Құранда адамзатқа қандай анықтама берілген?

    499

    Құран – адамзат туралы сұрақтарға шешім айтып, болмысын жан-жақты ашып көрсеткен бірден-бір кітап.

    Құранда «Адам» деген тақырып өте ауқымды орынға ие. Бір сүренің «Инсан» (адамзат) деген атпен аталуы да жәй болмаса керек. Негізі Құран толығымен есті, ақыл иесі болған адам баласына үн қатқан, сол адам баласы тарапынан орындалуы керек болған Алланың заңдылығы.

    Ал Құранда адам баласының өзі туралы да кең сөз етілуі болса, жаратылу мақсатын ұмытпай, әрдайым рухани жаңарып тұруын ұқтырса керек. Сондай-ақ, мұғжизалы Құрандағы «Адам» туралы сөз етілген аяттардың мәнін адамның терең түсінуі үшін дін ғылымы және биология, психология, антропология сияқты ғылымдарды да меңгеру мәнін тіпті аша түспек. Бұл жерде Құрандағы «Адам» туралы зікір етілген аяттарды жалпылама екі негізде қарастырып, әрбіріне жеке-жеке қысқаша тоқталып көрелік.

    Біріншісі, адамзат жаратылысы. Қасиетті Құранда: «Шынында, Алланың алдында (дүниеге келу тұрғысынан) Исаның мысалы Адамға ұқсайды. Алла оны (яғни, Адам атаны) топырақтан жаратты, содан кейін оған (Исаға рух үрлеп) «Бол!» дегенде бірден бола қалды» («Әл-Ғимран» сүресі, 59-аят), «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (Адам атадан) жаратқан һәм одан жұбын жаратқан, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар» («Ниса» сүресі, 1-аят) делінеді.

    Бұл екі аяттан адамзат жаратылысы сырттай қарағанда, әуелгі Адам атаның топырақтан жаратылып, оның бір бөлігінен жұбайы Хауа ана жаратылған. Адам атаның жаратылуы сияқты Иса пайғамбардың жаратылуы да ер мен әйелдің қатынасынсыз, анасының бойына (рух үрленіп) «Бол!» деген Алланың әмірімен болған.

    Ал өзге адам балалары болса, Адам ата мен Хауа анадан таралған, яғни, әке-шешенің себепкерлігімен жаратылған. Яғни, Алла Тағала адамды ер мен әйелдің қатынасынсыз және ер мен әйелдің қатынасы арқылы екі негізде жаратты деуге болады.

    Ал, адам баласы ананың жатырында дамып, жетілуі және дүниеге келуі, одан кейін өліп, қияметте қайта тірілуі болып жалпы 9 кезеңді бастан кешіреді екен. Ол мына аяттарда ашық баяндалады:

    «Шүбәсіз, 1) Біз адам баласын балшықтың қаймағынан (яғни, әр алуан минералдарға, түрлі органикалық заттарға бай балшықтан) жараттық. 2) Содан кейін оны (ер мен әйелден бөлінетін) бір тамшы шәһуат суы (яғни, ұрық) күйінде берік орынға (ана жатырына) орналастырдық. 3) Содан соң ұрықты жатырға (сүліктей) жабысқан ұйысқан нәрсеге (ұйыған қанға) айналдырдық. 4) Кейін әлгі жабысқақ нәрсені (ұйыған қанды) бір тістем етке ұқсаған шақалаққа (эмбрионға) айналдырдық. 5) Содан кейін әлгі бір шайнам етке ұқсаған денені сүйекке айналдырдық. 6) Сөйтіп ол сүйектерге ет кигіздік. 7) Нәтижеде (оған он екі мүше, ерекше кескін-келбет беріп, рух үрлеп, бойына жан әрі күш-қуат бітіру арқылы) оны мүлдем басқа ерекше жаратылыс етіп шығардық. Ендеше, теңдесі жоқ, ең керемет жаратушы болған Алла қандай ұлы десеңші! Міне, содан соң, сендер осы айтылғандардың бәрінен кейін, 8) әлбетте, өлесіңдер. Одан кейін еш күмәнсіз, 9) қиямет күні қайтадан тірілтілесіңдер» («Мүминун» сүресі, 12-16 аяттар).

    Нью-Йорк штатындағы Корнелл университеті наноғылым факультетінің биоинженерлері «Саз – жердегі тіршіліктің қайнар көзі болған», — деген ғылыми тұжырымға келген. Бұл теория көптеген мәдениеттерде мыңдаған жылдар бұрын пайда болған, алайда ғылыми дәлелдерге негізделмеген еді. Барлық илаһи кітаптарда Ұлы Жаратушы алғашқы адамды балшықтан жасап, оған өмір нәрін беріп, рухын үрлегені жайында баян етілген. Тіпті Кітапта адамның топырақтан жаратылғандығын және өлгенде топыраққа айналатынын айтады [1]. Яғни, ғалымдар бұл зерттеулері мен тұжырымдары негізінде Құранның ақиқатын тағы да дәлелдеді.

    Аталмыш аятта зікір етілген адамның эмбриологиялық даму кезеңі бүгінде ғылыми жетістіктің арқасында дәлелденіп отыр дедік. Америкалық эмбриолог Роб Гиллхам Құран аяттарымен толық танысып шыққан соң ислам дінін қабылдағанын да айта кеткен жөн. Ал, құйымшақ – адам бойындағы еш шірімейтін жалғыз ғана мүше, бөлшегі болып табылады. Құймышаққа зерттеу жүргізген қытайлық ғалымдар, оны қуатты радиоактивті сәуленің астында ұстап, сосын күшті химиялық қышқылдарға салған. Нәтижеде адамның бұл сүйегін түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес деген қорытындыға келген. Ағылшын микробиолог-ғалымдарының да тәжірибелері осыны көрсеткен. Олар адам мәйітін 6000 градустық отта да өрттеп көрген, -286 градус суықтықта да ұстап көрген. Алайда бәрі-бір құйымшақтағы тіршіліктің белгілерін жою мүмкін емес болған. Демек, бұл зерттеулер де құйымшақтың шірімеуін ғылыми түрде дәлелдеп отыр[2]. Бұл да аятта зікір етілгендей, адам баласының қиямет күні қайта тірілуі хақтығын растайды.

    Екіншісі, адам баласының сипаттары. Құран Кәрімде адам баласының бойындағы жақсы қасиеттері мен кемшіліктері туралы айтылған аяттар өте көп. Жақсы қасиеттеріне имандылық, бауырмалдық, адалдық, мейірімділік және т.б. жатады. Бұл жақсы қасиеттердің жиынтығы ретінде күллі жаратылысқа билігін жүргізіп, адамдар арасында тепе-теңдік орнатуын айтуға болады. Бұл ізгі қасиеттерге тоқталудан бұрын әуелі Құранда баса мән берілген адамның кейбір әлсіз, осал тұстарына тоқтала кетуді жөн көрдік. Себебі, адам әуелі өзінің кемшіліктерін түзетіп, «толық адам» болмайынша, өзгені бақытты етуі, жер бетінде ізгілік қалыптастыруы да қиын.

    Қасиетті Құранда: «(Міне, сондай залым) адамды нығметке (атақ-мансап, байлыққа) бөлейтін болсақ, (Алладан) сырт айналып, (дінге көмек көрсеткісі келмей) қашқақтайды да тұрады. Ал басына қандай да бір жамандық келсе, бірден үмітсіздікке салынады…» («Исра» сүресі, 83-аят), «Ақиқатында адам баласы өте күпірлік қылушы (жақсылықты түсінбейді)» («Хаж» сүресі, 66-аят), «Расында, адам баласы тым алып-ұшпа (сабырсыз)!» («Исра» сүресі, 11-аят) және «Алайда адам баласы (ақиқатқа бөгет жасайтын) талас-тартысқа тым әуес» («Каһф» сүресі, 54-аят) делінеді.

    Адам бойындағы аталмыш жаман қылықтар, яғни, адам қолы атақ-мансапқа, байлыққа жете қалса, Жаратушы Иесін ұмыту, айналасындағы әлсіздерге өктемдігін жүргізу, ашкөздік және болмашы нәрсеге керкілдесіп, ұрсысуға дайын тұру сияқты тұстары қоғамда көп кездеседі. Өзге аяттарда да адам бойындағы басқа да жаман жақтары туралы ескертулерді кезіктіруге болады. Алайда келтірілген аяттардағы ескертулер ақиқаттың бүркемеленіп, берекесіздіктің арта түсуінің басты себептері ретінде әрі адам баласының бойындағы негізгі жаман  сипаттары десек артық айтқандық болмас.

    Қорыта айтар болсақ, Алла Тағала адам баласын күллі жаратылыстан асқақ, абзал қылып жаратқан. Немесе өзге жаратылыстың барлығын адамзаттың бақытты да, баяшатты өмір сүруі үшін игілігіне ұсынған. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Біз, расында адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық» («Исра» сүресі, 70-аят) делінеді+. Міне, осы тұрғыдан Құрандағы: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят» деген аяттағы адамның сұлулығын тек дене-бітімімен өлшемей, оның ақыл-парасаты, жан-дүниесінің тереңдігі, Жаратушы мен жаратылысқа деген сүйіспеншілігінің шексіздігі, жер бетінің мұрагері мәртебесіне лайық болуы сияқты негіздері аясында түсіну «Адамзат» ұғымын және жаратылу мақсатын аша түспек.

    Самет Оқанұлы
    исламтанушы
     

    [1]https://jasqazaq.kz/2018/02/12/galymdar-adamnyn-topyrakhtan-zharalganyn-daleldedi/

    [2]https://alashainasy.kz/din_islam/adam-kalay-jaratyilgan-olgennen-son-kayta-trlemz-be-63283/

    Пікір жазу