«Қасым ханның қасқа жолы» – Қазақтың алғашқы конституциясы

    640

    Қасым хан 1511-1518 жылдары аралығында Қазақ елінің билеушісі болды. Оның билігінің құдіреттілігін сөз етер болсақ, Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуына қарағанда Қасым хан кезінде хандықтың құрамында бір миллионнан астам халық болған (Тарихи-Рашиди, 327 б).

    Фазлаллаһ ибн Рузбехан келтірген деректе Бұрындық хан (1480-1511) мен Қасым хан тұсында қазақтар ұрыс майданына төрт жүз мың әскерге дейін шығара алған (Михман-наме-йи Бухара, 92-97 бб). Бұл сол дәуірдің шарттарымен алып қарағанда, үлкен жетістік еді.

    Керей мен Жәнібек кезінде Қазақ хандығы Жетісу жеріндегі Шу мен Қаратал өзендері бойында құрылып, біртіндеп оңтүстікке қарай ойыса бастаса, Бұрындық хан тұсында шайбанилерден (көшпелі өзбектер) Созақ, Түркістан, Сығанақ қалаларын тартып алып, мемлекеттің іргесін біршама кеңейтті.

    Ал, Қасым хан билікті қолған алған шақта, қазіргі Қазақстан территориясының көп бөлігі хандық құрамына өтті. Түскейдегі Сыр бойы қалаларының басым бөлігі мен Еділ-Жайық бойы, ондағы Сарайшық қаласы Қазақ хандығының құрамына енді. Тіпті, «Тарихи-Рашидиде» Қасым ханның астанасы Сібірдегі Ұбайра-Сұбайра (Тюмень) болғандығы айтылады.

    Қасым ханның әскери қосыны Сайрам қаласын басып алып, Ташкент төңірегіне шабуылдар ұйымдастырды. Үздіксіз әскери жорықтарымен Орталық Азиядағы басты бәсекелесі Шайбанилерге ұдайы қауіп төндіріп, оларды Дешті-Қыпшақтан ығыстырды. Бірақ, Мәураннахр билігін қолына алған Шайбанилермен кейде қастасса, кейде достық қарым қатынаста болды. Мысалы, шиға сеніміндегі Савефилерге қарсы Шайбанилер мен Қазақ хандығы арасында одақтастық құрылды. Атап айтар болсақ, Шайбани билеушісі Ұбайдулла хан Қасым ханның қызына үйленді. Шайбани ордасында ол «Қазақ ханымы» деп аталды. Қасым ханның ағасы Әдік сұлтан да Шайбани сұлтаны Күшкіншіге «Аман бике» атты қызын ұзатады. Осылайша, құда-жегжат болуы арқылы Қазақ хандығы мен Шайбанилер арасында дипломатиялық қатынас орнады.

    Қасым хан тұсында Мәскеу мемлекетімен тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, ол княз ІІІ Василиймен байланыста болды. Сондай-ақ, Моғолстан билеушісі Сұтан Сайд ханмен де сыртқы жауларға (шайбанилер) қарсы одақтастық орнатты. Ноғай билерін Еділ өзеніне қарай ығыстырып, Сарайшық қаласын иемденді. Қасым хан тұсында өмір сүрген Австриялық дипломат Сигизмунд фонд Герберштейн қазақтар туралы жазба қалдырды. Осы кезде оның атақ-даңқы Еуропаға дейін таралды.

    Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының алғашқы құқықтық құжаты – «Қасқа жол» заңы қабылданды. Қасым ханға дейін Керей (1465-1469) мен Жәнібек (1469-1480) және Бұрындық (1480-1511) хандар тұсында қазақ халқы мемлекет басқару мен қоғамдық қатынастарды реттеуде Шыңғысханның «Ұлы Яса» заңын басшылыққа алды деп айтуымызға болады. Себебі, Қазақ хандығы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ұлысы – Алтын Орда, оның құрамындағы Ақ Орданың заңды мирасқоры әрі жалғасы еді.

    Алтын Орда билеушісі Берке хан (1259-1266) кезінен бастап, Жошы ұлысы «Ұлы Яса» заңы мен шариғат заңдарын қатар ұстана бастады. Бұл үрдіс 1312-1342 жылдар аралығында Алтын Орданы билеген Өзбек ханның тұсында күшейе түсті. Әсілі, «Ұлы Яса» мен шариғат заңдарын сабақтастыру салты Мысырдағы Мамлюк билеушісі Бибарыс (1260-1277) тұсында пайда болған еді (Мақризи Т. Ас-сулук ли-марифати дубалил мулук. — Бейрут. 1974).

    Берке ханның кезінен басталған исламтану үдерісі Өзбек хан (1312-1341), Жәнібек хандар (1341-1357) тұсында күшейе түсті. Алтын Орда билігін Едіге би (1399-1416) қолға алған кезде, көшпелілердің құқықтық мәдениеті мен шариғат үкімдері синкреттеніп, жаңа мазмұнға ие болды. Тарихта Едіге би қабылдаған заң – «Жасақ» деп аталады. Бірақ, өкініштісі, «Ұлы Яса», «Си-яса шария», «Жасақ» заңдарының толық жазбаша нұсқасы сақталмаған. Бүгінгі күнге кейбір жұрнақтары ғана жетті.

    Белгілі ірі ғалым Ә.Х. Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы» заңдарын былайша түсіндіреді: «Қасым ханның қасқа жолының» негізі Орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «Ярғу» (رغو) заңынан алынған, қазақша «жарғы» (رغو — хақиқат) деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери-демократия арнасына барып тіреледі. ХV ғасырдың соңында, XVI ғасырдың басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесінде діни үгіт таратып, «ежелгі Жарғы заңын қалдырыңдар, ол көкке табынатын дінсіздіктің ісі, оның орнына шариғат қағидасына ауысыңдар. Ант бергенде көк соқсын деп айтпаңдар, құран соқсын деп, құранды бастарыңа көтеріңдер» деп үгіттейді. Бірақ, халық бұқарасы оған селсоқ қарап, көп заман шариғат қағидасына ойыса қоймайды. Уақыттың көбін мал бағумен өткізген халық бұқарасына шариғаттың қағидалары өте қиын болып көрінген.

    Бұл тарихи оқиғаларды жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайының шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғатты бүтіндей қалдырып, халықтың тілегіне жақын әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «Жарғы» заңын жаңадан күшейтеді. Халықтың қалың бұқарасы Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы – «Жарғыны» жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті, – дейді.

    Әлкей Марғұлан бабамыздың бұл көзқарасының тарих ғылымы үшін баға жетпес құндылық екеніне сөз жоқ. Әйтсе де, Кеңес дәуірінде қазақ қоғамын дінсіздеу етіп көрсету ғылыми тенденцияға айналғаны көпшілікке мәлім. Мұхаммед Шайбани «ғазауат» жасау арқылы мұсылмандардың қолдауына ие болып, Қазақ сұлтандарында кеткен кегін қайтармақшы болды. Шынтуайтында, Қасым хан дәуірінде Қазақ сұлтандары және қалың бұқара әлдеқашан ислам дінін қабылдап қойған еді. Қасым хан халықтың сый-құрметіне ие дін өкілдерін әрдайым қолдап отырды. Мысалы, ол 1512 жылы джуйбар шейхі Ислам Бабыр (нахшбанди) мен қызылбастардан қашып келгенде, оған пана болған еді (Вяткин В.Л. Шейхи Джуйбари. Ходжа Ислам. 6-7 б).

    Десе де, Қасым хан «Ұлы Яса» нормалары мен шариғат үкімдерін қатар ұстану саясатын қолдады. Өзі Шыңғыс тұқымы болғандықтан, «Ұлы Ясадан» бас тарта алмады. Себебі, сол дәуірде «Ұлы Яса» заңы төрелердің билігін нығайтатын бірден-бір нормативті күш еді. Ал, оның замандастары Бабыр мен Хайдар мырза «Ұлы Ясаға» сын көзбен қарап, біріңғай шариғатты қолдануға тырысты.

    «Қасым ханның қасқа жолы» мынадай тараулардан тұрды:

    1) Мал-мүлік заңы. Онда мал, жайылым жер туралы мәселелерді реттеуге байланысты нормалар белгіленген;

    2) Қылмыстық жаза. Яғни, қылмыстық істер заңында кісі өлтіру, мал тонаушылар сияқты қылмысты жазалаудың нормалары;

    3) Әскери ережелер. Яғни, әскери міндетті өтеу заңында әскери қосын құру және әскери міндет өтеу туралы қағидалар берілген;

    4) Елшілік заңы. Елшіліктің негізгі құқықтық парыздары мен міндеттерін белгілейтін нормалар;

    5) Жұртшылық заңы. Өлім-жітімге байланысты, сондай-ақ, әртүрлі мерекелік шараларды, салттар мен ғұрыптарды атқаруға қатысты бақауыл, жасауыл, тұтқауылдардың міндеттері қатысты құқықтық нормалар.

    «Қасым  ханның қасқа жолының» толық мазмұны сақталмаған. Оның бір себебі, қазақтың билер соты мәтіндік нормалармен емес, даналық пен тапқырлыққа негізделген сот преценденті әдіснамасымен жұмыс істеді.

    Низамның негізгі қағидалары мен жазалау нормалары белгілі болса, арықарай билер сияса-шария (шариғаттың саясаты), хила-й шария (айла-шарғы), хикмети-ташриға (шариғат хикметі) әдістерімен қоғамдық қатынастарды ретттеп отырды. Яғни, «Қасым  ханның қасқа жолындағы» бес тарауда қазақ қоғамына тән барлық қарым-қатынас түрлері толықтай қарастырылды.

    Қасым хан жөнінде Қазақстан тарихының білгірлері С.Т Кляшторный мен Т.И Султанов: «Бинай, Ибн Резбехан, Бабыр, Хондемир, Хайдар секілді замандастарының айтуына қарағанда Қасым хан сәйгүліктерді жоғары бағалаған, олардың мықты білгірі болған, әскери дарынымен, көпшілікті соңынан ерте алатын айбарымен, батылдығымен ерекшеленді; авторлардың келтірген сипаттамалары бойынша еліктеуге лайықты морольдық қасиеттерге ие адамның бейнесі елестейді», (Казахстан. Летопись трех тысячелетей. 274 б) деп жазды.

    Түйін: Иә, Қасым хан бабамыз мемлекет құрушы қайраткер, әскери қолбасшы әрі ұлы заңгер еді. Ол өз дәуірінің сұранысына сай саяси қадамдар жасап, қазақ қоғамының мәселелерін оң реттейтін құқықтық актіні қабылдады. Сол кездегі биліктің саясаты және «Қасым ханның қасқа жол» заңы елдің көңілінен шыққандықтан да, жазба және фольклорлық еңбектерде Қасым ханның атына мақтаулар айтылып, оң сипатта берілген. Бұл сөз жоқ, Қазақ мемлекеттілігінің дамуының айтулы кезеңі еді!

    Мұхан ИСАХАН