Қырық қасиеті бар дұға

    936

    Бұл дұғаны періштелер үнемі айтады. Ал бес уақыт намаз оқитындар осы дұғаны әр құлшылығында кем дегенде екі рет оқиды. Бұл – пайғамбарымызға арналған салауат. Салауат – дұға дегенді білдіреді.

    Сахаба Убай бин Кағб (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Мен сізге көп салауат айтамын, дұғамда қанша салауат айтайын?,-деп сұрайды.

    -Қалауың білсін,-дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

    -Дұғамның төрттен бірін салауат етейін бе?

    -Қалауың білсін, егер арттырсаң, саған жақсы.

    -Жартысын?

    — Қалауың білсін, егер арттыра түссең қайырлы болмақ.

    -Үштен екісін?

    -Қалауың білсін, егер арттыра түссең саған қайырлы.

    -Дұғамның барлығын салауат етейін бе?

    -Олай болса, уайым-қайғыңа жеткілікті әрі күнәң кешіріледі,-деді[1].

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салауат айту дүниелік тұрмыс-тіршілікті және ақыреттік қиыншылықты сейілтетін дұға екенін білдіруде.

    Құран Кәрімде: «Ақиқатында, Алла Тағала және періштелер пайғамбарға салауат етеді. Уа, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен амандық тілеңдер[2]»,-деген аят бар. Ибн Касир: «Хақ Тағаланың салауаты – пайғамбарының мәртебесін пенделерге және періштелеріне білдіру. Періштелер салауаты – дұға етіп, жарылқау тілеу»,-дейді. Әнас (р.а.) риуаятында: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он мейірімділігін беріп, он қате-күнәсін кетіреді[3]»,-делінген.

    Сонымен қатар, хадисте:  «Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтпайынша, әрбір дұға тосылып тұрады[4]»,-делінген. Ал енді салауаттың қырық қасиетіне келсек. Құран және хадис негізінде, салауат айту адамға қырық пайдасы бар. Олар:

    1.Салауат айту – Алла Тағаланың әмірі;

    2.Хақ Тағала пайғамбарына салауат етеді. Жаратушының салауаты – пайғамбарын періштелеріне мақтауы;

    3.Салауат айту – періштелердің тұрақты дұғасы. Сіз де осы дұғаны жасаңыз;

    4.Адамнан пайғамбарға бір салауат – Алла Тағаладан пендеге он жарылқау;

    5.Бір салауат мұсылманды он дәрежеге көтереді;

    6.Бір салауатқа он сауап жазылады;

    7.Бір салауат он күнәні жояды;

    8.Дұғадан алдын салауат айту тілектің қабыл болуына себеп;

    9.Салауат – пайғамбар шапағатына себеп;

    10.Салауат – күнәлардың кешірілуіне себеп;

    11.Салауат уайым-қайғының кетуіне, мәселенің шешілуіне себеп;

    12.Тұрақты салауат айту қиямет күні пайғамбарға жақын тұруға себеп;

    13.Салауат кедейдің берген садақасы орнына жүреді;

    14.Салауат қиыншылықтың жеңілдеп, мәселенің шешілуіне себеп;

    15.Салауат айтушыға Алла Тағала мейірімін төгеді, періштелер дұға етеді;

    16.Салауат адамның жанын тазартады;

    17.Тұрақты салауат айту жәннатқа жақындата түседі;

    18.Салауат қиямет қорқынышынан қорған;

    19.Тұрақты салауат және сәлем етушіге пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәлеміне жауап береді;

    20.Салауат адамның ұмытқанын есіне түсіруге себеп;

    21.Салауат отырысты құтты етеді;

    22.Салауат кедейліктен құтқарады;

    23.Салауат айтып жүру сараңдық атынан сақтайды;

    24.Салауат адамды жамандықтан қорғайды;

    25.Салауат иесін жәннат жолына салады;

    26.Салауат Алла атымен бастау ұмытылған мәжілісті берекетті етеді;

    27.Салауат – Алла Тағалаға мақтау айтылған жердегі тәмамдаушы сөз;

    28.Салауат – қыл көпірге адамға нұр;

    29.Салауат – жаман мінез-құлықтан құтқарады;

    30.Салауат – Жаратушының пендені ұдайы жарылқауына себеп;

    31.Салауат – адамның өміріне, іс-әрекетіне және құлшылығына берекет;

    32.Салауат – Алла Тағаланың мейіріміне бөленуге себеп;

    33.Салауат – пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктің белгісі;

    34.Салауат – пайғамбардың пендеге деген сүйіспеншілігіне себеп;

    35.Тұрақты салауат – адамның тура жолда жүруіне, иманының қуаттануына себеп;

    36.Салауат айтушының есімі мен әкесінің есімі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеткізіледі;

    37.Салауат – қыл көпірде аяқта нық тұруға себеп;

    38.Салауат – пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғысымыздың шағын түрі;

    39.Салауат – Алла Тағалаға шүкіршілік етудің бір түрі;

    40.Салауат – дұға. Салауат айтумен Хақ Тағаладан бар тілекті тілейміз;

    Жалпы, салауат тәуліктің кез келген уақытында айтылатын дұға, жұма күні көбірек айту кеңес етіледі. Салауат адамның басына түскен қиыншылықтан құтқаратын қырық қасиеті бар дұға. Бұл дұғаның көптеген түрі бар. Оның ең қысқасы: «Аллаһуммә солли уә сәллим уә бәәрик алейһи». Мағынасы: «Уа, Алла! Пайғамбарға игілігің мен сәлемін және берекетің болсын!».

    Руслан ҚАМБАР

    [1] Ахмад, Ибн Әбу Шайба, Тирмизи

    [2] Ахзаб сүресі, 56-аят

    [3] Ахмад

    [4] Дайләми

    Пікір жазу