Суреттің материалға қатысы жоқ.

Сұрақ: Қазақстанда діни партия құруға бола ма?

Жауап: Қазақстан Республикасында мемлекет құраушы титулды ұлт – қазақ ұлты саналғанымен, Ата заңымыздың кіріспесінде көрсетілгендей «тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқының» құрамында көптеген этностар бар. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы ислам дінін, 20 пайыздан астамы православилік сенімін ұстанғанымен, елімізде өмір сүріп жатқан әрбір этностың өз тарихи сенімі бар.

Бүгінде елімізде 130 этнос және 18 діни конфессия өкілдері өмір сүреді. Яғни, елімізде дін мәселесінде әртүрлілік басым.

Егер, Қазақстанда діннің саясатқа араласуына жол берсек, онда еліміздің унитарлы жүйесіне нұқсан келтіреміз. Сол себепті де мемлекеттік біртұтастықты сақтау үшін Қазақстан Респуликасының Ата заңының 5 бабының 3 тармағында: «Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады» деп көрсетілген. Және осы мазмұндас құқықтық норма Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы Заңының 5 бабының 7 тармағында да көзделген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Атазаңының  5 бабының 4 тармағында: «Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді» деп елімізде діни партия құруға үзілді-кесілді тыйым салынған. Әрі-беріден кейін Қазақстан Республикасы Атазаңның 1 бабында өзін зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын паш еткен. Ал, зайырлылық қағидаттар бойынша дін мемлекеттің саясатына араласа алмайды.

Алысқа бармай-ақ, посткеңестік елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, Орталық Азиядағы Тәжікстанда 1991 жылы «Тәжікстан Ислам қайта өрлеу партиясы», Өзбекстанда 1991 жылы «Өзбекстан ислам қозғалысы» құрылған болатын. Тәжікстанда діни партияның пайда болуы, ол елде азаматтық соғыстың өрті тұтануына түрткі болды. Тәжік еліндегі азаматтық соғыс кезінде 100 мыңдай адам қаза тауып, 900 мың адам босқын болып, елден үдере көшуге мәжбүр болды. Тәжікстанда аталмыш партияға 2015 жылы ресми түрде тыйым салынды. Өзбекстанда да ислам қозғалысының ортаға шығуы, ала шапанды ағайынның басына қара бұлт үйірді. Аталмыш ислам қозғалысы өкілдері бірнеше рет лаңкестік әрекеттер жасады. Ал, кезінде президент Ислам Каримов «Өзбекстан Ислам қозғалысына» тыйым саламын деп дінмен күресіп кетті. Нәтижесінде Өзбекстанда жүздеген мешіттер жабылып, мыңдаған діндар азаматтар түрмеге тоғытылды.

Осы күнге дейін Қазақстанда діни партия құрылған емес. Алайда, 2000-шы жылдардан кейін елімізде жекелеген азаматтар тарапынан діни-саяси ұрандар көтеріліп, Қазақстанның зайырлы жүйесін «тағұт» деп мансұқтаған діни топтар көрініс берді. Халықтың әдет-ғұрпы мен өзгеде тарихи құндылықтарын жоққа шығарып, ел ішінде кикілжің тудырған оқыс оқиғалардың  саны арта түсті.

Тіпті, діни содырлар лаңкестік әрекеттер жасауға көшіп, ел қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіре бастады. Қазақстан билігі бұл қара құйын пәлекеттің алдын алу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, діни экстремизм және терроризммен күресуді қолға алды.

Жоғарыда атап өткендей Қазақстанда діни партияның құрылуына заң бойынша жол берілмейді. Көрші елдерде орын алған жағдайлар мен еліміздегі қазіргі діни ахуалдың бет алысын бағамдайтын болсақ, тақау жылдары Қазақстанда діни партиялардың құрылуына рұқсат етілмейді, жалпы дінді саясатқа араластыру мүмкіндігі қарастырылмайды деп ойлаймын.

Мұхан ИСАХАН

Пікір жазу