соңды батыс білмеген «көркем мінездегі әділдік» деген тұжырымдаманы алға шығарды. Көркем мінездегі әділдік – адамның күнделікті өмірінде, мінез-құлқында, ішіп-жеуде, басқалармен қатынаста, басшы мен бағынышты арасында болуы тиіс әділдік. Мысалы, осындай әділдікке қатысты орта ғасыр ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазали ойын былай түйіндеген:

«Егер адам қайсыбір сезіміне қатысты орта жолды ұстай алмаса, мысалы, үйленбесе, тамағын қажеттен тыс азайтса, онда ол әділдік өлшемін бұзушы екені анық. Сол сияқты қарын мен құмар қалауын тойдыру мақсатында соның соңынан кеткен, оған мүлдем қарсыласпаған адам да әділдік теңдігін бұзған саналады. Осы екі жағдайға тап болған адам үлкен зұлымдықтың ішінде деп түсіну қажет» («Ихия-у Улум әд-Дин» кітабынан).

Демек, өмірде орта жолды ұстай алмау, жағдайы бола тұра үйленбеу, қажеттен тыс аз немесе көп тамақтану, құлқынның құлы болу сияқты т.б. амалдардың барлығы әділдік категориясының өлшемінен салынды.

Бір күні шәкірттерінің бірі Әлиден (р.а.) Алланың бірлігі мен әділдік туралы сұрап келіпті. Сонда халифа былай жауап берген екен:

 «Алланың бірлігі – Оны көз алдында елестетпеу, Оған белгілі бір пішін бермеу. Оны айыптамау – әділдік».

Расында да әділдік дегеніміз өмірде, дінде, қоғамда, отбасында және сол сияқты т.б. салалардың барлығында алдымыздан үздіксіз шығып отырады. Әділдік – қоғам мүшелерінің ұстануы тиіс қағидасы. Себебі қоғам мүшелері алуан түрлі ұлттар мен ұлыстар, діндер мен сенімдер иелері болғандықтан, бір-бірінің құқығын шектемей, дұрыс қатынаста болуын қамтамасыз ететін қасиет – әділдік.

Ислам мұсылманға басқа дін өкілдерімен жақсы қатынаста болуға шықырады. Әлеуметтік деңгейде олармен қарым-қатынас жасауға, қонаққа баруға да тыйым салмайды:

«Егер мұсылман емес кісі мұсылман мемлекетінде тұрса немесе мұсылман мемлекетінің қамқорлығында болса, мұсылман оның өміріне, намысына, жеке мүлкіне қол сала алмайды. Мұсылман басқалардың да құқығын сақтауы қажет. Ол өзге адамдардың меншігін ұрлай алмайды не алдап ала алмайды, зұлымдық жасамайды. Оны ұрып масқаралауға немесе өлтіруге құқығы жоқ. Мемлекет оны мұндай зұлымдықтан сақтап кепілдік болуы қажет» («Суар мин хаияти ас-сахаба» кітабынан).

Сонымен қатар, Құранда да мұсылман кісінің басқа адамдармен қандай қатынаста болуы керек екендігін ашық айтқан аяттары жетерлік. Мысалы:

«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал (жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (41:34).

Тіпті, әдептілік және көркем сөзбен жақсылыққа шақыру – мұсылманның міндеті:

«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі» (16:125).

Бұл да – әділдік. Өйткені, дін исламды білмейтін адамға оның үкімдерін айту – үлкен қателік. Әуелі оған исламды үйрету қажет.

Ислам адамдарды бейбіт өмірге шақырғаны сияқты шындық, адамгершілік, адалдық пен достық секілді т.б. көптеген ізгі сипаттарды ортаға қояды. Мұсылман өзіне сенген адамның сенімін ақтап, оған өтірік айтпайды. Егер өзге дін өкілімен тартыс немесе келіспеушілік болып қалған жағдайда, сыпайылық пен әділдікті естен шығармағаны жөн. Құран бізге осылай әмір етеді:

«Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз», – деңдер» (29:46).

Мұсылман қоғамындағы әділдіктің қаншалықты маңызды болғанын әлі де түсіне білу үшін ислам тарихындағы барлығымызға үлгі боларлық мына оқиғаны еске алайық:

Бір күні яһуди халифа Омарға келіп, хазіреті Әлидің үстінен (Алла ол екеуіне разы болсын) шағымданыпты.

Халифа Омар өзінің алдына Әлиді шақырып:

– Ей, Әбу Хасан! Сенің үстіңнен шағым айтқан айыптаушының қасына тұр, – деп бұйырады. Осы кезде Әлидің жүзі өзгеріп қоя береді.

Кейін халифа Омар бұл екеуінің арасын әділдікпен шешкеннен соң оңаша қалған Әлиге қарап:

– Ей, Әли! Мен саған сені айыптаушының қасына тұр, дегенімде ашуландың ба? Сенің түрің өзгеріп кеткенін байқадым? – деп сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб:

– Аллаға қасам етейін! Ей, мүміндердің әмірі! Мен оған ашуланғаным жоқ. Бірақ, сен мені «Ей, Әбу Хасан», – деп шақырған кезіңде мені яһудидің көзінше көтермеледі. Мұсылмандардың арасындағы әділдік жоғалыпты ғой деген қорқыныш бойымды биледі, – дейді.

Хазіреті Әлидің жеке басы үшін емес, мұсылмандар, дін үшін қам жеуі – тақуалық. Тақуалық болған жерде әділдіктің де болары сөзсіз. Ертедегі мұсылмандар әділдікті тек сот шешімінде немесе даулы мәселеде ғана іздеген жоқ. Олар әділдік қатегориясын жеке және қоғам өміріндегі барлық жағдайда қолдануға күш салды. Әділдікті басқаның бойынан емес, бірінші кезекте өзінің амалынан іздеді. сол сияқты біз де  қолымыздан келгенше ісімізге адал, басқалармен қарым-қатынаста жақсы болуға ұмтылсақ, жеке өмірде, әлеуметтік өмірде де табыстарға жетуіміз жеңілдей түспек деп сенемін.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы