Әбіштің әйгілі сөздері

    244

    Қазақ даласының әр тасы – Қағбам, әр бұтасы – сәждем.

    Әбіш Кекілбайұлы

    Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының дүниеге келген күні. Биыл – Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы болған Ә.Кекілбайұлының туғанына 80 жыл.

    76 жасында бақилық болған жазушының соңында өнегелі еңбегі, өшпес мұрасы қалды.

    Бүгін елордасы Нұр-Сұлтанда ЭКСПО аумағына жақын орналасқан, «Мәңгілік ел» даңғылымен қиылысатын көшеге Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді.  

    Көшенің ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

    «Бүгінгі күн үлкен қуанышты сәт деп ойлаймын. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз – Елбасының ұсынысымен осы Еуразияның төрінде Сарыарқаның төсінде жаңа астанамыз салынды. Елбасы көтерген осы бастамасына тілегін қосып, шын жүрегімен ниетін білдіріп, қолдау көрсеткен Әбіш ағаның атында көше ашылып жатыр. Даңғылдың бойында жүретін өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, осы Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге үлестерін қоса берсін деп тілейміз», — деген Қ.Көшербаев салтанатты шараға келген қала тұрғындары мен жазушының жары Клара Жұмабайқызын құттықтады.

    Ал елорда әкімі Алтай Көлгінов:  

    «Елбасының қасында жылдар бойы серік бола жүріп, қазақ елін Мәңгілік ел етуге үлкен еңбек еткен ағамыз мәңгі есімізде болары сөзсіз. Әбіш ағамызға бүгін ас беріліп, кешке еске алу кеші өтеді. Бұл – мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, жазушыларға, қазақ елінің бірлігін көтеріп жүрген азаматтарға деген үлкен құрметі. Сондықтан, бүгінгі іс-шара баршамызға құтты болсын», — деп лебізін білдірді.

    «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, назарларыңызға Әбіш Кекілбайұлының әйгілі қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

    – Қазақ даласының әр тасы – Қағбам, әр бұтасы – сәждем.

    – Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу Адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді.

    – Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны рас. Бірақ өмір бірақ рет беріледі деген өзіміз білетін қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат. Сондықтан өз басым өткенге өкпе жүрмейді деп ойлаймын. Өткенге тек тәубе жүреді деп ойлаймын.

    – Дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу – есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар.

    – Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие Халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады. Қорлана бермей, арлана білейік. Намыстың сөзін сөйлейік.

    – Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін − рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін − рухани байлық керек.

    – Адам нәсілін жер бетінде баяндатып тұрған бірден-бір күш — мейірім мен рақым ғана.

    – Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ.

    – Бағалай білмегенге бақ қонбайды,

       Қуана білмегенге құт қонбайды.

    Пікір жазу