Ұрықтандырамыз деп ұрпақты аздырып алмаймыз ба?

    0
    188

    Жақында интернет беттерінен журналист Гүлжан Рахманның «Бала белде болмай қалды» деген мақаласын көзім шалды. Мұнда соңғы кездегі жастардың, әсіресе ер-азаматтардың белсіздік мәселесі белең алғанын айғақтайды. Сол себептен көптеген отбасылар жасанды жолмен балалы болуды қарастырады.

    Сұранысқа ұсыныс демекші, қазір кейбір клиникалар қолдан ұрықтандыруды да медицинаның бір жетістігі ретінде пайдалана бастады.  Осы орайда журналист мынадай дерек келтіреді: «Статистикаға сенсек, жыл сайын тек бір клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді екен. «Қалайда балалы болсам» дейтін олардың жан жарасын түсінуге болады, әрине. Бірақ бізді алаңдататыны басқа. Дәл қазір елімізде бір донор өзінің аталық жасушасын 20 рет тапсыра алады. Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бой жетіп, ер жетіп шығады деген сөз. Ал олардың кейбіреуі 20-30 жылдан кейін бір-бірімен кездейсоқ танысып, отасып жатса, не болмақ?!».

    Ал енді басты мәселе қазірде елімізде денсаулығында ақауы бар (мүмкіндігі шектеулі) жандардың саны 4% көлемінде, бұл  басқа елдермен салыстырғанда (кейбір елдерде 20%) анағұрлым төмен екен. Олай болатын ең басты себебі – қазақ халқының жеті ата дәстүрі. Жеті атадан бері қыз алыспау салты. Сонымен қатар, бұл жағдайға дін де қатаң тыйым салады. Сондықтан, қан жақындығы сирек кездескендіктен көбінесе дені сау балалар дүниеге келеді. Ал осындай жасанды ұрықтандырудың салдарынан дүниеге келген балалар ертең үйлене бастайтын болса, қан жақындығынан мүгедектіктің де саны арта береді. Сондықтан, мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, инклюзивті білім беру шараларымен қатар мүгедектіктің алдын алудың да қамын жасағаны абзал.

    Жастарға ұлттық-рухани құндылықтарды дәріптеу, белсіздікке, ұрпақсыздыққа апаратын себептерді жоюға бағытталған тәрбиелік мәні бар шараларды көбейту маңызды. Мектептердегі ерте жүктілік, тамақтану сапасы т.б. көптеген мәселелерді түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру болашақтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың санын азайтуда өз үлесін қосары сөзсіз деп ойлаймын.

    Кеңшілік Тышхан,

    дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты