«Үнсіздер мәжілісіне» үнсіз кірген Молла Жәми

    0
    150

    Ерте замандарда Иран елінде хакімдер мен ақындардан құралған «Үнсіздер мәжілісі» атты бір мәжіліс болған екен. Мүшелерінің саны да отыз адам. Одан артық та алмайды, кем де алмайды. Тура отыз адам болуы тиіс. Бұл мәжіліске мүше болудың ең басты шарты болса – КӨП ОЙЛАНУ, АЗ ЖАЗУ, ӨТЕ АЗ СӨЙЛЕУ.

    Сол заманның мәшһүр ақыны әрі ғалымы Молла Жәми де бұл мәжілістің мүшесі болуды қатты қалапты. Бір күні «Үнсіздер мәжілісінің» мүшелерінен біреу қайтыс болыпты дегенді естіген Молла Жәми дереу мүшелікке талапкер екенін білдірмек боп, мәжіліс сарайына барыпты. Есіктің алдына келіп, күзетшіге еш тіл қатпастан, бір парақ қағазға есімін жазып, дәл сол сәтте өтіп жатқан мәжіліс жиынына жіберіпті. Мәжіліс мүшелері де келген хаттан Молла Жәмидің есімін оқып, оның мүшелікке талапкер болуын қалайтынын түсініп, біраз көңіл-күйлері түсіп кетеді. Себебі, келіп тұрған адамның мәжіліске нағыз лайық жан екенін біледі. Алайда, босаған орынға басқа біреуді алып қойған еді. Мұны Молла Жәмидің көңіліне тиместей жеткізу үшін мәжіліс төрағасы күзетші арқылы бір тамшының өзіне тасығалы тұрған су толы кесе жібереді. Мұнысы «мәжілісіміздің босаған орны басқа біреумен толды, сізге орын қалмады» дегені еді. Молла Жәми де бұдан жағдайды түсіне қояды. Бірақ, бірден кетіп қалмай, есіктің алдында өсіп тұрған раушан гүлдің күлте жапырағын алып, кеседегі судың үстіне су тасымайтындай етіп өте ептілікпен қояды да, мәжіліске кері жібереді. Мәжілістегілер де мұндай парасатты жауапқа қайран қалып, Молла Жәмиді қатарларына қосуға шешім қабылдайды.

    Мәжіліс төрағасы Молла Жәмиді араларына алған соң, есімін тізімге жазады да, отыз санының соңына тағы бір нөл санын қосып, «300» деп жазады. Мұнысы да мәжілісіміздің салмағы Молла Жәмидің арқасында он есеге артты дегені еді. Мұны Молла Жәми де түсінеді. Алайда өзін барынша қарапайым ұстайтын Молла Жәмидің көңілі бұған разы болмай, отыз санының соңындағы бір нөлді өшіріп, отыздың алдына «030» деп жазады. Қарапайымдылықты жаны сүйетін Молла Жәми осылайша өзін нөлге теңеп, гүлдің күлте жапырағы секілді суды тасытпағанындай, өзінің де мәжілістің құрылымын бұзғызы келмейтінін білдіреді. Мұны көрген мәжіліс мүшелерінің Молла Жәмиге деген құрметтері одан сайын артып, мәжілістің жаңа мүшесін араларына ерекше ықыласпен қабылдайды.

    Міне, мұсылман да қоғамда гүлдің күлте жапырағындай болуы тиіс. Қоғамға жүк болмай, қоғамның жүгін арқалауы керек. Әрі қоғамға санның соңына тіркелетін нөлдей үлес қосып, бұл қызметін де санның алдына жазылған нөлдей көруі тиіс.

    Салтан САЙРАНҰЛЫ