Басты тақырыпСұхбат

Қазақстан – дінаралық үнқатысу орталығы

Назарларыңызға ҚР Қоғамдық даму министрлігі, Қоғамдық келісім комитеті төрағасы Қайсар Қадырұлы Жанахановтың республикалық «Aiqyn» газетіне жарияланған сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Қайсар Қадырұлы, қазір еліміздегі діни ахуал тұрақты деп отырмыз. Осы тұрақ­тылықты статистика тілімен сөйлетіп көрсек.

– Бүгінде республикамыз өзін әлемге көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде танытып келеді. Елімізде 18 кон­фессияны құрайтын 3 700-ден астам діни ны­сан тіркелген. Оның ішінде ислам, пра­вослав, католик, протестант және басқа да дін өкілдерінің бірлестіктері. Жалпы елі­міз­дің дін саласында шешімін таппай отырған мәселе жоқ. Мемлекеттік-кон­фес­сиялық тұр­ғыдан дәйекті қатынас орна­ты­лып, аза­маттардың діни бостандығы толы­ғы­мен қам­тамасыз етілген. Дін саладағы ең ма­ңыз­ды міндет – еліміздің дамуының за­йыр­­лы қағидатын қамтамасыз ету және ны­ғайту. Осы бағытта жұмыстар жалғаса береді.

– Қоғамдық даму министрлігі – елімізде жақында ғана құрылған құрылым. Әйтсе де, атқарылып жатқан жұмыстардың бір жолға қойылғаны байқалады. Сондықтан комитет жұмысына да тоқтала кетсеңіз.

Жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұ­мыстарының нәтижесінде қазақстан­дық­тардың 85 пайызы деструктивті идея­лардың таралуына қарсылық білдірген. Сондықтан халықты ақпараттандыру, мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында елімізде арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық келісім комитетінің қолдауымен жұмыс істейтін ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына дін саласындағы сұрақтарды егжей-тегжейлі түсіндірумен айналысатын ғылыми-сарап­тамалық ұйым өкілдері, жоғары білімді теологтар, дінтанушылар мен мемлекеттік мекемелер мамандары енгізілген. Осының арқасында радикал бағыт ұстанатын тұлғаларға үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Аймақтар мен шалғай жатқан өңір­лерге арнайы барған ақпараттық-тү­сін­діру тобы мешіт жамағаттары мен жастар арасында, әйелдер мен жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушы халық ара­сын­да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2018 жылдың 9 айы ішінде ақпа­рат­тық-түсіндіру тобының қатысуымен 170-ке жуық іс-шара өткізіліп, оған жалпы саны 14 мыңнан астам адам қатысқан. Сондай-ақ өңірлерімізде 2623 адам жұмыс істейтін, 211 өңірлік ақпараттық-түсіндіру орта­лықтары қалыптасқан.

Жалпы комитет пен өңірлердегі жергілікті дін істері басқарма­ларының ұйымдастыруымен биыл 19 мың­нан астам түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 1 млн 300 мыңнан астам адам қатысқан. Айта кетерлік жайт, негізінен іс-шараларға әйелдер мен жастар арасында, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұ­мыспен қамтушылар арасында, діни жолды ұстанушылар мен бұрын істі болған адамдар тартылған. Тек биылдың өзінде Қылмыстық атқару жүйелерінде жүргізілген түсіндіру және оңалту жұмыстарының нәтижесінде 240-тан астам адамды райынан қайтаруға қол жеткіздік. Қоғамымызға жат діни ағым­дардың жетегінде адасып жүрген әйелдер қауымымен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 820-ға жуық осындай әйелге әлеуметтік көмек көрсе­ті­ліп, азық-түлік беріліп, медициналық және психо­логиялық тұрғыдан қолдау жасалған. Шын мәнінде бұл бағыттағы жұмыстар өте нәзік, мәселеге абайлап баруды қажет етеді. Сондықтан жоғарыдағы жұмыстардың әрқайсысы – үлкен еңбектің нәтижесі.

– Бір кездері қоғамымызда түрлі діни әдебиеттер көбейіп кеткені жасырын емес. Тіпті жат діни ағым өкілдері діни баспаларды көшеде ашықтан ашық, өткен-кеткен халыққа тегін тарататын кезеңнен де өттік. Бүгінде олар – қатаң бақылауда. Діни әдебиеттерді талдау процесіне тоқталсақ.

– 2018 жылдың қаңтар және қыркүйек аралығында 4 мыңға жуық баспаға діни сараптама жасалып, олардың ішінде 50-ге жуық діни әдебиет талапқа сай емес деп танылған. Сондай-ақ дәл осы мерзім ішінде 6 600-ден астам ғаламтор ресурсына талдау жасалып, олардың ішінде 1 670-тен астамына заңға қайшы әрекеттері үшін шектеу жұмыстары жүргізілген.

– Діни білім беру мәселесі де өзекті болып отыр. Шетелден діни білім алуға қатысты көптеген сын айтылды. Бүгінде бұл мәселелер қалай шешіліп жатыр?

– Бүгінде елімізде 15 рухани білім бе­ретін орталық бар. Сондай-ақ шетелдік діни білім беру орындарында 200-ден астам адам білім алып жатыр. Жалпы жастар­дың діни білім алуға деген құштарлығын қанағат­тандыру мақсатында елімізде сапалы діни білім беретін орталықтар ашылды. Отандық студенттерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан және жергілікті атқарушы орындар тарапынан арнайы оқу гранттары бөлініп жатыр. Исламтану, дінтану мамандықтары бойынша маман дайындау жолға қойылып жатыр. 2018-2019 оқу жы­лында 244 студентке мемлекеттік оқу грант­тары берілген. Жыл өткен сайын дінтану бағытында мамандар дайындауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. Биылғы оқу жылында Нұр-Мүбарак уни­вер­ситетінде 1 350-ден астам студент білім алып жатыр.

– Еліміздегі конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі бүгінде әлем елдеріне үлгі болып жатыр. Мұның сыры неде?

– Бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келі­сімнің қазақстандық үлгі қалып­тасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан­түрлік арқылы тұтастыққа» деген хал­қымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат. Елімізде 100-ден астам ұлттың өкілі өмір сүреді. Олардың елімізде этномәдени орта­лықтары, жексен­білік мектептері жұмыс істейді. Ол жерлерде олардың мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, тілін, театрын дамыту бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде елімізде мыңнан астам этномәдени орталық тіркелген. Қазақ­стандағы барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елімізде нәсiлдiк, этни­калық, тiлдiк, дiни және өзге де бел­гi­ле­рiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымы бар екенін де айта кеткен жөн. Сан түрлі ұлттың, әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Елбасымыз ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін әрдайым айтып келеді.

Соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселені шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатыр. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезін алтыншы мәрте өткізіп, әлемге дінаралық үнқатысу орта­лығы ретінде танылды. Дүниежүзінде түрлі қақ­тығыстар ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап отырғаны рас. Осы орайда, еліміз бұл мәселеде дұрыс шешім тауып, тіпті еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттауы, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып отырғаны талай елдің қызығушылығын тудырып отыр. Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Бастысы – осы.

Сұхбаттасқан Жадыра АҚҚАЙЫР

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close