– Қайрат мырза, әңгімемізді «Нұр-Мүбарак» университетінің бүгінгі тынысынан бастасақ…

– Нұр-Мүбарак университетіне Қазақстан тарапынан басшылық қызметке оқу жылы басында тағайындалдым. Бұл — біріншіден, бізге жүктелген жауапты міндет қана емес, Мысыр елімен арадағы алтын көпірді екі ел игілігі, дініміз бен білім, ғылым жолындағы өзара қарым-қатынасты нығайту жолындағы аманат деп түсінеміз.

Осыған дейін Нұр-Мүбарак университетінің проректорлық қызметін белгілі ғалым, профессор Шамшәдин Керім ағамыз 17 жыл басқарып келді.  Сондықтан 17 жылдық тарихы бар оқу орнымыздың жеткен жетістіктерін одан әрі жетілдіріп, заман талабына сай білікті де білімді мамандарды жан-жақты даярлап қана қоймай, университет әлеуетін қоғам игілігіне барынша пайдалануды мақсат тұттық. Әрі Нұр-Мүбарак университеті бүгінде еліміздің тұтастығына, халықтар бірлігіне діни тұрғыда ғана емес, этносаралық татулықтың да бірден бір кепілі болып отыр. Себебі университетте 11 этнос өкілдері бес саусақтың саласындай, бір үйдің баласындай қатар білім алады.

Осы орайда білім бағдарламасын оңтайландыру мақсатында Оқу-әдістемелік бөлімін басқарма деңгейінде құрып, басшылыққа білікті, шетелдік жоғары оқу орындарында тәжірибесі бар философия ғылымдарының кандидаты, араб тілінің білгірі, доцент Жалғас Садуахасұлы Сандыбаевты тағайындадық.

Студенттердің оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіліп, жаңадан зайырлы пәндер қосылды. Смарт-электронды емтихандар жүйесі жұмыс істей бастады, оқытушы-профессорлардың дәрістерін аудио, бейнежазбаға түсіру секілді мәселелер қолға алынды.

Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтына белгілі теолог, осы салада тәжірибесі мол бірегей маман докторант Асқар Сабдин тағайындалды. Бұл да еліміз үшін стратегиялық өзекті салада маңызды қадамдар жасауда ықпалы зор деген сеніммен ұштасады.

Канадалық Robotel компаниясының соңғы өнімдерінен жасақталған   SmartClass кабинеті Орта Азия бойынша біздің университетте алғаш орнатылды. Ол әдеттегі лингофон кабинеттеріндей көрінгенімен, заманауи  мультимедиалық бағдарламасы әмбебаптығымен ерекше. Яғни бұл модерн құрылғылар арқылы тек тіл үйрену ғана емес, кез келген білім, жаңа пәндер үйренуге болады. Әрбір қатысушы өзара еркін сөйлесіп, оқытушы да әр шәкіртті орнында отырып бақылап, жеке-жеке сөйлесіп т.б. артықшылықтары көп. 

Сол сияқты маркетинг бойынша шетелдік тәжірибесі бар арнайы маман алып, жастарға арналған мотивациялық шаралар қолға алынды. Студенттер саны артып келе жатқандықтан, оқу ғимаратында реконструкциялар жүргізіліп, жаңа аудиториялар, сондай-ақ қонақтарға арналған асхана, фитнес залы жасалды.

Бұдан бөлек, 9 қабаттық  жаңа оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарына дайындық басталып кетті. Ал жалпы университет қамтыған мамандықтар (исламтану, дінтану, екі шет тілі) бойынша оқу жылы басында 442 студент (210 м.б.г.), 36 магистрант, 21 докторант қабылданды. Соңғы түлектер санына келсек, биыл 214 бакалавр, 32 магистр, 10 докторант оқуды тәмамдады. Енді жаңа оқу жылынан бастап «теология» деп аталатын төртінші мамандықты қосып жатырмыз.

Осы «теология» мамандығын ашуға не түрткі болды және құжат тапсырып жатқан талапкерлер көп пе?

– Теология – қоғамымызда сұранысы артып жатқан діни мамандық. Баршамызға белгілі, еліміз көпұлтты ғана емес, көпконфессиялы, азаматтардың діни сенім-наным бостандығы Конституциямызбен қорғалған. Сондықтан еліміздің 70 пайыздан астамын мұсылмандар, қалған бөлігі өзге діндер еншісінде екендігі ескеріле отырып, осы теолог мамандар қажеттілігі туындап отыр. Себебі «исламтану» аты айтып тұрғандай ислам діні саласына мамандандырып, түлектер негізінен қызметке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарамағына, мешіт-медреселерге жолдама алады.

Дегенмен, біз зайырлы пәндер, өзге діндер тарихы т.б. исламтанушының да, дінтанушының да жан-жақтылығын қамтитын пәндерді оқытамыз. Біз теологиялық оқу бағдарламасында зайырлы пәндермен қатар бүкіл діндерді және ислам дінінің қыр-сырына тоқталамыз. Сондықтан, біздің болашақ теологтар тек ислами орындарда ғана емес, қоғамның кез келген саласында қызмет ете алады.

Айта кетерлік мәселе, Нұр-Мүбарак университеті еліміздегі бірегей ислами жоғары білім ордасы болғандықтан, көпшіліктің түлектерді жұмыспен қамту жағын тек дін саласымен ғана байланыстыруы қате. Себебі біздің түлектер мемлекеттік мекемелер, дипломатиялық бағытта, ғылыми-зерттеу орталықтарында, т.б. көптеген салаларда қызмет ете алады.

– Ал теология ұғымын тек қана христиандарға, католик, проваславтарға теліп жүрген дінтанушыларға не дейсіз? Бұл турасында ойыңыз қандай?

– Егер сөзбе-сөз айтар болсақ, теология – Құдай туралы ілім. Алғашқыда жалпы қолданыста болғанымен, XIII ғасырда ғана христиандық ортада Құдай және оған сенім жайлы жүйелі ілім ұғымында қалыптаса бастады. Сондықтан христиандықпен байланыстырылған болуы мүмкін.

Қазіргі исламтануда теологияның баламасы ретінде «иллаһият» сөзі қолданылады. Негізінде теология нақты бір дінді жүйелі түрде қарастырады. Сондықтан, теология дегенде христиан теологиясы, ислам теологиясы деген ұғымдар қолданылады. Қажет болса бір діннің сенім негіздерін қорғап, ақиқаттығын дәлелдеуге тырысады.

Теолог – бір дінді, яғни оның сенім негіздерін, қасиетті мәтіндерін, құлшылық-рәсімдерін зерттеуші маман.

Теолог бір дінге қатысты салыстырмалы түрде алғанда терең білімге ие болғандықтан, белгілі бір дінге қатысты мәселелерді шеше алады. Мәселен, діни мәтіндерге сот-сараптамалық талдау жасау, белгілі бір діннің сенімі мен құлшылығына қатысты діни мәтіндер негізінде мәлімет беру т.б.

Егер зер салсақ, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде ислам саласында ең алғашқы сүбелі еңбек жазып, дәріс бере бастаған ғалымдар теология ғылым бойынша PhD докторлар Алау Әділбаев, Мұхитдин Исаұлы, Шамшат Әділбаева т.б. Олардың елге кеңінен тараған еңбектерін айтсақ, «Ислам ғылымхалы», «Саңлақ сахабалар» «Отбасы ғылымхалы», «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз»  т.б. кітаптардың өзі ислам дініне қатысты.

Бүгінде діні де, тілі де түбірлес Түркияның ең беделді университеттерінде теология факульттеттері бар. Сондықтан бұл пікірді қолдай алмаймын.

Бір кездері «Нұр-Мүбарак» атауы «Нұр» деп өзгерді деген хабар тараған еді. Осының аныққанығын өзіңіз айтсаңыз…

–Нұр-Мүбарак университетінің тарихына үңілсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Мысыр еліне барып, Египет Араб Республикасының Президентімен кездесуінде Қазақстанда ислами жоғары оқу орнын ашуға байланысты шешім қабылданған болатын. Оның «Нұр-Мүбарак» атауы ұсынылып, ол жарғыда бекітілді. Себебі «Нұр», «Мүбарак» сөздері қазақ және араб тілдерінде  мағынасы ортақ терең сөздер екені белгілі. Ал өзгеріс жайлы сіздің сауалға келсек, Мысыр еліндегі кейбір саяси жағдайларға байланысты бейресми ақпарат тарағанмен, еш жерде ресми түрде мәлімдеме жасалмаған.  Яғни, жарғыда ресми өзгеріс болған жоқ.

Шетелмен байланыстарыңыз қалай?

–Қазіргі таңда ең басты әріптестік мысырдағы мыңжылдық тарихы бар, ислам әлемінің Гарварды – әл-Азһар университетімен тығыз байланыстамыз. Ректорымыздың өзі – әл-Азһарлық профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди мырза. Ол – осы кезге дейінгі  Махмуд Фахми Хижази, Жуда Абдулғани Басюниден кейінгі үшінші ректорымыз.

Исламтану, араб филологиясы бойынша өзге де Каир, айн-Шамс университетерін қосқанда 18 ғалым, профессорлар Нұр-Мүбарак университетінде тұрақты дәріс береді. Одан өзге біздің үздік түлектер әл-Азһарға жолдама алады. Сондай-ақ Түркияның Стамбул, Мармара, Сельджук, Нежмеддин Эрбакан, Erciyes университеттері, Малайзиядағы Сұлтан Зейнал Абидин, Брунейдегі Султан Шариф Али ислам университеті, ислам елдеріндегі әл-Жинан, Триполи, Мәскеу ислам университеті, Ресей ислам институты, Қырғыз, Өзбекстандағы университеттермен екіжақты келісімшарт жасалған.

Осы оқу жылында докторант, магистранттарымыз Түркия, Мысыр елдерінде академиялық ұтқырлық бойынша семестрлік білім алып, тағылымдамадан өтті. Алдағы оқу жылында студенттеріміздің Түркия елінде бір семестр оқуға мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мұндай әріптестік байланыстар жыл өткен сайын арта берері сөзсіз. Осы орайда біздің шәкірттерге араб тілімен қоса, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгеруге қосымша қолжетімді курстар ұйымдастырып қойдық.     

–Кім-кімнің болмасын бір бүйрегі әрқашан туған жеріне бұрып тұратыны анық. Өзіңіз туып-өскен Ақтөбе өңірінің діни ахуалын бақылап тұрасыз ба?

–Сұрағыңыздың төркінін түсіндім… Әрбір жаны да, қаны да қазақ азаматқа еліміздің бүкіл өңірін бір-бірінен бөліп-жарып қарауы жат болар. Ал кәсіби тұрғыдан, әлбетте, діни тұрақсыздық белең алып тұрған өңірлерге көбірек назарымыз ауады.

Осы мақсатта биыл Нұр-Мүбарак университетінің Ақтөбе қаласында Дайындық бөлімі ашылды. Жан-жақты талқыланған жобаның тұсаукесеріне ректорымыз профессор Мухаммад аш-Шаххат ал-Жинди бастаған делегация арнайы барып қайттық. Рәсімге облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып:

«Мемлекетіміз жастардың білім алуына қолдау көрсетіп, жан-жақты жағдай жасауда. Соның ішінде, діни білімді де шетел аспай-ақ, өз елімізде алуға бүгінгі күнде толық мүмкіндік бар»,- деп тілектестігін білдірді.

Дайындық курсында Нұр-Мүбарак университетінде білім алу үшін қажетті дәрістер, Құран тәжуиді, араб тілі, Қазақстан тарихы т.б. маңызды пәндер оқытылады. Себебі шәкірттер оқу жылында діни сауатпен ғана шектелмей, еліміздің тарихы, халқымыздың дінмен астасқан салт-санасын кітаби негізде оқып-білуге қол жеткізбек. Мұндай Дайындық бөлімі Шымкент қаласында да ашылған болатын, Алматы қаласы, облысында да жұмыс істеуде. Бұл Нұр-Мүбарак университетінде оқу үшін білімге ерекше назар аудару қажеттігін аңғартады. Биылғы қабылдау науқанының өзінде бірнеше Алтын белгі иегерлері, қызыл аттестатты түлектермен қатар, өзге арнаулы оқу орындарын үздік бітірген түлектер құжат тапсыруда. Бұл уақыт өткен сайын білім сапасының өсіп, бәсекелестіктің арта түскенін дәлелдейді.

–Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!