Ерте заманда бір ауылда тақуа мұсылман өмір сүреді. Оның ауылдастарының көпшілігі пұтқа табынатын еді. Пұтқа табынушылар сол ауылдың төңірегіндегі көне бір ағаштың саясында жылдың белгілі-бір мерзімінде мәжіліс өткізетін.

Жиынның соңында көне дарақты қасиетті санап, оған сыйынатын. Пұтқа табынушылардың бұл ерсі қылығына тақуа мұсылман қатты ашуланатын. Оларға жағы жар, тілі кез болып қаншама рет уағыз-насихат жасаса да, пұтқа табынушылар «қасиетті дараққа» сыйынуын тоқтатпайды.

Төзімі таусылған тақуа мұсылманның күндердің күні қиялына: «Бұл көне ағашты шауып тастасам, пұтқа табынушылар оған сыйына алмайды. Әрі ағашты бұтап, отын ғып сатып, кәдеме жаратайын» деген ой келеді.

Айбалтасын қайрап, айлы түні көне дарақты балталауға бет алады. Жолшыбай қарсы алдынан бір адам шығып, қайда бара жатқанын сұрайды. Әдепкіде, тақуа мұсылман ләм-лим деп жауап қатпайды. Алдын бөгеген адам:

– Ең болмаса, ниетің түзу ме, соны түсіндір? – дейді.

Тақуа мұсылман:

– Бір Аллаға серік қосуға себепкер болған көне ағашты балталауға бет алдым, – деп имандай шынын айтады.

Әлгі кісі әртүрлі сылтаулар айтып, көне ағашты шаппауын сұрайды. Оның салған қолқасы тақуа мұсылманның одан бетер зығырданын қайнатады. Екеуі шекісіп, соңы төбелеске ұласады. Тақуа мұсылман әлгіні жерге атып ұрып, айбалтасын тамағына тақайды. Сонда, ол:

– Мені өлтіре көр ме? Ағашты да балтала ма? Ол үшін саған әр күні біл алтын ділдәдан беріп отырамын. Сен есесіне не ішемін, не жемеймін деп қағанағын қарқ, сағанағын сарқ өмір сүресің, – дейді.

Сол сәтте тақуа мұсылманның ындыны бұзылып, «қасиетті ағашты» балталаудан бас тартады. Пенделігі ұстап, әлгі адаммен ымыраласады.

Сөйтіп, әр күні бір алтын ділдаға кенелген тақуа мұсылман балшекер ғұмыр кеше бастайды. Алайда, күндердің күнінде уәделескен алтын ділдә ізім-ғайым жоғалады. Ашуы кернеген тақуа мұсылман қайтадан айбалтасын қолына алып, «қасиетті дарақты» шабуға жолға шығады. Тағы да бұрын алдын бөгеген әлгі кісі қарсы алдынан кезігеді.

– Әу досым, қайда бет алдың?

– Сен уәдеңнен тайдың, енді мені ұстап тұра алмайсың. Жолымнан былай тұр. Мен «қасиетті ағашты» балталаймын.

Мұны естіп әлгі кісі қарқылдап келіп күле бастайды. Оның әжуалы күлкісіне ызасы келген тақуа мұсылман оған тап береді. Екеуі жаға ұстасып, алыса кеткенінде, тақуа мұсылман жығылып, астына түседі.

Әлгі кісі тақуа мұсылманның үстіне шығып алып:

– Неге менен осы жолы жеңілгеніңді айтайын ба? Негізі мен Ібіліспін. Мен адамдарды арбап, Аллаға емес, түкке тұрғысыз кәрі ағашқа табындырған едім. Сен сол дарақты алғашқы балталауға келгенде, мен сенен жеңіліс таптым. Себебі, сен Хақтың разылығы үшін жолға шыққан едің. Алайда, сен алтын ділдаға алданып, орта жолдан кері шегіндің. Осы жолы сен Алланың разылығы үшін емес, қу құлқынның қамы үшін тақымыңнан айбалтаңды суырдың. «Алла» деп аттанғанында менің саған шамам келмеді. Ал, алтын ділдә үшін айбарланғаның да, дымың құрыды. Өйткені, Жаббар Хақ саған жар болмады. Ар-иманыңды алтынға айырбастағандықтан, мінеки қор болып, менің астымда жатырсың, – дейді.

Түйін: Бүгінде Хақтың разылығы деген зүбәражат ойдың емес, жебір ойдың жетегіне еріп, мекерленгендіктен мұсылман қауымы мешеу күйге түсіп отыр. Ындынымыз бұзылғандықтан, мәртудің (ібіліс) мысы басуда.

Ізгі ниеттер атқақтар ақжүректі пендешіліктің мүгі басып, көңіл айдыны  мүлде қарайған. Иә, біз татаусыз ақ-пейілге ие болғанымызда ғана Жаббар Хақтың жарылқайтынын ұмыт қалдырдық. Кіршіксіз ізгі ниеттер ғұмырымыздың күре тамыры һәм даңғыл жолына айналмайынша, ыдырағанымыз ыдыраған, құлдырағанымыз құлдыраған. Олай болса, еңсемізді тіктеп, іргелі елге айналуымыз үшін Алла Тағала көкірек көзімізді ашып, иман байлығын берсін деп тілейміз!

Мұхан ИСАХАН