Қазақстан Дінтанушыларының IX форумында не айтылды?

    209

    Бүгін елордадағы «Қазмедиа орталығында» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Қазақстан Дінтанушыларының ІХ форумы өтті.

    Оған республиканың түкпір-түкпірінен келген дін саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дінтанушылар мен теологтар, жоғарғы оқу орындарының дінтану факультеттерінің оқытушылары қатысты.

    Үш секциялық отырыстан тұратын форумды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов жүргізді.

    Жиында профилактикалық және оңалту жұмыстарын жетілдіру мәселелеріндегі дінтанушылар мен теологтардың рөлі талқыланды.

    Министр Дәурен Әскербекұлы дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл форумда талқыланатын мәселелердің өте өзекті екенін айта келе:

    –Бүгінде елімізде деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары азайып келеді. Мұндай оң өзгерістің байқалуына үкіметтік емес ұйымдармен және оңалту орталықтарымен ынтымақтастық нәтижесінде қол жеткіздік, — деп айрықша атап өтті.

    Ал ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз имамдардың жанқиярлық жұмыстарының арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып жатқанын айтып, бұған дейін хабарлағанымыздай, көпшілік алдында үш ұсынысымен бөліскен еді.

    Сонымен қатар, форумның алғашқы отырысында Терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары, ҚР ҰҚК полковнигі Сергей Швейкин, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов және «Қазақстан дінтанушылары конгресі» ҚБ төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов баяндама жасады.

    «Руханият саласында діннің рөлі мейлінше үлкен және ол Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатында маңызды факторға айналды. Әртүрлі әлеуметтанулық зерттеулерге қарағанда, Қазақстан халқының 60-тан 90 пайызға дейінгі бөлігі дінге сенеді, әрине, олардың басым бөлігі діни ғұрыптарды атқармайды.

    Сондай-ақ, халықтың бір бөлігін дінге сенбейтін атеистер мен агностиктер құрайды. Елдің конфессиялық картасы барынша құбылмалы болып отыр, сондықтан діни болмысты үнемі мониторинг жасап, бақылауда ұстау қажет, дін саласындағы мемлекеттің превентивті қадамдарына үлкен көңіл бөлу керек» — деді Б.Сатершинов.

    Бірінші секциялық отырыста «Қоғамдық процестерді зерттеу және талдау орталығы» ҚБ атқарушы директоры Толғанай Мұстафина халықтың мекенжай топтары арасында алдын алу жұмыстарын ұйымдастырудағы негізгі проблемаларға кеңінен тоқталды.

    «Биыл министрліктің қайта құрылуына байланысты РАТТ жұмысының басым бөлігі екінші жарты жылдыққа жүктелді. Соған орай, уақыт шектеулігі салдарынан бір айда үш-төрт облысқа қатарынан іс-сапар ұйымдастыруға тура келеді. Сәйкесінше, атқарылған жұмыстар бойынша есептер тапсырылады. Бірақ биыл кей кезде есептердің келісілу рәсімінің ұзаққа созылуы РАТТ жұмысын ары қарай жүзеге асыруға кедергі туғызып отыр» — деді ол.  

    Индира Беркімбаева

    Сондай-ақ, «Парасат әдістемелік-кеңес беру орталығы» мекемесінің атқарушы директоры Индира Беркімбаева дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлауды және қайта даярлауды жетілдіру жөніндегі мәселелерге тоқталса, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» ЖШС директоры Жапал Долиев «Әйел жамағаттары» арасында алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша «SCRUM» жобасымен таныстырды.

    Форумда «деструктивті ағымдар мен діни радикализмге қарсы күрестегі БАҚ-тың рөлі» тақырыбында «Қазислам» ақпараттық-ағартушылық порталының бас редакторы Саясат Қабдрахманов баяндама жасады.

    Ол БАҚ-тың дін саласының мамандары мен халық арасындағы дәнекерлік маңызын айта келіп, ғалымдардың, діни қызметкерлердің әлеуметтік желі психологиясын меңгеріп, оны белсенді қолдану туралы пікірін білдірді. Сонымен бірге дін саласының мамандары арасында TEDx ұйымдастыруды ұсынды.

    Фоторепортажды дайындаған – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

    Суреттерді түсірген – Дархан САХАРИЕВ

    Пікір жазу