Қайыршы адам қайдан шығады?

    223

    Мешітке түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап іздеп және кеңес алу үшін келетін жамағаттың саны артып келеді. Кейде жанын жаралаған мұңын шағып, шерін тарқатқысы келеді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жат ағым жайлы, намазға қатысты сауалдармен және отбасы мәселесімен келетін. Бүгінде сан алуан сұрақтар.

    Сұрақтарды саралай келе, жалпы қоғамның діни сауаты көтеріліп келе жатқанын байқауға болады. Сонымен қатар, азаматтардың мешітке, имамдарға деген сенімі деп білемін. Қалай дегенмен адам баласы жүрегіне тыныштық іздейді.

    Осыдан бірнеше ай бұрын жамағат ішінен бір кісі ойын мазалаған мәселемен бөлісті.

    «Бір-екі отбасыға азық-түлік және киім-кешекпен жәрдем беремін. Мүмкін болған жағдайда ақшалай көмектесуге тырысамын. Бірақ, соңғы кезде, сол отбасын жақтырмай бара жатқан сияқтымын. Осы сезім жаныма жай таптырмайды. Бейне бір берген көмегімді міндетсініп жатқан сияқтымын» — деді.

    Не себеп? Оған себеп болған жайт, сол жанұяның үлкендерін жұмысқа тұрғызбақшы болады. Жалақысы сексен мың көлемінде. Сөйтсе, ол кісі азсынып, жұмысқа құлықсыздық танытады. Содан оны жақтырмай қалдым дейді.

    Біраз сөйлестік. Осы сауалға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғажайып түрде жауап берген. Риуаятта әз-пайғамбар (с.ғ.с.) қол жайып келген кісіге үйінен шаруаға жарайтын заттарың болса алып кел деп тапсырады. Әкелген заттарды сахабаларға сатып алуға ұсынады. Түскен ақшасына арқан мен балта сатып ал да екі-үш жұма келме, жұмыс істе деп бұйырады.

    Бірнеше жұмадан кейін әлігі кісі табыс таба бастайды. Еңсесі көтеріліп, отбасының дастарқанында ішіп-жейтін ас-суы бар екенін айтып, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғысын білдіреді.

    Хадисте қайыршылықты кәсіп етудің дұрыс еместігі айтылған. Сонымен қатар, қаржылық қиындықтан шығудың жолын көрсетіп отыр. Ең бастысы, адамға өзіне деген сенімін қалыптастырып, маңдай терімен тапқан табыстың наны тәтті болатынын үйретті. Басқаша сөзбен айтқанда, адамға балық бергеннен, қармақ берген дұрыс. Жамағатымыз көңілі жайланып қалғандай болды.

    Мешіттегі кешкі сауат ашу курсында әдеттегідей дәрістен кейін жарты сағат көлеміндегі уақытты қатысушылар сұрақтарына арнаймыз. Жеке ұстаханасы бар етікші ағамыз да қайырымдылық жайлы сұрады.

    «Аяққа тұра алмай келем. Жағдайын айтып келген адамға тегін мәсі тігіп берем. Есептеп отырсам, кірістен шығыным көп болады» — деді.

    Әрине, мүмкін болса қайырымдылық жасау керек. Бірақ, есеппен. Жеке жұмыс ашып, еңбек етіп жатқан кісіні қолдап, өнімін сатып алудың орнына масаша жан-жақты талайтын әдетіміз бар. Осы орайда, екінші кісі де ой қосты.

    «Терезе жасайтын кәсіпорында жұмыс істеймін. Бірнеше жыл алдын көп балалы ана көмек сұрап келді. Мекеме басшысы біраз ақша берді. Апта айналып тағы келеді. Сонда мекеме қожайыны:

    –Біздің кәсіпорын шағын ғана. Сенің де бізге көмегің тисін. Мына бөлмелерді жуып тазалап бер. Мен саған еңбек ақы ретінде беремін, — деді.

    –Кешке келіп тазалауға мүмкіндігім жоқ, балаларым бар, — деді әйел.

    –Сен тазалап болғанша, балаларыңа мен қарап отырамын, — деп жауап қатты басекең.

    Осыдан кейін әлігі әйел күнде балаларын алып келіп, бөлмелерді тазалап жүрді. Ал, балақайлар бастықтың кабинетінде у-шу боп ойнайды. Соңынан жұмысшылар кезекпен балаларға қарайтын болды. Ақырында, әлігі қайыр тілеп келген әйел біздің мекеменің курьері боп тұрақты жұмыс істей бастады» — деп әңгімесін тәмамдады.

    Расында, бір-бірімізді қолдауымыз, көмек беруіміз әрі сауап, әрі қоғамның салауатты дамуына ықпал етеді. Демек, көмек берудің де жөні бар. Қайыр тілеп үйренген адам бала-шағасын да соған тәрбиелейді. Бала мұның ешбір сөкеттігі жоқ деген түсінікпен өседі. Сондықтан, бастапқы кезде біршама көмек берген де дұрыс шығар. Алайда, тұрақты жұмыс істеуге кеңес беріп, жөн сілтеген әлде қайда зор жәрдем болмақ.

    Руслан ҚАМБАР

    Пікір жазу