Жер жүзінің мұрагері болған адам баласына Жаратушысы тарапынан Құран кітабы ұсынылды. Құран – ақ пен қара, жақсы мен жаман, ақиқат пен жалғандықтың ара-жігін ажыратқан бірден-бір кітап. Өкінішке орай, хақ ислам діні келген күннен бастап бүгінге дейін оны мансұқтау жолында еңбек еткендер әр кезеңде аз болмаған.

Бүгінде исламның «қылыш діні», «терроризм діні» ретінде көрсетіліп жатуы сол еңбектерінің бір нәтижесі деуге болады. Кейбір ориенталистердің еңбектерінде, «Құранды Мұхаммед жазған», «Құран бір мәселені әр жерде бір қайталайды. Сүрелер мен аяттар арасында өзара бір үндестік жоқ» және «Пайғамбарлар, сахабалар, мәзһаб ғалымдары мен тасаууф ғалымдары да басқалар сияқты адам баласы, пенделер. Олардың еңбері де мұқаддас (қасиетті, қателіксіз) емес» деген сияқты ойларымен Құран мен сүннетті қатардағы бір ғалымның жазған еңбегі ретінде танытып, жоққа шығарғысы келеді. Әрі халық арасында сондай көзқарасты қалыптастыру арқылы күмән ұялатып отыр. Осы жерде исламға тағылған аталмыш жалалар кейбіреудің көңілінде шындық екен деген түсінікпен қалып кетпеуі үшін әрбіріне қысқаша жауап бере кетелік.

1) «Құранды Мұхаммед (с.ғ.с.) жазған ба?» деген сұраққа келер болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) ешуақыт Құранды өзіне тәуелді еткен емес. Қасиетті Құранның: «Оларға (кәпілерге): «Маған Раббымнан уахи арқылы не келсе, соны ғана басшылыққа аламын. Міне, бұл (Құран) – көкірек көздеріңді ашатын, ақиқатты көрулеріңе себепші болатын Раббыларыңнан келген нұр әрі иман етуге ниетті қауым үшін тура жолдың қайнаркөзі һәм ерекше рақым», – деп айт» («Әғраф» сүресі,203-аят), «Алайда аяттарымыз өздеріне анық дәлелдер түрінде оқылғанда, Бізге қауышуды қаламайтын, тіпті оған сенбейтіндер (елшімізге): «Бізге бұдан басқа Құран әкел, не мұны өзгерт», – деп талап қойды. Оларға: «Мен мұны өздігімнен өзгерте алмаймын. Мен өзіме не уахи етілсе, тек соны ғана басшылыққа аламын.

Сондай-ақ (сендерге еріп) Раббыма қарсы келсем, ұлы күннің ауыр азабына ұшыраймын ба деп қорқамын», – деп айт» («Юнус» сүресі, 15-аят) делінеді. Сондай-ақ, ешқандай бір артық-кемдігі, қарама-қайшылығы болмаған Құран толығымен Алланың кәләмі екендігін, ал Мұхаммед (с.ғ.с.) Оны жеткізуші елші ғана болғанын растайды.

2) «Құрандағы сүрелер мен аяттар арасында үндестік жоқ» деген мәселеге келер болсақ, Құранда екі дүние істері бірдей жалпылама толығымен қамтылған, мағынасы терең кітап болғандықтан, бір тақырыптың немесе бір мәселенің түсінікті болуы үшін бірнеше жерде әртүрлі мәселелермен бірге қайталанып келуі ақылға қонымды іс. Кітабын бір мәселе төңірегінде немесе тақырып-тақырыпқа бөліп жазған жазушының еңбегімен Құранды салыстыруға келмейді.

Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Қане, айтыңдаршы, егер Алла сендерді есту, көру қабілетінен айырса, жүректеріңді де «мөрлеп» тастаса, оларды сендерге Алладан басқа қандай құдай қайтарып бере алады?» – деп айт. Көрдің бе, аяттарды, иман ақиқатына қатысты дәлелдерді қалай әр қырынан һәм жан-жақты баяндаудамыз, алайда олар сонда да теріс айналуда» («Әнғам» сүресі, 46-аят), «Міне, осылайша Құран аяттарында айқын көрініс тапқан ақиқаттың дәлелдерін әр қырынан һәм егжей-тегжейлі баяндаймыз. (Нәтижеде кәпірлер): «Сен бұларды біреуден оқып, үйреніп алып бізге айтып берудесің», – деп айтады. Алайда Біз білімділер мен білгісі келетін қауым үшін Құран арқылы бар ақиқатты тарқатып ашық баяндауды қалаймыз» («Әнғам» сүресі, 105-аят) делінеді. Яғни, Құран сүрелері мен аяттарының құрылымы хронологиялық бір реттіліктен тұрмайды. Бұл дегеніміз, сүрелер мен аяттардың арасында ешқандай байланыс жоқ деген мағынаны білдірмейді. Керісінше, күллі жаратылыс әлемдері арасында өзара байланыстың болғаны сияқты Құран аяттарының арасында да мағыналық үндестік, бір тұтастық бар.

3) «Пайғамбарлар, сахабалар, мәзһаб ғалымдары мен тасаууф ғалымдары да басқалар сияқты адам баласы, пенделер. Олардың еңбері де мұқаддас (қасиетті, қателіксіз) емес» деген сияқты күмәнді ойларды алға тарту арқылы діни бағытымыздан, ғылымдағы қыбланамамыздан теріс айналуға жетелейді.

Исдам діні уахидан (Құран, сүннеттен) бастау алса, сол уахи сенімдік, құқықтық және сопылық мектептері арқылы түсіндірілген. Әрі бұл мектептер бірер адамның ғана көзқарасынан тұрмайды. Шуралық (кеңестік) негізде ғасырлар бойы (тізбегі үзілместен) көптеген ғалымдардың жасаған еңбектерінің нәтижесі. Яғни, алдыңғы буын ғалымдардың аят, хадис және т.б. дәлелдер негізінде шығарған үкімдеріне, берген пәтуаларына соңғы ғасырлардың ғалымдары келіскен.

Міне, осы тұрғыдан мәзһабтағы діни мәселелердің үкіміне ижмәғ (ғалымдардың бір ауыздан келісуі) бар. Ижмәғ – Құран, сүннеттен кейінгі қуатты дәлел болып табылады. Сондықтан, мәзһаб ғалымдарының шығарған үкімдеріне күмәнмен қараудың еш қажеті жоқ. Сонымен қатар, әр заманда туындаған жаңа мәселелерге уахи және мәзһаб ғалымдарының пәтуалары негізінде үкім шығарылып, діннің өміршеңдігін алға қарай дамытып, жаңартып отыру дін негіздеріне қайшы келмейді.

Алла Тағала: «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» («Хижр» сүресі, 9-аят) деп, уәде еткен. Алланың дініне әр пайғамбардың кезеңінде де түрлі шабуылдар жасалған.

Мысалы: Мұса пайғамбар қиссасында Перғауын болашақта өзіне қарсылас боларлық баланың туылғанын естіп, бесіктегі нәрестелерді өлтіруге (бір жылғыны өлтіріп, келесі жылғыны аман қалдыруға) бұйрық береді. Алланың қалауымен Мұса (ғ.с.) түрлі себептермен аман қалады және өзін өлтіруге ниеттенген Перғауынның отбасында ержетеді. Кейін ержеткен шағында пайғамбарлық міндет жүктеледі.

Сонымен, Мұса (ғ.с.) Хақ дінді Перғауынға да насихаттайды. Өкінішке орай, Перғауын Хақ дінді қабыл етуі былай тұрсын, Мұса (ғ.с.) мен оған ергендердің көзін құртуға батыл кіріседі.

Алла Тағала Перғаун мен айналасындағылар тәубесіне келер деп (егіндіктерге биіттің қаптауы, қалаларға шегірткелердің толуы, үйлерді құр бақаның басып кетуі, Ніл дәриясының суы қанға айналуы сияқты) бәлекеттер жібереді. Олар ол апаттардан құтылу үшін Мұсаға (ғ.с) дұға етуін өтінеді. Мұса (ғ.с.) әр дұға еткенінде әлгі апаттардың беті қайтып отырды.

Бірақ, зұлым Ферғауын апаттардан құтыла сала қайтадан тоңмойындығына басып Мұса (ғ.с.) мен оның қауымын азаптағанын тоқтатпайды. Соңында оларды ата мекенінен өкшелей қуу барысында Перғауын әскерімен суға кетеді, ал Мұса (ғ.с.) және оның қауымы Алланың қалауымен аман-есен құтылғаны Құранда баян етілген. Яғни, «Аққа – Құдай жақ» дегеніміз осы.

Қорыта айтар болсақ, пайғамбарларын сиқыршыға теңеп, жалғанға шығарған қауымдардың соңы құрдымға кетумен аяқтағанын көреміз. Ислам дініне тырнақтарын батырып, айыпты етіп көрсетуге тырысқан халықтар да сырт көзге жақсы болып көрінгенімен, жан-дүниелері күйзеліске ұшырап, рухани жетімдіктің күнін кешіп жүр десек болады.

Әйткенмен, олар исламға қарсы шабуылдарынан бір нәтиже шығара алмады деуге келмейді. Бүгінде бір бөлім мұсылмандардың пайғамбар сүннетін қажетсінбей, Құран жеткілікті деп жүруі, енді бір бөлім мұсылмандардың мәзһаб ғалымдарын мансұқтауы, яғни, мұсылмандардың осындай түрлі көзқарастарға барып, өзара сан-саққа бөлінуі ислам дініне жасалған шабуылдың жемісі десек артық айтқандық болмас. Сол себепті, Алланың нәсіп еткен Хақ дінін дұрыс түсінуде рухани бағытымыз болған мәзһаб ғалымдарының жолын берік ұстана отырып, сол негізде заманымыздың сұраныстарына жауап бере білуіміз керек.

Самет Оқанұлы
исламтанушы