Бірақ, нарықтағы мал бағасының құрбан айт қарсаңында, мереке күндерінде де сақталуын ҚМДБ өкілдері, имамдар үнемі айтып жүр. Наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының өкіл имамы Наурызбай Тағанұлының айтуынша, шариғатта да халыққа әдейі қиындық жасауға тыйым салынған.

«Біз мал сатушылардан бағаны қымбаттатпауды үнемі сұраймыз. Өйткені, халықтың қалтасына ауыр келетін бағаны әдейі қою – шариғатқа қайшы. Саудагерлерден нарықтағы бағамен мал сатуды сұраймыз» — дейді ол.

Нарықтағы мал бағасы қандай?

Біз құрбандыққа жарайтын қой, сиыр және еліміздің батыс аймағында көп кездесетін түйе малының нарықтағы бағасын облыстардың өкіл имамдары мен ет өнімдерін сатушы кәсіпкерлерден сұрап көрген едік.

Тағы оқи отырыңыз: Құрбан айт – қуанышқа жетелейтін мереке

Мәселен, Орталық Қазақстан өңірінде қой бағасы 40-45 мың теңге шамасында болса, ірі қара 200 мыңнан басталып, 300 мыңға дейін жетеді. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа:

«Жыл сайын құрбан айт кезінде жиі кездесетін бір жайт, семіз ғой, немесе қан шықса болды деген есеппен марқа сойып жатады. Бірақ, марқа құрбандыққа жарамайды. Өйткені, тоқтының өзі бойы енесімен теңескен, етті әрі майлы келсе ғана шариғат бойынша құрбандыққа жарайды. Мал сатушылардан бағаны өсірмеуді өтінсек, халыққа құрбандыққа қандай малдың жарайтынын айтып жүрміз» — дейді.
©Дархан Сахариев

Шығыс Қазақстанда қой бағасы – 30-35 мың теңге болса, ірі қара малдың бағасы – 180-250 мың теңге. Ал, Атырау облысында жеке кәсіпкерлердің айтуынша, ең арзан қойдың өзі 35 мың теңгеге саудаланса, ең қымбаты 65 мың теңгеге барып тіреледі екен. Сиыр 230-360 мың, құрбандыққа жарайтын түйе 400 мың теңгеден басталады.

Ақтөбе аймағында Атырау облысына қарағанда түйе қымбат болса (450-500000 тг.), қой мен сиыр бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, ұсақ мал 25 мың теңгеден басталса, ірі қараның бағасы 200-300 мың аралығында.

Шөбі шүйгін, суы мол еліміздің теріскей аймағында өкіл имам Кенжетай Дүйсенбайдың айтуынша, құрбан айт кезінде ірі қара малға қарағанда қой көп сатылады екен. Себебі, өңірде тоннаға дейін ет беретін қазақтың ақбас сиыры секілді асылтұқымды малды алуға бәрінің мүмкіндігі жоқ. Ал басқа сиырлардың нарықтағы бағасы 250-350 мың теңге болса, қой 30-40 мың теңгені құрайды.

Елордасы Нұр-Сұлтан қаласында базар әкімшілігінің ұсынған бағасы 315 000 теңге дейді Н.Тағанұлы.

«Егер жеті адам бірігіп, ірі қара малды құрбан шалуға бекінсе, бір адамға 45 мың теңгеден келіп тұр. Оның ішіне қасапшылардың малды сойып, дайындап беруі, т.б. қызметтер кіреді» — дейді өкіл имам.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде   22 471 969 бас қой,   3 198 429  ешкі, 8 787 543 сиыр,  3 135 153 жылқы және 237 128 түйе бар.

Құрбан айтта баға қымбаттап кетпей ме?

Құрбандық малының бағасы өсіп кететін уақыт көбіне айт кезі екенін ескерген мамандар бірер аптадан бері базар басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаев мұндай жұмыстар 11 тамызға дейін жалғасады дейді.

«Әлбетте, мереке қарсаңы болғандықтан сұраныс өте жоғары. Бірақ, сұраныс көп екен деп мал мен ет бағасын шамадан тыс көрсетпеуге тырысамыз. Биыл да қойдың ең қымбаты 40-50 мың теңге шамасында болады деген сенімдеміз. Нарықтағы баға 20 мыңнан басталатынын әрі қойдың жасына қарай бағаның да әртүрлі болатынын ескеру керек» — дейді ол.

Түйін. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ырыстың оннан тоғызы – сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда» — десе, тағы бір хадисінде:

«Ең таза әрі адал табыс – сауда жасайтындардың табысы» – деген.

Мұны ескерген әрбір саудагер құрбан айт кезінде халықтың қалтасына ауырлық түсірмесі анық.