Құран тыңдау да – бір ғибадат

    280

    Егер жүректің гүлі солып, қуанышы азайса, ол тіршілікке қайта оралып, түлегісі келері хақ. Егер айналаңдағы адамдардың өзіңе деген енжарлығынан, салқын қабағынан жалығып, бойыңды жабырқау мен қайғы-мұң билеп алса, қуанышқа қайта кенелуге, жарқын шақтарға қайта оралуға болатындығын біл. Сол үшін қайта түлеуге кіріс. Бүкіл бақыттың жолы Алланың сөзімен басталады. Бұл тұрғыда Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) мына мінәжат сөздерін есіңе алғайсың.

    Мағынасы: «Уа, Алла! Шындығында мен Сенің Өзіңе ғана тән барлық есімдеріңмен: Өзіңді атаған есіміңмен, не Кітабыңда түсірген, не жаратылысыңның біреуіне үйреткен, не Өзіңнің дәргейіңдегі ғайып ілімінде жасырған есіміңдеріңмен сұраймын: Құранды жүрегімнің серігі, кеудемнің нұры, қайғы-қасіретімді өшіруші, уайым-мұңымды кетіруші қыла гөр!». (Ахмет, Хаким риуаят еткен).

    Пайғамбардың (с.ғ.с.) осы сияқты дұғаларына жіті назар салсаң, оларда Құранның жүректердің серігі, көктемі, кеуденің нұры, қайғы-қасіретті өшіруші, уайым-мұңды кетіруші, дерттердің шипасы, иман келтіргендер үшін рахым деген секілді сипаттары бар екендігін көресің. Сондай-ақ, ол адасушылар үшін тура жолбасшы, тура жолдағылар үшін бір нұсқау, тірілер үшін ескерту және кәпірлер үшін Алланың уағдасының хақ екендігін ескертеді.

    Сөз жоқ, Құранды оқу, тыңдау, мәніне ой жүгірту арқылы ғибадат етуде нұр һәм иманның тәтті дәмі бар. Солардың ішінде Құранды тыңдау үнсіз ғибадат болып есептеледі. Алайда көп адамдар бұл жайында мүлде бейхабар. Алла Тағала былай дейді:

    «Құран оқылған кезде оған құлақ түріп, тынышталыңдар, бәлкім, сонда рахымға бөленерсіңдер» (Ағраф, 204).

    Құранды тыңдаудың жүректерді баурап, сиқырлап алатындай ерекше бір қасиеті, еріксіз тамсандырар тәтті дәмі бар. Тіпті, кезінде кәпірлердің өздері Құранның шынайылығын біле отырып, жақтастарын жүректерді баурап алатын осындай қасиетінен сақтандырған. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді:

    «Кәпірлер: «Бұл Құранды тыңдамаңдар да, беталды сөйлей беріңдер. Сонда оны жеңерсіңдер», – деді» (Фуссилат, 26).

    Дағуаттың бас кезінде мүшріктердің өкілі Хаким Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп, оны алған бетінен қайтару үшін түрлі ұсыныстар айтып, саудаласпақшы болады [1]. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Уалид! Сөзіңді айтып болдың ба?» – дейді. Ол: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) оған Фуссилат сүресін оқи бастайды. Сүре: «Егер олар теріс айналса, «Мен сендерге Ад пен Сәмуд жұрттарына түскен азап сияқты азап туралы ескерттім» деп айт» деген жеріне келгенде үрейі ұшқан Хаким қолын Пайғамбардың (с.ғ.с.) аузына тосып, осымен тоқтауын сұрайды. Содан кейін мүшрік ағайындарына басқаша күйде оралады. Олар Пайғамбардан (с.ғ.с.) не естігендігін сұрағанда ол: «Мен одан бір керемет сөздерді естідім. Ол жынның да, адамзаттың да сөзі емес. Уаллаһи, ол бір жағымды сөз, ол бір шешен сөз, ол бір ұшар басы жеміске толы, тамыры тереңге кеткен миуалы дарақтай. Ол еш төмендемей асқақтап кете беретін керемет сөз екен!» – дейді таңданысын жасыра алмай.

    Кәпірдің жайы осындай болса, Құранға иман келтірген мұсылманның әсері қандай болады? Олар Жаратқанның ең тақуа құлдары, мойынсұнғыш пенделері емес пе? Құран тыңдаудың керемет бір әсері бар. Оны білген жан ғана біледі. Себебі, тынышталу, дене мүшелерінің сілтідей тынып, ұйи тыңдауы жүректің қосылуына себеп болады. Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) өзі Құран алдымен өзіне уахи етіліп түсірілген болса да, оны басқалардан тыңдаудан жалықпаған, әсеріне тоймаған.

    Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) маған: «Қане, маған Құран оқып берші!» – деді. Мен: «Уа, Расулалла! Сізге қалай оқып берейін? Бұл Құран сізге түсірілген емес пе?» – дедім. Сонда ол (с.ғ.с.): «Расында мен оны басқалардан тыңдағанды ұнатамын», – деді. Мен сосын Ниса сүресін басынан бастап оқи бастадым. «Біз әрбір үмбетке бір куәгер келтіріп, ал соларға қарсы сені куәгер қылған кезде не болады?» деген аятқа (41-аяты) жеткенде ол (с.ғ.с.): «Осы жерден тоқта», – деді. Сонда оған (с.ғ.с.) бұрылып қарасам, екі көзі жасаурап тұр екен». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен хадис).

    Ғұлама Ибн Баттал осы хадиске берген түсініктемесінде былай дейді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Құранды басқа біреуден тыңдауды жақсы көргенде, оны басқалар тыңдауы үшін, не болмаса, өзі ой жүгіртіп, терең түсінуі үшін тыңдағанды жақсы көрген болуы керек. Себебі, тереңірек түсіну үшін, өзі оқығаннан гөрі басқадан тыңдаған жақсы. Өйткені оқушы оқумен, оның ережелерін сақтаумен әлек болады, ал тыңдарман құлақ түріп, жіті бақылап, зерделей алады» [2]. Құранды мұқият тыңдап, зерделей білу иман келтіргендердің сипаты. Ал аяттарды ой елегінен өткізу пенде мен Раббының арасындағы байланыстың бір бөлшегі болып саналады. Ислам дінінде бұл ілімнің аты «Нафсил Илм» деп аталады.

    Алла Тағала былай дейді: «Елші өзіне Раббысынан түсірілгенге анық иланды һәм мүміндер де солай етті. Олардың барлығы да Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне иман келтірді. Олар: «Оның елшілерінің араларын бөле-жармаймыз», – деседі. Олар: «Естідік һәм бойсұндық. Раббымыз, бізді кешіре гөр. Түбінде саған қайтамыз», – деседі» (Бақара, 285).

    Құран Кәрім тек адамдарға ғана әсер етіп қоймай, жындарға да әсер етеді.

    Бұл туралы Құранда: «Айт: «Маған жындардың бір тобының Құранды тыңдағаны уахи етілді». Сонда жындар айтты: «Шынында бір ғажайып Құран тыңдадық. Құран, бізді тура жолға салады. Енді соған иман келтірдік. Раббымызға ешбіреуді ортақ қоспаймыз» (Жын, 1, 2).

    Алла Тағала былай дейді: «Расында осы тура жолды естіп, оған сендік. Кім Раббысына иман келтірсе, ол кемшіліктен де, зияннан да еш қорықпайды» (Жын, 13).

    Сондай-ақ Құран жануарларға да ерекше әсер еткен.

    Құранды тыңдағанда даусы жақсы, оқығанда сезімді баурап алатын жанның оқуында тыңдаған жөн. Тауыстан (р.а.) жеткен риуаятта адамдар Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Адамдардың ішінде Құранды ең жақсы дауыспен ең жақсы оқитын кім?» – деп сұрайды. Сондай Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол оқыған кезінде Алладан қорқатындығы білінетін адам», – деп жауап берген. (Мүслім риуаят еткен).

    Біреулер: «Құранды тыңдайтындай уақытым жоқ», – деуі ықтимал. Ондайларға былайша жауап берер едім.

    Біріншіден; бұл құлшылық түрі тәнді де, жанды да, ой-сананы да рахат сезімге бөлеп, тыныштандыратындығы рас болса, онда ол уақыт табуға лайықты емес пе? Егер Құранды тыңдаудың ләззатын сезінсең, одан еш қол үзбейтін боласың.

    Екіншіден; негізінде тыңдау деген өте оңай іс қой. Құранды үйде де, түзде де, жұмыста да, көлікте де – барлық жағдайларда тыңдауға болады. Тіпті, отырып та, жатып та, тұрып та тыңдай бер. Адам жанына әуендетіп оқылған қырағат қатты әсер етеді. Өйткені әуендетіп оқу сезімдерге әсер етіп, жүрекке оңай енеді, жанарларға жас ұялатады. Бұл тұрғыда Имам Нәуәуи: «Құран оқығанда жылау — Алланың танушы ариф құлдардың, ізгі пенделердің сипаты»,[3] – деген.

    Сөз соңында Имам Ғазалидің пікірін келтірмекпіз. Ол былай дейді: «Құран оқылғанда жылау мұстахаб амалдардың бірі. Оған жетудің жолы аяттардағы ескерту, ант сөздері, тозақ, азап туралы терең ойланып жүрекке мұң, қорқыныш ұялату. Сосын өз ісінің, ізгілігінің кемшіндігін есіне алуы керек. Егер жүрегіне мұң ұялата алмаса, еш қорқу сезімін сезінбесе, ол үлкен бейғамдықтың, қаперсіздіктің белгісі» [4].

    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

    1. Necmeddin ŞEKER. Hadislerin Anlaşılmasında Tarihî Bağlamın Rolü. Хадистерді түсінуде Тарихтың рөлі.
    2. Ибн Баттал, Шархул Жамиу Сахихі, б. 186.
    3. Имам Нәуәуи, Тахзибу Нуфуз фи Тартибу дурус
    4. Хужжетул Ислам, Әбу Хамид Мұхаммад бин Мұхаммад ат-Туси әлҒазали (505/1111)

    Исатай Бердалиев

    Пікір жазу