Қай уақытта жасаған дұға қабыл болады?

    472

    Сұрақ: Қай уақытта жасаған дұға қабыл болады?

    Жауап: Алла Тағала Құран Кәрімде дұға туралы:

    «Маған дұға қылыңдар. Дұғаларыңа жауап берейін», – деп бұйырады және мұсылмандардың дұғаларына әрқашан жауап беретіндігін айтады (Муминун сүресі, 40/60).

    Өйткені дұға адамның жаратылыс мақсаты. Сонымен қатар, Құран Кәрімде:

    «(Елшім!) оларға: «Дұғаларың болмаса Раббым сендерді не деп бағаласын!», — деп бұйырады (Фурқан 25/77).

    Әлбетте, Алланың рақымының белгісі ретінде, құлдарына дұға етуі үшін нәсіп еткен арнайы уақыттар мен мекендер бар.

    Ұлы Раббымыз Құранда: «Олар (тақуалар) таңсәріде (Алладан) кешірім тілейді» — деген аятымен хабар бере отырып, таң сәрі уақыты Алла мен құлының кездесетін арнайы уақыттардың бірі екенін білдіреді. Алла елшісі осы уақыттардың қадірін біліп, түннің ақырғы тұсында намазға тұрып, дұға ететін.

    Алла елшісінің (с.ғ.с) түн жарымында тұрып, сәждеге бас қойып: «Уа, Алла! Ашуыңынан ризалығыңа, жазаңнан кешіріміңе сиынамын. Сенен саған сиынамын. Саған лайық барлық мақтауларды жекелеп айтсам да, саған деген мадақты айтып бітіре алмақ емеспін. Сен өзіңді қалай мадақтасаң сен соған лайықсың» — деп дұға еткен.

    Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.с): «Расында түн ішінде бір сәт бар. Мұсылман адам сол сәтке кезігіп, Алладан бұл дүние мен ақыретінің істеріне қатысты бір жақсылықты қалайтын болса, Алла Тағала сол қалауын қабыл ететін болады. Осы қасиет барлық түнде бар», деп бұйырады.

    Бір сахаба Алла елшісінен (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі! Қандай дұға қабыл болуға лайық?», деп сұрағанда, ол: «Түн жарымынан кейін және парыз намаздарының артынан жасалған дұғалар», деп жауап береді.

    Бұл сөздерімен ол парыз намаздарынан кейін жасалған дұғалардың маңызына да назар аударды. Парыз намаздарын қаза етпей, уақытында тұп-тура етіп оқып, Аллаға деген бағыныштылығын көрсеткен адамға Рахман, Рақым болған Алладан бір сүйінші берілмек. Тек Алла әмір еткені үшін оның құзырында сәждеге жығылып, мойынсұнып, ақыр соңында қолдарын жайып, жан-дүниесінде сақтаған қалауын білдірген құлдың дұғасы қашан да қабыл болуға лайық дұғалардың бірі.

    Хақ пайғамбар мұсылмандарды уақытты бағалай білуге ынталандыру үшін заманның да Алла Тағаланың құзырында жеке-жеке қасиеттерге ие болғанын білдірген.

    Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Алла әр түні, түннің соңғы үштен бірінде дүние аспанына түсіп (рақымын жайып): «Иә, патша – менмін. Иә, патша – менмін. Қанекей маған дұға етіп, мұқтаждығын сұрайтын біреу бар ма? Сұрағанын беріп, дұғасын қабыл етейін. Қанекей менен кешірім сұрайтын бар ма? Кешірім сұрағанды кешірейін»,- деп айтады. Міне осы жағдай таң атқанға дейін жалғасады», – дейді.

    Алланың түн жарымында дұғаларды қабыл етуі, сұрағанға сұрағанын беруі, тәубе мен истиғфар еткеннің тәубесін қабыл етіп, кешіруі – рақымы мен берекетінің бір көрінісі ретінде жер бетіне түсу түрінде айтылған.

    Киелі жерлер де Аллаға жалбарыну үшін бір мүмкіндік болып саналады. Хазіреті Адамнан бастап барлық діндерде бірі бірінен артық, қасиетті жерлер мен мекендер болған. Бұл жерлер Аллаға бет бұру, жалбарыну үшін бір мүмкіндік ретінде бағаланған. Өйткені мүбәрак күндер мен қасиетті мекендерде жасалған дұғалардың қабыл болу үміті әлде қайда басым.

    «Рамазан айы – адамдарға туралықтың қайнары, ап-айқын туралық дәлелдері және хақ пен жалғанды айырған өлшем болып Құран түскен ай», деген Құран аяты Рамазанның жыл ішіндегі басқа айлардан қарағанда ерекше бір қасиеті бар екендігіне ишарат етеді. Қадір түні болса осы айдың қадір-қасиетін арттыра түскен өз алдына жеке-дара заман уақыты. Құран мың айдан да қайырлы болған осы түні түскен. Сондықтан да, Алла елшісі Рамазанның соңғы он күнінде басқа уақыттан қарағанда артығырақ ғибадат пен құлшылық үшін күш-қайратын жұмсаған.

    Өмірінің әрбір сәтін дұғалармен безендірген Хақ пайғамбар Алла мен құл арасындағы байланысты қуаттандыра түсетін арнайы шақтарда жасалатын дұғаға, құлшылық пен ғибадатқа көп мән беріп, жан-тәнімен беріліп Раббысына бет бұратын. Мысалы оның жеткізгені бойынша, азан мен қамат арасындағы уақыт дұғалардың кері қайтарылмайтын уақыттардың бірі. Елшісі Раббысының дұғаларды қабыл ететін сәттері бар екенін білетін.

    Алла Тағала барша мұсылмандарға дұғалары қабыл болатын сәттерге кез болуын нәсіп етсін.

    Балғабек Мырзаев

    2 ПІКІРЛЕР

    1. Дұғаның қабыл болуының ең үлкен, ең маңызды шарттары төмендегідей:
      Бірінші шарт: Ықылас-ынта. Ол – дұға мен оған амалды барлық күмән туғызатын нәрселерден таза орындау, барлық істі бір Аллаға тапсыру;
      Екінші шарт: ұдайылық. Бұл – тек дұғаның ғана емес, ғибадат түрлерінің барлығының да шарты;
      Үшінші шарт: Алла тағалаға шын сенім мен дұғаның қабыл болуына анық илану;
      Төртінші шарт: дұғаны жүректен шығару, Раббыдан қорқу, Алланың алдындағы мол сауаптан үміт етіп, жазаларынан жасқану;
      Бесінші шарт: дұғаны нық шешіммен, ыждағаттылықпен, байсалдылықпен тілеу. Мұсылман Раббысына тілеу тілегенде айнымас нық шешіммен, ынты-шынтысымен беріліп дұға қылуы керек.

    2. Алла Тағала қабыл болатын дұға нәсіп етсін! Жақсы материал екен. Халыққа қажетті

    Пікір жазу