Құрандағы «соғыс» туралы аяттарды қалай түсінуге болады?

    0
    390

    Сұрақ: Құрандағы

    Жауап: Ислам сөзінің түп-тамыры «салима» етістігінен, яғни, амандық, тыныштық деген мағыналарды білдіреді. Ислам – адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін ең соңғы Иләһи дін. Өкінішке орай, бүгінде ислам дініндегі негізгі ұғымдар бұрмаланып түсіндірілуінің кері әсерін тигізіп жүргені ақиқат. Соның бірі – Құрандағы соғыс туралы аяттар. Бұл аяттардың тұшымды түйінін танымал тәпсір ғалымынан қарастырып көрейік.

    Имам Әбу Бәкір әл-Жассас «Бақара» сүресінің 190-191 аяттарын былай түсіндіреді: «Ғұламалар, исламда һижреттен бұрын соғысуға тыйым салынғанына Құрандағы:

    «Сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің. Алайда, ондай кемелдікке (қиындықтарға мойымай, нәпсі мен әзәзіл шайтанның уәсуәсіна қарсы тұруда һәм Аллаға қалтқысыз мойынсұну мәселесінде) сабырлылық таныта білетіндер жақсылықтан нәсібі мол болған жандар» («Фуссилат» сүресі, 34-35 аят),

    «Оларды кешір, (теріс қылықтарын) көңіліңе алма» («Мәйда» сүресі, 13-аят),

    «Алла жолында күресу керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда» («Нахыл» сүресі, 125-аят),

    «Егер олар сырт айналса, онда сенің міндетің – ақиқатты айтып жеткізу ғана» («Әл-Ғимран» сүресі, 20-аят),

    «Жөн білместер дөрекілікпен тіл қатқанда, оларға: «Аман болыңдар!» – дейді» («Фурқан» сүресі, 63-аят) делінген аяттарға сүйене отырып, бір ауыздан келіскен.

    Әрі Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Мен кешірімді болуға бұйырылдым. Бір қауыммен соғысушы болмаңдар» деп, Меккеде он үш жыл бойы сахабаларын соғыстан қайтарып келді. Мәдинаға һижрет еткеннен кейін соғысуға рұқсат етілген еді.

    Ал енді, сәләф ғалымдар арасында алғаш соғыс туралы қайсы аяттың түскендігіне қатысты ихтилаф бар. Сондай-ақ, Рабиғ ибн Әнас және басқалары, «Өздеріңе қарсы соғыс ашқандармен Алла жолында соғысыңдар, бірақ шектен шықпаңдар» («Бақара» сүресі, 190-аят) аяты түсті десе, Әбу Бәкір әс-Сыддиқ, Зуһри, Сағид ибн Жәбир қатарлы ғалымдар, «Жәбір көрген мүміндерге өздеріне қарсы соғыс ашқан кәпірлерге қарсы тұруға рұқсат етілді» («Хаж» сүресі, 39-аят) аяты түсті дейді (Әр екі аяттағы соғысуға рұқсаттың берілуі қорғану, тіршілікті сақтап қалу тұрғысынан болғанын көреміз. О.С.).

    Мұхаммад ибн Жағфар ибн әз-Зубайр: «Әбу Бәкір (р.а.) соғыс ашқандармен соғысыңдар. Алайда, өздеріңмен соғыспаған раһибтерді (өзге дін адамдарын) өлтірмеңдер. Өйткені, Алла Тағала: «Өздеріңе қарсы соғыс ашқандармен Алла жолында соғысыңдар, бірақ шектен шықпаңдар» («Бақара» сүресі, 190-аят), — деді» деп әмір еткенін жеткізеді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) қару көтеріп шықпаған бейуаз өзге дін адамдарын, қарттарды және әйелдер мен балаларды өлтіруге тыйым салғаны жайлы риуаяттар көп. Аяттан да осы үкім шығады» дей келе, «Бақара» сүресінің келесі 191-аятын: «Өздеріңе қарсы соғыс ашқандарды (соғыс жағдайында) қай жерде ұстап алсаңдар, өлтіріңдер» деген сөзі: «Соғыс майданындағы өзіңе қарсы соғысып жүргендерді білдіреді. Соғыс майданында да бейуаз әйел-балаларды және дін адамдарын өлтіруге тыйым салынғандығы жайлы ешқандай талас жоқ»[1] деген.

    Демек, соғыс – өзге елдермен дипломатиялық бейбіт келісім жолдары нәтиже бермей, отанға қауып төнген кезде ғана мемлекет басшысының бұйрығымен іске асатын іс.

    Соғысуға қатысты Құрандағы аяттар қоғану қажеттілігі кезінде түскен. Аяттың түсу себептеріне үңілместен, мына аятта «мүшріктерді, кәпірлерді өлтір деп әмір етіліп тұр» деп, аттанға салу, белгілі ахуалдық жағдайға қатысты аятты діннің негізі ретінде түсіндіру дұрыс емес. Жоғарыдағы «Өзара бітімгерлік, кешірімділік және төзімділік» сияқты діннің негізін құрайтын жүздеген аяттарға көңіл аудармастан, бірлі-жарым ахуалдық аятпен дінді өлшеу дінге жасалған үлкен қиянат болып табылады.

    Өкінішке орай, бүгінде радикалды топтар діни түсінігі таяз бір бөлім адамдарға аталмыш ахуалдық бірер аяттарды діннің негізі ретінде көрсетіп, саналарына сіңіру арқылы саяси мақсаттарын іске асырып отыр. Яғни, әлемде жазықсыз халықтың қырылуы, түп мақсаты бейбітшіліктен тұратын ислам дініне көп адамдардың қан төгіс діні ретінде қарауына басты себебі осы деуге болады.

    [1] Имам Хужжатул-Ислам Әбу Бәкір әл-Жассас, Әхкамул-Құран, 1-том, 311-313 бб.