Құран Кәрімнің мақсатын білесіз ба?

    202

    Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы тарапынан жіберіліп, пендені бақытқа кенелтетін Құран Кәрімді сүйсіне тыңдау және оқу, онымен етене қарым-қатынас құру арқылы түпкі мән-мағынасы мен мақсаттарын түсініп, жеке тұлға мен қоғамда жүзеге асуы тиіс мұраттарын жетік меңгеру қажет.

    Құранның мақсаттары туралы білу арқылы, маңызды болған мәселелерді зерттеу және оны қоғам пайдасына ұсыну — әрбір дін қызметкерінің міндеті деуге болады.

    «Әл-Манар» тәпсірінің авторы Мұхаммед Рашид Рида (1865-1935) атты ғалым, «Әл-Уахи әл-Мухаммади» атты еңбегінде Құран Кәрімнің он мақсатын санамалап, дәлелдерімен жазып шыққан. Ол еңбегінде негізінен Құран мақсаттарын тәрбие тақырыбы шеңберінде қарастырған [1]. Ал шейх Қардауи Құран Кәрімнің жеті мақсаты туралы айтып өткен [2].

    Құран мен оның ішіндегі сүрелердің мақсаттарын баяндайтын ең жақсы тәпсірлердің бірі Сәйд Құтыбтың «Фи зилал әл-Қуран» [3] тәпсірі. Өз мақсаттары туралы алдымен Құранның өзі баяндап береді. Ол ең алдымен тура жолға бағыттаушы. Құран Кәрімді бір жүйе шеңберінде, толықтай мақсаты мен міндетін түсінген мұсылман — бейбітшіл әрі тату өмір сүрудің бастаушысы болады.

    Бұл жайында Құран Кәрімде: «Уа, Кітап иелері! Сендерге өздеріңнің Кітаптан жасырып келгендеріңнің көбісін айқындап беретін, көбісін елемейтін елшіміз келді. Сендерге Алла тарапынан нұр мен айқын Кітап келді. Алла ол арқылы Өзінің разылығын ергендерді бейбітшілік жолдарына бастайды. Оларды Өзінің қалауымен қараңғылықтан нұрға шығарып, тура жолға салады» [4], — деп айтылады.

    Құран Кәрімнің бірден-бір мақсаты – адамзатты қараңғылық өмірден құтқару, жалқаулықтан, надандықтан, арсыздықтан, арамдықтан, кері тартпа пікірлерден аулақ болуға үндеу, еңбекке баулу, ғылымды шоқпар ету, әдептілікті насихаттау, адалдықты дәріптеу, қоғамда және жекелеген адамдарда пайдалы пікірлер қалыптастыру және т.б.

    Бұл жайында «Ибраһим» сүресінің 1-ші аятында: «Әлиф. Ләм. Ра. Біз бұл Кітапты саған адамдарды Раббыларының қалауымен қараңғылықтардан жарыққа, Құдіретті һәм Мақтаулының жолына шығаруың үшін түсірдік», — деп айтылған.

    Сондай ақ, Құран барша адам баласының бейбіт, тату-тәтті, бақытты өмір сүру үшін де түсірілген.

    Бұл жайында «Таһа» сүресінің 2-ші аятында былай деп айтылады: «Біз саған Құранды бақытсыз болуың үшін түсірмедік».

    Сондай-ақ Құран Кәрім мұсылман болып, адал өмір сүргісі келген, тәкаппарлықтан аулақ, тақуалыққа бет бұрған, надандықты емес, ғылым жолын таңдаған жандардың және Мұхаммед үмметіне лайықты амал жасап жүрген пенделердің даңқын асыру үшін жіберілген.

    Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресінің 10-шы аятында, Алла Тағала былай дейді: «Сендерге ішінде өздерің туралы естелік, ескеру бар Кітап жібердік. Сонда да түсінбейсіңдер ме?».

    «Зухруф» сүресінің 44-ші аятында: «Расында ол саған және сенің қауымыңа бір естелік, ескеру әрі сендер сұралатын боласыңдар».

    Қорыта келе, Раббымыз тарапынан түсірілген қасиетті Құранның жоғарыда айтылып кеткен мақсаттары баршамызды ойландырып, асыл дінімізді барынша түсінуге, жеке және қоғамдық өмірімізді барынша мағыналы етуге септігін тигізеді деген ойдамын.

    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

    [1]  Мұхаммед Рашид Рида, Әл-Уахи әл-Мухаммади, б. 105-205.

    [2] Юсуф Аль-Кардави, Кейфа нәтәъамал маъал-Қуран, б.73-125.

    [3] Сәйд Құтыб, Фи зилал әл-Қуран.

    [4] Мұхаммед Шыңғыс, Ермек Мұхаммедқали, Құран Кәрім сөзбе-сөз мағынасы, «Мәида»,15, 16.

    Исатай Бердалиев

    Пікір жазу