Қазақ дін ғұламалары тарихындағы Файзолла қаридың орны

    688

    Қазіргі Қазақстан жағдайында дін төңірегінде елеулі өзгерістер орын алып жатыр. Елдің тәуелсіздігін алуы, діни-рухани жаңғыру үрдісі, жаңа діндер мен ағымдардың белсенді таралуы, халықтың руханиятқа бетбұрысы, дәстүр мен дін талаптарының қайшылыққа түсуі сияқты әралуан үрдістер қазақ дін ғұламаларының еңбектерінің қазіргі кезде қаншалықты рухани бағдарлық қызмет атқаруы қажеттілігін көрсетеді.

    Уақытылы дін ғұламаларымыздың руханиятын жаңғырта алмауымыз, олардың мұраларының көмескіленіп кетуі, тіпті кейбірінің жойылып кетуі, қолда барының өзі көптеген себептерге байланысты жарыққа шықпауы немесе кешеуілдеп шығуы қоғамдағы дін төңірегіндегі талас-тартыстарды ұлғайтып жіберді. Дін туралы түсінігі төмен қарапайым жұр әркімнің сөзіне еріп, әркімнің қолынан ұстап қазірдің өзінде бірнеше бағытқа бөлініп кетті деуге болады.

    Осындай өлара шақта Файзолла Қари сынды біртуар дін ғұламаларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектерінің жарыққа шығуы өте қуантарлық жағдай. Файзолла Қари шығармалары, бүгінге дейін қазақта дұрыс дін болған жоқ, халықтың сауаттылық деңгейі төмен болды деген мағынада айтылып жүрген жаңсақ пікірлерді тағы да бір жоққа шығарады. Оның шығармаларынан қазақ дін ғұламаларының сарыны есіп тұрады. Мәселен, Абай Хакімдегі «Алланы сүю» ұғымы Файзулла Қаридың «Есің болса ер жігіт Алланы сүй!» деген өлеңінде:

    Бір Құдайдан басқаның бәрі бекер,

    Дүние – көзді алдаған бейне мекер.

    Есің болса ер жігіт Алланы сүй,

    Алдамшы бақ бір күні тастап кетер!- (242-бет) деген түрде көрініс табады.

    Қазақтың ислам түсінігінің астарында «Алланы сүю» түсінігінің жатуы – рухани кемелдіктің көрінісі. Сопылықтағы «Фәнә филлаһ» мақамына жетуі деуге болады.

    Ал Шәкәрімнің ар ілімін Файзулла қари өз өлеңдерінде былай сипаттайды:

    Көп пендеде жетпейді инсаният,

    Сол себептен жоққа тән ар мен ұят.

    Қарны тойса мәз болып тірлігіне,

    Кісілікті қылмайды мағрифат.

    Демек, Файзулла қари шығармаларының мазмұны қазақ дін түсінігіне толықтай сабақтастықта өрбиді.

    Рухани кемелдікке жетудің тағы бір көрсеткіші қазақ халқына тән «Өсиет айту» еді. Қазіргі қарияларымызда кенжелеп қалған бұл дәстүр Файзолла қари шығармаларында ашық көрініс тапқан. Файзолла қари өзінің бұл дүниеден өтерін алдын ала біліп қана қоймай, ел жұртымен қоштасып, өзін кімнің арулап, кімнің жаназа шығаруы керектігін де өсиет қылып айтып кеткен.

    «Шүкір де Файзы, бұған да» өлеңінде:

    Жеті күннен соң өтесің,

    Фәниден мынау кетесің.

    Қиямет күні болғанда

    Алдыңнан нені күтесің?!

    Ақыл – мұхит, ой – терең,

    Қайғыға енді бол керең.

    Көрініп келді ажалың,

    Көрінбей келсе қайтер ең?! (149-бет)

    «Қирақайдың Молдағалиына» деген өлеңінде

    Құрметті діні-досым Молдағали

    Жігіт ең қатарыңда абзал, ғани.

    Аттандыр өз қолыңмен тәрбие ғып,

    Ағаңыз өтінуші Файзи қари. (152 бет)

    «Мухтасиф Әлмұхамедпен қоштасу»

    Қолыңа алып осы қағазымды,

    Жеткізгін жалпақ елге уағызымды.

    Тапсырып ақ тәнімді қара жерге,

    Әлеке өзің шығар намазымды.

    Мысалы «Қош елім…!» деген өлеңінде:

    Құлаған бәйтеректей қия-құздан,

    Қош, елім, кетіп барам араңыздан.

    Тілегім үш қайтара сұрайтұғын,

    Ескеріп, тастамаңыз дұғаңыздан.

    ….

    Қош, елім, жерің-суың аман болсын,

    Ырысты, ынтымақты заман болсын.

    Бөлінбей жүзге, руға бірлік сақта,

    Атағы Атам Қазақ ұран болсын!-дейді.

    Пайдаланылған әдебиет: Зияуйеденов Р.С. Көкірегім алтын көмбе. Файзолла Сатыбалдыұлы. – Павлодар:- ҒӨФ «ЭКО», 2018.

    Кеңшілік Тышхан,

    Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

    Әлеуметтік ғылымдар факультеті

    Дінтану кафедрасының меңгерушісі