Қызылордада «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

    122

    14 қаңтар. KAZISLAM – Қызылорда қаласындағы «Жұмыспен қамту орталығы» жаңа ғимаратқа көшті. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімі хабарлады, деп жазады Egemen Qazaqstan.

    Орталық бұған дейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімімен бір ғимаратта жұмыс істеп келген еді. Жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) құжат қабылдауға орай бұл мекемелер арқылы қызмет алушылардың саны бірнеше есеге ұлғайып, ғимараттың тарлығы сезіле бастаған болатын.

    Осыған байланысты көп балалы аналардың сұранысын қанағаттандыру, келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен Жұмыспен қамту орталығы жалпы аумағы 750 шаршы метр болатын ғимаратқа көшірілді.

    «Бақытты отбасы» атауымен «OPEN SPACE» форматында өз жұмысын бастаған бұл орталықта қызмет алушыларға барлық жағдайлар жасалған, 150 адамға арналған күту залы, балаларға арналған ойын бұрышы бар.

    Орталықта жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлік бастамалар мен кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржылар қарастыру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылады. Алдағы уақытта орталықтан заңгер мен психолог маман кеңес беретін орын, Аналар бөлмесін ашу жоспарлануда.

    Жалпы жыл басынан қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 700-ден астам өтінім қабылдаса, «Жастар тәжірибесі» арқылы  125 жасқа, әлеуметтік жұмыспен қамту арқылы  80 адамға, 450 азаматқа қоғамдық жұмысқа және 250-ден астам қала тұрғынына тұрақты жұмыс орындарына жолдама берген.

    Пікір жазу