«Үммет» cөзінің мағынасы қандай?

    0
    439

    «Үммет» терминын түсіндіруде ғұламалар, Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Яһудилер жетпіс бір топқа бөлінсе, Христиандар жетпіс екі топқа бөлінді. Мұхаммедтің жаны Оның құдіретінде болған Затқа ант етейін, әлбетте Менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді. Оның біреуі ғана жәннәттық, жетпіс екісі тозақтық» [1] деген хадисін негіз еткенін көреміз.

    Ғұламалар, хадистегі «Үммет» сөзінің екі түрлі мағынасы бар екендігін алға тартады.

    Әуелгісі, «Үммату дәғуа» (Ислам дініне шақырылған күллі адамзат). Екіншісі, «Үммату ижәба» (Ислам дінін қабыл еткендер). Осы жерде, «Менің үмметім жетпіс үшке бөлінеді…» дегенде кімдерді мұрат етіледі? деген сауал туындайды.

    Енді, осы мәселеге жауап іздеп көрелік. зерттеуші Еркінбек Алтай бір зерттеуінде, «Заманымыздың заңғар ғұламаларының бірі марқұм Рамазан әл-Бути (Алла оған рахым еткей), осы хадистерді зерттей келе мынадай керемет ой түйіндейді: «Біз ең әуелі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «үмметім бөлінеді» деген хадисіндегі «үммет» сөзінің мән-мағынасын айқындап алуымыз керек. Жалпы, ислам ғұламалары үмметті екіге бөліп қарастырған. Бірі – дағуа үмметі, екіншісі – ижәбә үмметі (исламды қабыл еткен). Дағуа үмметі – Алланың соңғы пайғамбары жер бетінде дағуат жүргізгеннен бастап, қияметке дейінгі күллі адам баласын қамтитын ауқымды ұғым. Ал, ижәбә үмметі – исламның ақиқат дін екенін мойындаған исі мұсылман қауымына ғана қаратылған. Демек, «үмметім бөлінеді» деген сөзден – ижәбә үмметін, яғни исламның өз ішіндегі топтарды ұғынбай, бәлкім исламның сыртындағы ірілі-ұсақты діндер мен әртүрлі діни ағымдарды түсінеміз. Бір сөзбен айтқанда, дағуа үмметі меңзелген деп ұғынамыз. Себебі, хадистерде «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді...» делінеді, «Мұсылмандар жетпіс үшке бөлінеді» деп айтылмайды», – деді.

    Демек, әлем мұсылмандары мойындаған ғалым Рамазан әл-Бутидің осы кеңесін әрдайым есте ұстасақ, бірлігімізді бұзғысы келетін жар астындағы жаудан сақтануға өз септігін тигізер еді» [2] деп тақырыбымызға қатысты хадистерді жалпы пайғамбарлық міндеттік негізде қарастырады.

    Ал кейбір ғалымдар, пайғамбарымыздың «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді…» деген хадистерін ислам тарихында пайда болған әртүрлі діни саяси топтар мен ақидалық (сенімдік) ағымдарға ишарат ететін дәлелдік негіз етіп қабылдап, зерттеулерінің кіріспесі ретінде келтіреді. Мысалы, Абдулфатих әш-Шәһристани өзінің «әл-Миләл уән-Нихал» еңбегінде осы хадисті негізге ала отырып, ислам үмметінің үлкен жақтан Қадария, Сифатия, Хауариж, Шейіттер болып төрт топқа бөлінетіндігін, олардың әрқайсынан бөлініп шыққан ірілі-ұсақты топтарды қосқанда, хадисте айтылған жетпіс үш топқа жететінін алға тартса [3], атақты тарихшы Әбдулқаһир әл-Бағдадидың «әл-Фарқу бәйнал-Фирақ» кітабында аталмыш риуаяттарды келтіре отырып, исламдағы адасқан топтың алғашқысы әрі бірегейі ретінде Муржия, Қадария және Хауариж топтарын атайды.

    Сондай-ақ, Муғтәзилә, Хауариж, Рафиза, Зәйдия сынды адасқан топтардың бидағаттары мен ой-пікірлеріне сәйкес адасушылар санатына кіретіндігін, ал Батния, Руафиз, Язидия [4] қатарлы бірнеше топтың «Ислам үмметі» деген ұғымға мүлдем жатпайтындығын ескертеді [5].

    Бұл термин туралы ғалымдардың екі түрлі көзқараста болғанын айттық. Яғни, имам Рамазан әл-Бути, хадистегі «Үмметім» сөзін «Үммату дәғуа» (яғни, ислам дініне шақырылған күллі адамзат) негізінде түсіндірсе, имам әш-Шәһристани және әл-Бағдади сынды ғалымдар «Үмметім» сөзіндегі мақсат «Үммату ижәба» (яғни, ислам дінін қабыл еткендер) дейді.

    Имам әш-Шәһристани және әл-Бағдади кейбір ағымдар өздерін мұсылман үмметі санатына жатқызғанымен әһлу сүнна уәл жәмәға көзқарасын мәнсұқтап, ислам дінінің негіздерін бұрмалап түсіндіргендіктен, оларды адасқан топтың қатарына жатқызады.

    Ал хадистің көпшілік ғалымдар тарапынан құп көрілген мәні болса, ол – доктриналық мәселе де болсын, құқықтық мәселе де болсын әһлу сүнна уәл жәмәға жолы. Яғни, хадистегі «Менің және асхабымның жолында болғандар», «Әһлу суннә уәл жәмәға» және «әс-Сауадул ғазим (көпшілік мұсылман)» деген сипаттарға лайық болған жол.

    Үй ішінен үй тігіп, бөлінгендердің жолы емес. Сондай-ақ, имам әш-Шаһристани мен имам әл-Бағдадидің, мәселені теологиялық қырынан қарастырып, хадистегі «Оның бір тобы жәннәттық» деген бөлігіне әһлу сүнна уәл жәмәға ұстанымындағы мұсылмандарды жатқызуы өте орынды.

    Өйткені, әһлу сүнна уәл жәмәға жолындағы мұсылмандармен бірге өзге ағымдарды да тура жолда болғандардың қатарына кіргізетін болсақ, онда қарапайым мұсылмандар арасында «Сол ағымдардың идеологиясын қолдап, солардың да артынан еру де дұрыс» екен деген қате түсінік қалыптасып, ол қоғамда практикалық тұрғыдан іске асуы мүмкін.

    Міне, осы тұрғыдан әһлу сүнна уәл жәмәға мектебі негізінде қалыптасқан доктриналық және құқықтық мәзһабтарды қызғыштай қорғап, оны сақтап қалудың орны бөлек.

    Ал өзге дін өкілдеріне, өзге ағым мүшелеріне құрметпен қарау бір бөлек нәрсе екендігін ажыратып алған жөн.

    Бүгінде қолданылып жүрген «толеранттылық» сөзі әркім өз дінін берік ұстана отырып, өзге дін өкілдеріне құрмет көрсетуді, өзара сыйластықты сақтай отырып, бейбіт қатар өмір сүрулерін білдіреді.

    [1] Ибн Мәжжа, 3992, 4596-хадис.

    [2]http://www.islam-atyrau.kz/index.php/2012-12-25-22-23-28/item/626-mbetti-73-topka-bolinuin-kalaj-t-sinemiz

    [3]Абул Фатих аш-Шахристани, Әл-миләл уән-Нихал, 11 б.

    [4] Исмайл Сейтбеков, Мәзһабтар тарихы, 2012 ж.

    [5] Әбдулқаһир Бағдади, Әл-Фарқу бәйнал-Фирақ, 18 б.