Қияметте құл ақысы кешіріле ме?

    1470

    Дінді түсінбей жүрген кездерімізде біреудің ақшасын немесе бір затын алып қайтармаған кездеріміз болды. Енді сол адамдардың ақысын қайтарайық десек кімдер екенін ұмытып қалғанбыз. Біреудің ақысын қияметке арқалап кетудің сұрағы ауыр болатынын естіп жатамыз. Дінде осының шешімі қалай болады? деген сұрақтар қойылып жатады. Енді, осыған жауап іздеп көрелік.

    Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ант етемін, қиямет күні бүкіл ақылар міндетті түрде иесіне қайтарылады. Тіпті, мүйізсіз бір қой үшін мүйізді бір қойдан қысас жасалып, өш алынады» (Мүслим, 2582-хадис) деп, біреудің ақысын жеу ауыр күнә екенін ескертеді.

    Сондықтан, біреуді жазықсыз ұру, ренжіту, ғайбаттау, қаржылай қарыз немесе бір затын алып бермей кету аманатқа қиянат жасаған болып саналады.

    Ол адамның ақысы материалдық зат болса қайтарып берумен, ал ақысы моральдық жағынан болса кешірім сұраумен, яғни, қандайда бір жолмен болса да дүниеде кешірімін алу шарт.

    Ал, біреуге моральдық немесе материалдық жағынан зиян келтіріп, оны ұмытып қалған жағдайда Алла Тағалаға шынайы жалынып, кешірім тілеу қажет. Мейірімі шексіз Алла Тағала дәрменсіз құлын рахметінен тысқары қалдырмайды.

    Бірде  Алла елшісі (с.ғ.с.) : «(қияметте) Ұлы Раббымның алдында үмметімнен екі кісі есеп айырысады. Бірі: «Уа, Раббым! Кеткен ақымды алып бер», — дейді.

    — Алла Тағала екіншісіне: «Бұл бауырыңның ақысын бер», — деп әмір береді.

    — Екіншісі: «Уа, Раббым! Сауабым тауысылды», — деп қарызын қайтаруға дәрменсіздігін айтады.

    — Сонда Алла Тағала ақысын сұрап тұрғанға: «Бауырыңның сауапты ісі қалмапты. Енді қайтесің», — дейді.

    — Ақысы кеткен адам: «Онда менің күнәларымнан алсын», — дейді.

    Міне, осыдан кейін рахым пайғамбарының (с.ғ.с.) жанарынан жастар моншақтап: «Ақиқатында сол ауыр күні қиналған адамдар күнәсін арқалатып жіберуді қалайды» деді. Әрі қарай сөзін жалғап, Алла Тағала ақысы кеткен адамға: «Жанарыңды жоғары көтер. Жәннәтқа қара», — дейді.

    — Ол кісі: «Уа, Раббым! Жәннәттан алтынмен апталып, күміспен қапталған, гауһар тастармен безендірілген сарайлар көріп тұрмын. Бұлар қандай пайғамбарларға, қандай сыддықтар мен шәһидтерге әзірленген», — дейді.

    — Алла Тағала: «Бұл осы сарайдың ақысын төлеген адамдікі», — деп жауап қатады.

    — Ол кісі: «Уа, Раббым! Кім оның ақысын төлей алмақ», — дейді.

    — Сол кезде Алла Тағала: «Оның ақысын сен төлей аласың», — дейді.

    — Ол кісі: «Уа, Раббым! Мен оның ақысын қалай өтей алмақпын», — деп үмітсіздене сұрайды.

    — Сонда Алла Тағала: «Оның ақысы мұсылман бауырыңды кешіруің», — дейді.

    — Әлгі кісі (қуаныштан): «Уа, Раббым! Онда мен ол кісінің бүкіл ақысын кешірдім», — дейді.

    Сол кезде Алла Тағала: «Бауырыңның қолынан ұстап жәннәтқа бірге кіріңдер», — дейді».

    Алла елшісі (с.ғ.с): «Алладан қорқыңдар, өз араларыңда жарасып (кешірісіп) алыңдар. Расында Алла Тағала қиямет күні мүміндердің арасын жарастырады» (Ихияү ғұлумуддин Имам Ғазали, 1-том, 653-бет.) деп ұмыту үзірлігі себепті қайтарылмаған ақының Алла Тағаланың араласуымен қияметте кешірім табатынын айтады.

    Қорыта айтар болсақ, бұл риуаяттан біле тұра біреудің ақысын жеп кете беруге болады деген мағына шықпайды. Керісінше, бұл дүниеде өзгелердің моральдық және материалдық ақысын жемей таза өмір сүрген адамға Алланың кеңшілігі болмақ. Яғни, адам ислам құндылықтарын әлі түсінбеген кезінде біреулердің моральдық яки материалдық ақысын жегенін біледі, бірақ кім екенін білмейді немесе діни білімі бар, бірақ білместікпен біреудің ақысы мойнымда кеткен болар деп, Алла Тағалаға шынайы тәубе етіп, жалбарынса Алланың қалауымен кешірімге қауышпақ.

    Самет Оқанұлы,

    исламтанушы