Қазақылықтан ажырау – абырой емес

    463

    Жан-жақтан ақпарат ағылып жатыр. Оқып, көңілге тоқып үлгерем дегенше келесі ақпарат келіп тоғысады. Оның ішінде ақтау да бар, даттау да бар. Бірін-бірі түтіп жеп, бірінің етін бірі жеп барады. Білім аз, ақпарат көп. Осынша ақпараттан адамдар неге ақылды болып кетпейді? Неге адамилықтан құлдырап бара жатыр? Сауал көп… 

    Абай Құнанбайұлы  он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық», — деген. Ақынның бұл сөзін: «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз» деген шумақтары толықтыра түседі.

    Бүгінде түрлі әлеуметтік желіде отырған жұрттың бәрі: «Құдық сыртындағының бәрі ақылды» дегенге саяды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір сөзінде:  «Адамның сүйеніші ақыл,  ақылы жоқтың  діні де жоқ»,- деген екен.

    Елімізде діни білім алуға мол мүмкіндік бар

    Қазіргі таңда елімізде діни білім алуға жан-жақты мүмкіндік қарастырылған. Оқып, білімнің мол мұрасына кенелем деген жанға қай салада да мамандар даярлайтын оқу орындары жеткілікті.

    Елімізде алты жоғары оқу орнының арнайы кафедраларында дінтанушы мамандар даярланады. Оларға діндер тарихы мен теориясы, мемлекеттік-діни қатынастар, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелері жан-жақты оқытылады. Тәуелсіздігімізбен бірге жанданған дінтану ғылымының өзіндік ерекшеліктері, озық тәжірибесімен қатар қоғамдағы өзекті мәселелері де айқындала түсті.

    Тіпті, еліміздегі дәстүрлі діндер жөнінде мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы туралы ақпараттар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептен бастап, барлық білім беру мекемелерінде қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді.

    Сонымен қатар, «Дінтану» пәні таңдау курсы ретінде еліміздің барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген.

    Елімізде «Дінтану», «Теология» және «Исламтану» мамандығына мемлекет тарапынан грант бөлініп, оқыту үдерісі жолға қойылған.

    Мәселен бір ғана Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – жоғары білімді имамдар, исламтану, дінтану, теология, екі шет тілі (араб-ағылшын, ағылшын-араб тілдері) мамандарын дайындайтын бірегей жоғары оқу орны.

    Орта есеппен алғанда, 2018-2019 оқу жылында елімізде 367 дін маманы бітірген, оның ішінде дінтанушы – 172, исламтанушы – 179, теолог – 16.

    Оқи отырыңыз: Бітіруші дін мамандары туралы мәлімет.

    Ислам діні ғылымға ерекше мән береді

    Ислам діні ғылымға және оны оқып-үйренуге, адамның ой-пікірі мен ішкі-жан дүниесін байытуға ерекше мән береді.

    Мұхаммед пайғамбар біздің білімге деген ынтамызды арттыру үшін былай деген: «Кім де кім білім үйренгісі келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді. Періштелер оның әрекетін ұнатқандықтан, үстіне қанаттарын кереді. Аспан мен жердегі тіпті, судың ішіндегі балықтар да ғалымдар үшін Алладан кешірім тілейді. Ғалымның жәй құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды, тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледі».  

    Білім – адамзат баласының шамшырағы. Білім – нұр, шұғылалы шуақ. Сол себепті де білімнің маңызын, қажеттілігін білген ұлы ғұламалар бүгінге сәулелі ой тастап кетті. Күллі түркі әлемінің мақтанышы Махмұд Қашқари: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», — десе, Шал ақын: «Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей, — дейді. Келелі білімнің халыққа тигізер  пайдасы бар дегенді меңзесе керек.

    Қазіргі таңда діни білім алуға қатысты мәселелер де бар. Бүгінгі күнге дейін қазақ жастары шет елдерге барып, діни білім алып жатыр. Тіпті алып жатқан діни білімінің дұрыс емес екенін түсініп, елге қайтқандар да бар.

    Бұған дейін де шет елден оқып, елге оралып, жемісті еңбек етіп жүргендер де баршылық.

    Ал кейбір азаматтарымыз «Әр елдің салты басқа» демекші, олар өздері білім алған елдің салт-дәстүріне бой үйретіп келгендер. Шетелге шығып, қазақылық қасиеттен ажырау – абырой емес.

    Шетелде діни білім алып келген кейбір азаматтардың уағыздары қоғамда түрлі көзқарас тудырғанын мамандар тарапынан талай мәрте айтылып келеді. Олар айтқан уағыз насихаттарымен қоғамның сынына ұшырады.

    Дінге жаңа бет бұрушылар өздеріне кез келген ақпаратты ала береді. Мәселенің мәні – білімнің таяздығына, адами түсініктің аздығына  келіп тіреледі.

    Интернет әркімге ұстаз бола алмасы белгілі. Ең дұрысы білімді әрі сенімді ұстаздардан алған дұрыс. Әйтпесе, жас ұрпақ басын жарға соғып, жүрісінен жаңылуы мүмкін. Ақпаратқа толық қанығып, терең білім алмағандықтан да адасушылар қатары азаймасы анық.

    Білімді адамның білгенін үйретуі – ең үлкен жақсылықтың бірі. Елімізде ғалымдар қатары да толысып келеді. Олардың халықты діни тұрғыдан сауаттандырып, білім үйретуі – қоғамның дұрыс бағытқа өзгеруі мен тәрбиенің кепілі.

    Ғалымдарымыз  көбейген сайын ел ішінде насихат тереңдейтіні сөзсіз. Білімділер қатары артқан сайын елімізде белең алған деструктивті діни ағымдардың келеңсіз әрекеттері де жойыла бастайды. Осылайша жақсылық салтанат құрады. Тіпті жат ағымның жетегінде кеткендер де ақиқатқа мойын бұрары сөзсіз.

    Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

    Пікір жазу