Құранда жастар туралы айтылған ба?

    0
    535

    Қасиетті Құрандағы («Әнғам» сүресі,152-аят, «Юсуф» сүресі, 22-аят, «Хаж» сүресі, 5-аят, «Қасас» сүресі, 14-аят, «Ғафир» сүресі, 67-аят, «Ахкаф» сүресі, 15-аят) «بَلَغَ أَشُدَّهُ» (Адам баласы есейіп, (тәндік һәм рухани жағынан) кемеліне келген шағы) және т.б. аяттарда адамның есейген, жастық кезеңі туралы баян етілсе, нақты «жас жігіт» мағынасындағы «فَتًى» сөзі 9 жерде келеді [1].

    Бұл жастық мағынасын білдіретін екі терминнен басқа да жастардың өнегелі өмірлері туралы Құранда кеңінен сөз етіледі. Соның бір-екеуін келтіріп өтелік.

    Адам атаның (ғ.с.) ұлдары Әбіл мен Қабылдің оқиғасы: Адам атаның (ғ.с.) тұңғышы Қабылдың өз бауыры Әбілді өлтіріп, «қанды қол» атануынан бастау алған. Адам (ғ.с.) Қабыл мен Әбілдің өз егіздерімен үйленулеріне тыйым салып, керісінше бірі екіншісінің сыңарына некелесуін бұйырды. Қабылдың сыңары Әбілдің сыңарына қарағанда сұлу еді. Қабыл болса, Әбілдің сұлу қызға қосылуын көре алмай, қызғанышы оянды. Соңында әзәзіл Ібілістің азғыруына еріп, ата заңын бұзып, бауыры Әбілді өлтірді [2] .

    Қасиетті Құранның Маида сүресінің 28-аятында Әбіл ағасы Қабылға: «Егер мені өлтіру үшін маған қол жұмсасаң, сені өлтіру үшін мен саған қол жұсамаймын. Шүбәсіз, мен әлемдердің Раббысы Алладан қорқамын» («Мәйда» сүресі, 28-аят) деп қарсылық көрсету мүмкіндігі бола тұра сүйіспеншілік пен зұлымдықтың, адалдық пен арамдықтың шекарасын бұзбау керектігін есіне салып, ағасын жамандықтан қайтару үшін насихаттайды. Құрандағы мәліметтерді талдай келе Әбілдің Алланы танып, Оның бұйрығын бұлжытпай орындағанын көрсек, ал, насихатқа құлақ аспаған Қабыл бауыры Әбілге қол жұмсап, өлтіреді. Міне, бұл адамдар арасында көрініс тапқан алғашқы қанды қақтығыс болды.

    Жас пайғамбар Юсуфтің (ғ.с.) оқиғасы: «Юсуф» сүресінде Юсуфтің (ғ.с.) қиссасын «Қиссалардың ең әдемісі» деп суреттейді. Оған ағаларының қастандық жасап құдыққа тастауы, жол жөнекей құдықтағы оны көріп қалған керуен иелерінің Мысыр патшасы Перғауынға құлдыққа сатып жіберуі, сарайдағы Перғауынның әйелі Юсуфтің (ғ.с.) көркіне құмартып, өзімен зина жасауға мәжбүрлеуі, зина жасау мүмкіндігі бола тұра ар-ождан тазалығын сақтауды бәрінен жоғары бағалаған Юсуфтің (ғ.с.) зынданға тасталуы және кейін зынданнан шығып Мысыр елінің қазынасына жауапты болған кезіндегі халықтың қиындығын даналықпен шеше білгені сөз етіледі.

    Бір адамның балалық шағынан орта жасқа дейінгі өмірі толық әңгіме етілетін Юсуфтің (ғ.с.) қиссасын әрбір жас буын жақсы білуі әрі өмірлік ұстанымы етуі тиіс. Өйткені, бұл қисса бойында күш-қуаты тасып тұрған жастарға нәпсі құмарлығын жеңе отырып, өзін тұлға етіп қалыптастыру жолында мына екі-үш мәселеге көңіл бөлу керектігін үйретеді. Әуелгісі, әрқандай бір қиындыққа сабыр етіп, оны жеңе білу. Екіншісі, зина жасау сияқты күнәлі істі жасау мүмкіндігі бола тұра одан бас тарта білу. Үшіншісі, қоғамдағы қиындықтарды даналықпен шеше білу.

    Қорыта айтар болсақ, Құранда аталмыш қиссалардан басқа да жастық шағын Хақ жолына сарп еткен Ибраһимның (ғ.с.), Мұсаның (ғ.с.), Мәриям анамыздың және «Үңгір иелері» атымен танымал жастардың өмірлері «Ибраһим», «Мәриям» және «Кәһф» сүресі сияқты ұзын сүрелерде кеңінен әңгіме етілгінін көреміз.

    Міне, осындай қиссаларда өмірдің ақ пен қарасын ажырап, дүние-ақыреттік ісімізді реттеудің әдемі үлгісі ұсынылған. Яғни, қасиетті Құран осы тұрғыдан қоғамдағы жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, заман талабына сай интеллектуалды етіп тәрбиелеудің басты қайнаркөзі болып табылады.

    Самет Оқанұлы,

    исламтанушы

    [1] Нажи Кула, Геншлік дөнемінде кімлік ве дін, Анкара-2007, 32 б.

    [2] Әл-бидәя уән-Ниһая ли Ибн Кәсир, 1-том, 143-152 бб.