— Алло, сіз бүкіл қала бойынша телефон нөмірлері арқылы жүргізілген ұтыс акциясы кезінде жеңімпаз атандыңыз. Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған осы акция аясында енді сіздей 20 адамға 10 күн бойы тегін білім беріледі,-деп сайрай жөнелген дауысы жағымды қыз баланың мақсаты да айқын екені аңғарылып тұрды.

— Түсінбедім, бұл не үшін?

— Ол тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында жүріп жатқан акция. Біздің компания нарықта 1994 жылдан бері жемісті қызмет етіп келеді. Бірақ соңғы екі жылда жаңа бағытқа ауысты. Сіздің уақытыңыз қай кезге ыңғайлы?

Өзара сұрақ-жауаптан соң, «батпан құйрықтың» мән жайын білгім келіп, жұмыстан соң аталған «қаржы орталығына» ат басын тіредім. Алматының қымбат ауданында орналасқан. Биіктігі аспанмен таласқан зәулім ғимараттарға қарап, ол жерде «көрінген» компанияға орын бола бермейді деп, алданып қалуы ғажап емес. Жоғары қабатқа көтеріліп, межелеген орталыққа барғанда, жылы жүзді менеджерлер қарсы алды. Сағат кешкі 19-дан асса да, компьютерге үңілген мамандар «маңызды» жобалармен жұмыс істеп жатқандай… Қабырғада «Ең үздік», «Ең сенімді», т.б. мәтіндегі сертификат, мақтау тақтайшаларынан көз сүрінеді.

Дереу «жолы болғыш жеңімпазға»  қызмет көрсететін менеджер келе қалып, арнайы қабылдау бөлмесіне ендік. «Шай» немесе «кофе» деген ұсынысқа таңдауға сай, иісі бұрқыраған кофені де  әкеле қойды. Әсел есімді қаржы сарапшысы өзін таныстырып, компания жайлы айта келе, 10 күн тегін оқу нәтижесінде 4 бағытта қаржы құйып, сол арқылы «шырт» түкіріп пайда табуға болатындығымен тәмамдады.

Сонымен, «ойланып көрейін» деп, «бұның артында не тұр?» деген сауалмен мен де кете бардым. Себебі көкейімде  соңғы жылдары «ешқандай қаржылық пирамида емес, бұл – инвестициялық компания» деп, талай адамның қалтасын қаққан алаяқтықтың жаңа формасы ма деген сұрақ туындады. Сондықтан бұл «қаржы орталығы» жайлы қысқаша бағамдауға тура келді:

1. Нью-Йорк қаласындағы атақты қаржы кварталының тарихи орталығының атымен аттас бұл «инвестициялық» компанияның ғаламтордан бірнеше сайттардағы жарнамалық мақала-сұхбаттары жарияланыпты. Оқыған адам иланбауы мүмкін емес…

2. Арнайы сайтында негізгі мақсат-мүдделерін тұтынушының жоғары табыс табуы деп бастап, халықаралық жетекші компаниялардың акциялары, әлем елдерінің валютасы, алтын, мұнай, газ, қаржылық индекстер, т.б. салаларда инвестиция салып, кең ауқымда қаржы құралдарын саудалауға көмек көрсететінін айтқан… тіпті 30 000 теңгеден бастап, жеке дәріс алу 100 000 теңгеге дейін деп көрсетілген соң, кім болса да тегін дәріс алуға ойланып қалары хақ.

Осындай мәліметтерді саралай келе, менеджермен тікелей сөйлесіп, маған аталған «компания» мен нақты «пайда табудың» жолдарын түсіндіруді сұрадым: 1994 жылдан бері нарықта, тек соңғы 2 жылда атауы өзгеріп өзге ірі брокерлік компания қызметін ұсынып келеміз. Биржа арқылы табыс табуды үйретеміз,- деп бастады әңгімесін.

Компанияда 4 бағыт: 1-валюта; 2-пайдалы қазбалар; 3-криптовалюта; 4-акциялар саудасымен табыс табу. Ешқандай үлкен компанияларға физикалық тұрғыдан акционер болмайды, тек компаниялардың акцияларын алып-сату арасындағы айырмашылыққа ойнау.

Ал, 10 күн дәріс кезінде осы аталған бағытта компьютер арқылы сатып алып, оны сату жолдарын меңгермек. Ал егер өзі болмаса трейдерлердің ақылы  көмегіне жүгінбек. Трейдер маманмен келісімшарт арқылы пайдаға 50/50 келіссе, ал робот трейдерлердің құны ең кемі 1000 АҚШ долларынан басталады. Осы екі көмекшінің арасында робот трейдерлердің мақтауы басым болды. Олар сауда-саттықты өздері жасап, айына кемі 7-12% тіпті 20%-ға дейін табыс тауып беретін көрінеді. Бұл компанияның еліміздің әр аймағында  офистері, одан өзге көрші мемлекеттерде де өкілдері бар екен. Сондай-ақ «инвестиция» құйып, ауадан ақша жасауға ұмтылғандардың қарасы өте көп екенін айтты.

«Ал ең кемі қанша ақша салу керек?»-деген сауалға, «Қанша пайда тапқың келетініне сай»,-деп кемі 5 мың АҚШ долларынан бастаған абзал. Ал 1000 АҚШ долларынан 200-300 доллар пайда табу қалыпты жағдай деп иландыруда. АҚШ-та халықтың 60-70% пайызы осылай пайда табады, ал бізде саусақпен санарлық, халық әлі түсінбейді деп нақтылай түсті.

«Батпан құйрыққа» қатысты шариғат не дейді?

Ең әуелі «Биржа арқылы табыс табуға болады ма?» деген сауалға ислам ғалымдары 2 талапқа сай жауап берген. Себебі бүгінде  акция «тауар» мәртебесіне телініп, ал акция сауда-саттығы капитал нарығының маңызды құралдарының біріне айналды. Сондықтан бұл арада мына 2 мәселеге назар аудару керек:

1. Тауар өндіріп не сатумен айналысатын компания, өнеркәсіптің акциясын сатып алуға шариғат рұқсат етеді. Мұндай акциясы бар адам сол өнеркәсіп, компанияның пайдасы мен зиянын тікелей көреді, әрі өз акциясын да өзгелерге сата алады.

2. Биржадағы сауда акцияларды алып-сату, арадағы баға құнынан пайда көруді көздейді. Яғни бұл құмар ойындарына өте ұқсас. Акцияларды бұл жолмен пайда көзіне айналдыру экономика мен өнеркәсіптің дамуына ешқандай септігі тимейді. Сондықтан бұл шариғатқа сай рұқсат етілген саудаға сәйкес келмейді.

Айта кететін мәселе, акционерлікке рұқсат етілген компаниялардың өнімі шариғатта тыйым салынбаған болуы шарт. Ал ішімдік, харам дүниелермен пайда табатын кез келген табыс көзіне дініміз түбегейлі тыйым салады.

Міне, осы талаптарды ескере келе, Алматыдағы тегін дәріс беріп, биржа арқылы табыс табуда брокерлік қызметін ұсынған қаржы орталығының  4 бағыты да пайда табуға тыйым салынғандардан екенін аңғарамыз. Себебі олардың барлығында  баға айырмашылығында ойнау көзделген,  әрі нақты тауарды  ұстап, көру мүмкін емес. Олай болмаған күнде де  ол брокерлік компанияның компьютерлер жүйесінің қаншалықты шынайы орталыққа қосылған-қосылмағанына ешкім кепілдік бере алмайды.

Тіпті бұл жақында ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тыйым жөнінде пәтуә берген  «Биткоин» криптовалютасының жүйесіне өте ұқсас. Яғни қазіргі күндегі биткоин криптовалютасы шариғатқа қайшы. Себебі шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керек және оның кепілдігі мен қорғауында болуы керек.

Сауда-саттықтың дұрыс болуы үшін сатушы мен сатып алушысы және ақша мен тауар белгілі болуы шарт. Алайда биткоинда барлық жағынан белгісіздік бар. Өйткені ол шифрлау принциптеріне сүйенеді, әрі іс барысында адамның деректері туралы ақпарат болмайды. Биткоинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады.  Осындай дәлелдерге тоқтала келе:

ҮКІМ:  «Биткоин» криптовалютасында белгісіздік, алаяқтық қамтылғандықтан және жеке тұлғалар мен мемлекетке зиян келтіретіндіктен шариғат бойынша пайдалануға тыйым салынады.

Жалпы, шариғат тыйым еткен осындай алаяқтардың қоғамымызда біраз елді сан соқтырғанына да тоқтала кетуді жөн көрдік. «Инвестициялық компания» деген желеумен осыдан 4-5 жыл бұрын «Эко-Фонд»-fme.biz», «Delston Capital Group», тіпті Еуропадағы телеарналардағы жарнама уақытын «ByTime» арқылы сатып алу арқылы пайда табу, жаңа буынның инновациялық технологиясы негізінде жасалған көлік жүйесін қалыптастырушы халықаралық компанияның инвесторы болуға зор мүмкіндік деп  «SkyWay» жүйесіне ақша салып жатқан қарапайым тұрғындар аз болмады.

Бір қызығы республикалық арналардың бірінен «ByTime компаниясының» Алматыда офисі ашылды деп тұсаукесер бейнесюжетін таныстарым WhatsApp арқылы жіберіп, бұл бастаманың заңды екенін сендіріп бақты.

Ал «kairosplanet.com» доменінде орналасқан Kairos Technologies «компаниясы»  үйіңіздегі компютерлерді тәулігіне белгілі бір уақыт қосып қойып,  еуропалық компанияға «жалға» беру арқылы ақша табу деген аңызбен біраз елдің аузына аңқитып кеткен.

Менің бір танысым енесінің үйінде бірнеше компьютерді  «маңызы жоғары» ақпарат сақтаушы  компанияға жалға беріп, айына жүздеген АҚШ долларын алып отырғанын да айтқан. Яғни бұл хакерлердің шабуылына қарсы ойлап тапқан соңғы IT бағдарлама деп сендірген.

Ал  Алматының салмақты салиқалы  ханымдарын ауыздықтаған «Delston Capital Group» негізгі офисін орталық аудандардағы биік бизнес-орталықтардан жалдап, бір жылдан аса елдің ақшасын алтын, мұнай, газ секілді салмақты табыс көздеріне ешқандай банктердің араласуынсыз біз арқылы тікелей инвестиция салып, аз уақытта байып шыға келесіз деп өздерінің әрекеттерін жиылған жұртқа тақтаға сызып көрсетіп, барынша сендіреді.

Ғаламтордағы бейнежарнамалар, «табыс» көзі көрсетілген түсіндірме кітапшалар, ең қызығы өмір бойы қаржы саласында, салиқалы салада қызмет еткен зейнеткер ханымдар да осы «компанияның» сенімді өкілдеріне айналған.

Айгүл есімді экономист ханым тіпті отбасының банктегі жинақтарын салғандарын айтып елді сендірсе, енді бірі, қаржысын еселеп қайтарып аламыз деп  тәуекел етіп пәтерлерін сатып ақшаларын салған. Аталған «компания» уақыт өткен сайын елден ақша алудың түрлі айласын асырып, «ірі қаржы платформасын сатып алып жатырмыз, акция алуға асығыңыздар» дегендей желеумен халықтың қалтасын қағып, бір сәтте ғаламтор бетіндегі сайттары ізім-ғайым жоқ болып, жүздеген адамдар жер сипап қалған. Ал оның түбін іздесе, шетел асып кеткен алаяқтық жүйеде нағыз алаяқты анықтау да мүмкін болмаған.

«Халықаралық экономикалық сауаттылық орталығының» сарапшысы Шынар Елубаеваның айтуынша 2017 жылдан 2019 жылдың І жартыжылдығын қамтығанда қаржы пирамида екендігін бүркемелеп, түрлі ат жамылған алаяқ «компаниялар» қазақстандықтардың 7 млрд теңгеден аса қаржысын қаққан:

«Жоғары Сот мәліметтері бойынша, 2017 жылы қаржы пирамидалары біраз дәуірлеп, 23 үкім шығарылып, оның ішінде 10 ұйым өздерін ресми мойындаған. 2018 жылы экономикалық қызмет саласында 1535 заң бұзушылық тіркеліп, төрт ұйымдастырушыға қатысты шешім шығарылса, биылғы алғашқы жарты жылдықта экономикалық қызмет саласында 430 заң бұзушылық тіркеліп, 1 үкім шығарылған».

Тамыз айында Алматы қаласында өткен баспасөз маслихатында Шынар Елубаева ханым қаржы пирамидаларына тән белгілерді атап өтті:

Нақты өнеркәсіп пен пайда көздерін әдемі уәделер мен сұлу сөзбен сендіру;

Материалдық-құқықтық база мен нақты қаржылық есептері болмауы, олар тұтынушымен келісімшарт та жасай алмайды;

Ресми банктердегі салымнан (орташа 10%) жоғары табыс пен пайда жайлы қисыннан қиыстырылған уәделер;

Ғаламтор, әлеуметтік желілерде белсенді әрі агрессивті жарнамалар;

Қаржы немесе депозит, салымдарды қабылдауға қатысты еліміздегі қаржы нарығын реттеуші ҚР Ұлттық банк лицензиясының болмауы.

Осындай негізгі белгілерге қоса, ғаламтор арқылы жұртшылық тарапынан тек «жақсы пікірлерді» көптеп тарату, т.б.

Қаржы пирамидалары  мысалы, криптовалюта, жылжымайтын мүлік, пайдалы қазбалар, жаңа технология сынды «жоғары пайда» түсіретін инвестициялық салалар жайлы «уәделерді» шебер меңгерген.

Қауіптісі, осындай алаяқтық «қақпан қаржылық жүйелер» уақыт өткен сайын өңін өзгертіп, аты мен айласын асырып үлгереді. Тіпті ауыл-аймақта да талайлардың қалтасын қағып жатқанын естиміз. Сондықтан мұндай «батпан құйрық» компаниялар жайлы тиісті құзырлы орындар бақылап та, пәтуә да шағырып үлгерер емес. Сондықтан әрбір мұсылман баласы көл-көсір пайда табамын деп, қақпанға түсіп, өзгелердің де қалтасын қағып «қарғысын» арқаламай, асықпай адал мен арамның аражігін ажыратып барып кәсіп пен нәсіпке бел буған өзгеден бұрын өзіне пайда екенін санаға тоқуға тура келеді.

Айша КЕҢЕСБАЙ
дінтанушы-журналист

Пікір жазу