Қас жұлдыру күнә ма?

    586

    Сұрақ: Қас жұлдыру күнә ма?

    Жауап: Жаббар Хақ адам баласын ең көркем бейнеде жаратқан. Адамның иләһи болмысы – әсем бейнеленген. Бұл жөнінде Алла Тағала Құран кәрімде: «Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық» (Тин, 4), «Ол сендерді бейнелегенде көркем бейнелеген» (Табағұн, 3), «Ол сондай Алла, әр нәрсенің жаратылысын көркем етті» (Сәжде, 7) деп бұйырады.

    Яғни, адамның табиғи болмысына жететін сұлу ештеңе жоқ. Адам баласы өзінің жаратылған бейнесі үшін Аллаға шүкіршілік жасауы керек. Осы себептен де шариғат бойынша адамның туабітті болмысын өзгертуге рұқсат етілмейді.

    Қас жұлдыру мәселесіне келер болсақ, әу баста шариғатта еркек және әйелге қас жұлдыруға рұқсат етілмеген. Бұл жөнінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жасанды шаш жасатып кигендер, оны кигендер, қастарын жұлдырғандар, жұлдыртқандар, денесіне сурет салғандар, салдырғандарға Алланың лағынеті жауады» (Кутуби-Ситтә, Хадис №5155) деп қатаң ескерткен. Дегенмен, еркек адамның бетіндегі түгін, ебедейсіз өскен мұртын, қастарындағы артық қылдарын алуына тыйым салынбаған. Егер, қасты түгел алып тастаса, ол күнә болып саналады.

    Ал, әйел адамға күйеуі рұқсат берсе, шариғат мақұлдаған шеңберде қастарын жіңішкертуіне болады. Яғни, шариғатта әйел адам күйеуіне сұлу болып көріну үшін, оның рұқсатымен қас жұлғызуына рұқсат етіледі (Фәтәуа-Хиндийа).

    Бірақ, әйел адамның бөтен еркектерге көрікті болып көріну үшін қасын жұлдыртуын шариғат құптамайды. Фақиһ ғалымдар олай етсе, ол әйел күнә арқалайды деп есептейді.

    Жалпы, шариғат мұсылман баласының өзінің табиғи бейнесін өзгертпегенін абзал санайды.

    Мұхан ИСАХАН

    Пікір жазу