Қалай дұрыс тамақтану керек?

    1178

    Ислам әлемі ғылымнан алыстап кеткен шақта көп адамға діни насихат догмадан аса алмайтындай көрінуі мүмкін. Десе де, дін қоғамнан бөлінгенімен, адамдардың діннен алыстай алмайтыны бесенеден белгілі.

    Ұзаққа бармай-ақ, күнделікті жеп жүрген тамағымыз, ішіп жүрген сусынымызды мысалға алайық. Тамақтану тәртібі тек қана медицина саласында жолға қойылған десеңіз, қателесесіз. Себебі, бұл тұрғыдан да адамның жаны мен тәнінің саулығына басқадан бұрын бас қатырған ислам дінін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Соңғы жылдардағы статистикаға сүйенсек, әлем бойынша ауру-сырқаудың басым көбі астан, оның ішінде тең жартысы дұрыс тамақтанбау немесе құнары жоқ тағам тұтынғаннан туындап отыр екен. Ендеше, дұрыс тамақтануға қатысты шариғат не дейді екен, мысал келтіріп көрелік.

    Екі дүние сардары Мұхаммедтің (с.а.у.) дастарқанға отырған сәтте асқазанды үшке бөлу, яғни, ыстық тамақ, сусын және бос орын қалдыруға үндейтін өсиеті көпке мәлім. Тағы бір хадисінде: «Менің үмбетім дастарқанға аш отырып, тоймай тұрып кетеді» — десе, Әлиге (р.а.) айтқан өсиетінде:

    – Уа, Әли! Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқта! Өйткені тұз – 70 аурудың емі! – деген екен.

    Енді аталған үш хадиске қатысты медицинаның не дейді екен деген заңды сұрақ туады. Біріншіден, алпыс жыл ас жемегендей қомағайланып, асқазанға ауыртпалық салу – дұрыс тамақтану тәртібіне 100% қайшы. Ағзаңызға келетін зияннан бөлек, тойып алғаннан кейінгі жүріп-тұруды елестетіп көріңіз. Тоя тамақтану ас қорыту жүйесінің бұзылуына апаратынын медицина әлдеқашан дәлелдеп қойды.

    Екіншіден, Пайғамбар (с.а.у.) дәуірінде Мәдина халқын емдейміз деп келген бір топ емшінің (дәрігердің) қала тұрғындарының тістері сап-сау, тек салқын тиіп не жазмыштан бір жерін ауыртып алмаса, ішкі ағзалары мазалап шағымданған адамның жоқтығына қайран қалған. Сол кезде адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.у.) ансарлар мен мұхажирлердің қарны ашпайынша аузына ас алмайтынын және тойғанша тамақ жемейтінін айтып, дұрыс тамақтану тәртібінің негізгі шартын меңзеген.

    Үшіншіден, «тұз – 70 аурудың емі» деген хадиске қатысты ирандық дәстүрлі медицина маманы, доктор Хусейн Равазаде:

     «Тамақ ішерден бұрын аз мөлшерде табиғи тұз жеу – ауыз сілекейінде жиналып қалған асқазан микробтарының тез жойылуына себеп болады» — дейді. Өйткені, табиғи тұздың микробтарды өлтіретін қасиеті бар. Ал медицина мамандары хадисте айтылған 70 аурудың қатарына жүрек, қышыма, ақылдан алжасу, ангина, тіс ауруларын жатқызады.

    Асқазан адам баласы дүниеге келген күннен бастап үзіліссіз жұмыс істейтіндіктен оған анда-санда демалыс қажет. Осыдан бір-екі жыл бұрын жапон ғалымының Нобель сыйлығын алуына себеп болған ораза жайлы ғылыми жаңалық әлем назарын аударғаны мәлім. Оразаның денсаулыққа пайдасы талай мәрте зерттелді, әлі де зерттеле бермек. Рамазан айындағы отыз күн ораза, қалған айларда белгіленген нәпіл оразалар, ең алдымен, Құдай үшін жасалатын құлшылық, екіншіден, ауру-сырқауға қарсы қалқан. Ерекше айта кететіні, аузы берік адам ауызашар дастарқанында қарным аш екен деп асқазанын қинап қоюы тағы дұрыс емес.

    Айтпақшы, Рамазан оразасы дұрыс тамақтану тәртібіне үйретеді дейді кейбір мамандар. Аз жеп, аз ішкен адам аз ұйықтап, көп іс тындыратыны сондықтан. Сонымен бірге, шариғат белгілегендей адал асты тұтыну да – дұрыс тамақтану тәртібінің бір шарты. Адам өзінің алдына келген астың құрамына, неден дайындалғанына мән беруі керек. Мәселен, алкоголь, доңыз еті мен майы, өлексе және басқа да Құран және хадистерде тыйым салынған өнімдер қосылған тамақтан бас тартқан абзал.

    Қорыта келгенде, дұрыс тамақтану тәртібін қалыптастырып, асқазанды және басқа да ағза мүшелерін ауру атаулыдан қорғау үшін мына шарттарды орындау керек:

    — Қарын ашпайынша ас ішпеу және тоя тамақтанбау;

    — Ас ішерден алдын аз мөлшерде табиғи тұз жеу;

    — Жылына бір ай ораза тұту және басқа айларда да шама келгенше ауыз бекіту;

    — Астың адалдығына мән беру.

    Тағамның адалдығына қатысты исламда үлкен бап бар, ол жөнінде алдағы уақытта толығырақ жазамыз.

    Ермұрат НАЗАРҰЛЫ