Қазақстанда діни білім беру саласы қандай деңгейде?

    286

    Елімізге белгілі дінтанушы, теология докторы – Балғабек Әбдіқайымұлымен Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен медреселердегі діни білім беру мәселесі туралы сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

    Қазақстандағы діни білім беру моделі қай елдің негізінде жасалған?

    — Бүгінгі күні діни білім берудің қазақстандық моделі қалыптасуда деп айта аламыз. Дегенмен де онық қалыптасу моделіне Өзбекстанның, Түркия мен Египеттің діни білім беру жүйесі әсерін тигізгенін де айта аламыз.  Оның басты себебі – біздегі діни білім беру саласындағы мамандардың көпшілігі осы елдерде оқып, білім алып келген азаматтар. Шетелдердегі ислами оқу орындарында білім алғанның пайдасы — адамның ой өрісі кеңейеді, яғни салыстыра отырып пайдалы және зиянды тұстарын ажырата білуге ықпалын тигізеді. Әрине, шетелдерге оқуға барудың да өзіндік шарттары болуы керек деп санаймын. Мысалы үшін, оңы мен солын ажырата алмай тұрып шетелде діни білім алуға жіберуге болмайды.

    Осыдан 8-10 жыл бұрын еліміздегі діни білім беру мекемелеріне сұраныс күшті емес еді. Оның басты себебі – білікті дін мамандарының жетіспеушілігі болатын. СыБүгінгі күні Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті ғана сапалы дін мамандарымен қамтамасыз етіліп отыр. Медреселердің білім беру базалары мен мамандары әлі де жетілдіруді талап етеді. Себебі бүгінгі жастар білімді Түркия, Мысыр, Малайзия секілді елдердегідей алғысы келеді. Діни білім беру ұйымдары да сол талаптарға жауап бере алуы үшін өздерін ұдайы жетілдіріп отырулары міндетті.  

    Мысырда мың жылдан астам тарихы бар Әл-Азхар университеті бар, базасы өте мықты. Қателеспесем, 2015 жылы университет басшылығы тарапынан «Нұр-Мүбарак университетінің беделін көтеру үшін, оның оқыту, білім беру деңгейін Әл-Азхардың деңгейіне жеткіземіз» деп өз алдына бір бастама көтерілген болатын. Университет басшылығы да, Діни басқарма да осы бағытта жұмыс істейміз деп белсене кіріскен еді, алайда осы бастаманың қалай жүзеге асырылып жатқанынан қоғам бейхабар. Бұл бастама не үшін керек болды десек, себебі, көп азаматтарымыз: «Қазақстанда діни білім жеткілікті деңгейде берілмейді. Сол үшін біз шетелге барып оқығымыз келеді» деп Мысырға, Саудияға, Түркияға, Малазия мен Иранға, Ливанға кетіп жатты. Сондықтан, осы бастаманың қалай жүріп жатқанын қоғамға кеңінен жарнамалау керек деп есептеймін. Сол кезде жастарымыз шетелден гөрі отандық ислами оқу орнына түсуге талпынатын болады

    Университтер мен медреселердің оқу бағдарламалары ҚР білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу стандарттарына сәйкес жасалады. Мысалы, кәсіби пәндер 60-70 пайыз, сонымен қатар мемлекет тарапынан оқытылуы міндетті пәндер «Қазақстан тарихы», «Философия» және т.б.сол сынды төрт-бес пән бар. Сол пәндерді діни оқу орындары қосып оқытуға міндетті. Дәл қазіргі жағдайды білмеймін, бірақ кешеге дейін Нұр-Мүбарак университетінен басқа діни оқу орындарында осы пәндерді оқытатын мамандарға байланысты мәселелер болды.

    Ал медреселерде ше?

    —  Медреседе біраз проблема әлі де бар. Әсіресе «Қазақстан тарихы», «философия», «математика» сынды пәндерді оқытатын мамандарды жергілікті білім басқармасы емес, медресе басшылығы өзі таңдап алып жатады. Мемлекет зайырлы пәндерді оқыту міндетті дейді, ал оны оқытатын мамандарға бас ауыртқысы келмейді. Не үшін деген сұраққа келер болсақ, білім басқармасы өзі тағайындайтын болса оның жалақысын шешіп беруі керек. Оны жасағысы келмегендіктен, медресеге өзің шешіп ал дейді. Медресе толық штатқа ондай маманды қабылдауға қаржылай мүмкіндігі жоқ болғандықтан, қосымша жұмыс жасауға келіседі.  Ал мұның кемшіліктері өз алдына бір бөлек. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі медреселерге колледж мәртебесін берген соң басқа да колледждер (медицина, педагогика, т.б.) секілді медресе-колледждердің де шығындарына қаражат бөлуі қажет. Оқытушылардың жалақысы, ғимараттардың су, жарық, жылу және басқа да коммуналдық  шығындары медреселер үшін ауырлық тудыратыны белгілі. Медресе басшылығы осы үшін кәсіпкерлердің артынан қаржы сұрап тіленіп жүрмеуі керек. 

    Діни білім алуға мемлекеттік гранттар қалай үлестіріледі?

    — 2013 жылынан бастап мемлекет «Нұр – Мүбаракқа» «исламтану» және «дінтану» мамандықтарына мемлекеттік гранттар бөле бастады Бүгінгі күні бакалавр, магистратура және докторантураны қосқанда олардың саны 230-ден асып жығылады. Соның ішінде бакалавр грантына ие болу үшін ҰБТ қорытындысы жеткіліксіз. ҰБТ бойынша 2 пән негізге алынады және қалған екі пән шығармашылық емтихан арқылы тапсырылады. Сондықтан бұл жерде пысықтайтын дүниелер бар деп санаймын. Мен жеке басым бұған қарсымын. Себебі, шығармашылық емтиханда адами фактор орын алады. Мектепті жақсы бітіріп, ҰБТ-дан жоғары баға алып келгендер шығармашылық емтиханда төмен баға алып түсе алмай тауы шағылып жатады. Ал, орта мектептің оқу бағдарламаларындағы берілетін діни сабақтың сағат саны белгілі. Ал, университетке түсуге үміткерлерге шығармашылық емтиханда қойылатын сұрақтар медресені бітіріп келгендердің оқу бағдарламасы деңгейінде болып жатады. Сондай жоғары талап қойылатын болса, мектептердегі діни пәннің сағаты мен мазмұнын күшейту керек немесе талаптарды өзгерту керек. Қазақстан зайырлы мемлекет болған соң мектептерде діни пәндерді оқыта алмайды, олай болса мектеп бітірушілерге де медресе түлектеріне де бірдей мүмкіндік берілуі керек.

    Жаңағы 200 грантқа 300 үміткер таласып жатыр делік, сонда 200 грантты қалай үлестіріп береді?

    — Комиссия мүшелері: «Медресені бітірген балалардың діни сауаты бар, оларды оқыту оңайлау. Ал мектеп бітірген балалар мектепті жақсы оқығанмен, олар да діни білім, арабша сауат жоқ болғандықтан, қайта оқыту қиындау» деген секілді  және басқа да уәждерді алға тартатынын білемін. Мен ойлаймын, мектепте жақсы оқыған бала кез-келген нәрсені игеріп, жақсы оқып кетеді. Сондықтан бұл жағына келген кезде шығармашылық емтихан да, ҰБТ қорытындысы арқылы бәріне бірдей болу керек.

    Тек қана «Исламтануға» мемлекеттен 200-дей грант бөлінеді екен. Бұл көп емес пе?

    — Қазіргі уақыттағы кадр сұраныстарын ескерер болсақ, бұл көп емес. Қазақстанда бүгінгі таңда 3000-ға жуық мешіт бар, сол мешіттерге орташа есеппен 3 кәсіби кадр қажет десек (ауылдық жерлерде 2, қалалық және облыстық деңгейде 5-6), 9 мың діни білімі бар маман керек. Бір оқу орны бір жылда 200 жоғары білім бар кадр даярласа, медреседе де орта есеппен жылына 500-ге жуық бала бітіріп шығады. Бір жылда 700 дін маманы дайындалып шығады деп есептесек, 10 жылда олардың саны 7000 барады. Олардың 20 пайызы пікірін өзгертіп, басқа салаға кетіп қалды деген күннің өзінде алты мыңға жуық маман шығады екен. Яғни, 10-15 жылда біз Қазақстанда діни қажеттіліктерді қамтамасыз ететін мамандарды дайындап шыға аламыз. Ал одан ары қарайғы жылдарды есепке ала отырып қарасақ, дін мамандарына жұмыс тауып беруде қиыншылық туындай бастайды. Біздегі ең қиын проблема сол ғой, ертең ол мешітке бармаса, қайда барады? Ол өзінің санасында қалыптасып қалған діни ұстанымын халыққа жеткізгісі келеді, осы жерде проблема басталады. Себебі заң бойынша дінді тарату діни бірлестік құзыретінде, ал енді оны бітірген мамандар саны шектен артып жатса, тармақтарға бөлініп, өз көзқарасын таңып, жақтастар жинай бастайды. Тағы біреулері рұқсатсыз уағыз айтады, нәтижесінде кішігірім келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Осыған мемлекет қазірден бастап мән беріп, арнайы комиссия отырып гранттар санын қай уақытта қысқарту қажет екеніне талдау жүргізіп, анализ жасап, бұдан кейінгі стратегияны бекітулері керек.

    Қазақстандағы  діни білімнің шетелдерден артықшылығы неде?

    — Ең негізгі мәселесі – әр елдің өзінің қалыптасқан салт-дәстүрі мен ғұрпымен сабақтасуы. Осы жағына келгенде өзіміздің елде оқыған пайдалырақ. Елдің ішінде діни санасы қалыптасқан азамат, кейін қайда барса да өз ұстанымын да қала алады. Егер ешқандай діни білімі жоқ азамат сыртқа шықса, экстремизм, радикализм сынды діннің шектен шығуына алып барады. Саудияның діни ұстанымы қаталдау деп айта аламыз, Мысырдың өзінде де радикализм проблемалары бар, тіпті, Түркияда оқып жүріп, ДАИШ құрамына қосылып кеткен шәкірттер де болғаны жасырын емес. Адамның діни фундаменті дұрыс қалыптаспаған болса, ол кез-келген уақытта жат ағымға еріп кету қаупін жоққа шығара алмаймыз. Сол үшін діни білімді азаматтарымызға ең алдымен елде қалуларына барымызды салуымыз керек. Негізінен діни білімнің түбірі – Түркияда да, Мысырда да бізге қарағанда әлдеқайда мықтылау. Өйткені ол жақта діни білім жүйеленіп, бірізділікке түскен. Сол үшін сол жақтарға қызығушылық көп.

    Бұрындары медресе бітіргендер жоғары оқу орындары болмағандықтан, орта біліммен қалатын. Медресеге көп жағдайда мектепте төмен білім алғандықтан жоғары оқу орнына түсуге ниеті жоқтарды ата-аналары: «Әйтеуір Құран оқып болсын, күнін көрсін» деп беретін еді. Екіншіден, ауылдық жерлерге әлеуметтік проблемалар шешілмегендіктен білікті мамандар барғысы келмейд. Нәтижесінде сол ауылдағы дінге икемділеуін молдалыққа амал жоқ тағайындайды. Бұл проблема қазір де бар. Мысалы, ауылдық жерлерге ешкім бармайды. Өйткені ауылдық жерде күн көру мәселесі бар. Мемлекет ешқандай имамға жалақы бермейді. Мешітке түскен ақшадан ғана ол өз күнін көреді. Ауылдық мешітте айына 10 мың түсуі мүмкін, оған мешіттің жылуы, жарығын қосыңыз. Сондықтан ауылдарға жоғары білімі бар дін мамандары бармайды. Тек сол жерде туып-өскен, үйі мен мал-жайы бар болмаса, күн көру мүмкін емес. Көпшілік имамдар қосымша жүргізуші болып жұмыс істейді, ол кісілерге де отбасыларын асырау қажет. Жасыратыны жоқ, кей жағдайларда жершілдік мәселесі де орын алып жатады. Шалғай ауылға білімді жас маман барса жергілікті тұрғындар оны қудалап, «өзіміздің ауылдың азаматын имамдыққа бекітіп бер» деп орынсыз талаптарын орындатқысы келіп, қысым жасап жатады. Әлі күнге дейін шешілмеген имамдардың проблемасы бар. Мемлекет немесе діни басқарма арнайы қор құрып, имамдардың жалақысын түбегейлі шешпесе, бұл мәселе өзекті болып қала береді.

    Дінтанушы деген мамандықтың өзі ТМД-да ғана бар екен, батыста, Еуропада дін психологы, дін социологы, дін антропологы деп бөлінеді. Бәлкім бізге де салалыққа бөлінген дұрыс шығар?

    — Негізі исламды терең оқытатын Мысырда, Түркия мен Ливандада діни факультеттің өзі салаларға бөлінеді. Дін психологиясы, дін философиясы, ислам тарихы, тассауф, суфизм, ислам құқығы, хадис бөлімі, дін — музыка деген салалыққа бөлініп кеткен. Мүмкін болып жатса, бізде де бөлінген жақсы болар еді. Бізде исламтану деген мамандықтың ішінде дін психологиясын да, социологиясын да, антропологиясында оқытамыз. Ал бір адамның мұның бәрін толықтай игеріп шығуы мүмкін емес.

    Сол себепті кадр мәселесі өте маңызды. Біз діни білім беру бойынша,  мықты жүйе жасайтын болсақ көп мәселе шешіледі деп ойлаймын. Бірізді жүйе жоқ болған соң, әркім өз бағытына бұрып кете береді.

    Дінтану саласына қандай дисциплинарлы пәндерді енгізу қажет деп ойлайсыз және қайсы пәндерді алып тастаған дұрыс?

    — Мен өзім білім алған Түркия елінің тәжірибесін айта кетейін. Ол жақта «имам-хатиб» лицейлері бар. Бұл оқу орындарының басқа лицейлерден айырмашылығы, бәріне ортақ негізгі пәндермен қатар, діни пәндердің де оқытылуында, яғни, олар қарапайым лицейлерге қарағанда күнделікті сағаттары көбірек және ұзақ болады. Біздегі медреселерге  колледж статусын бергеннен соң оларға 9-шы сыныптан бастап шәкірт қабылдауға рұқсат берілсе оқуға түсуге деген бәсекелестік те күшейеді. Қазіргідей, тек 11-ші сынып бітіргеннен соң ғана оқыту білімді жастардың қызығушылығын туғызбайды. Осы мәселені уәкілетті органдар ескеруі керек.

    Кезінде мемлекеттік қызметте жүрген кезде,  философия, қазақстан тарихы, қазақ тілі міндетті түрде болуы керек деп қостырған едім. Зайырлы пәндердің көпшілігінің оқытылған дұрыс. Себебі әлі күнге дейін аудандық, ауылдық, тіпті, облыстық жерлердегі жиында әкімдерден кейін, ел алдына шығып сөйлейтін екінші адам – имам. Діни пәндер мен зайырлы пәндерді қатар алып жүруде салмақ көптеу болуы мүмкін. Бірақ білікті маман болу үшін діни білімді де, зайырлы білімді де қатар меңгеру керек.  Ертең оқуды бітіргеннен кейін, елдің алдына шығып, уағыз айтып, насихат жұмыстарына қатысады. Осыларды ескергенде медресені бітіріп шыққандар зиялы қауыммен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алуы керек болады. Имамның абырой-беделін көтеруі үшін халыққа шариғат шеңберінде «намаз оқыңдар», «ораза ұстаңдар» дегеннен пайда аз. Сол үшін зайырлы пәндерді тереңірек оқып, дүниетанымын кеңейткендері абзал болады.

    Олар біздің тарихымызды, мәдениетімізді білуі керек. Ата-бабаларымыз дінді қалай ұстанғанын білулері тиіс. Тек шариғатты ғана емес, физиканы, математиканы, тарихты, саясатты, спортты бір кісідей білуі тиіс. Яғни, дін адамы өзінің жамағатының көшбасшысы бола білсе ғана жастар оны тыңдайды, соңынан ереді. Жұртты имандылыққа шақырумен қатар, өнер-білімге де шақыруы керек. Ыбырай Алтынсарин атамыз «өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деп айтып кеткендей,  тек қана шариғатпен алысқа бара алмаймыз.

    Дін саласындағы оқулықтардың жағдайы қалай, көңіл толарлықтай ма?

    — Бізде қазақ тілінде жазылған дайындалған базалық оқулықтар өте аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бірен-саран мамандар тарапынан аударылған кітаптар бар, бірақ бұл жұмыстар да жүйелі емес. 

    Сонда аталған пәндерді қалай оқытады?

    — Ол пәндерді мен арабша білсем, арабша кітаптардан алып түсіндіремін. Түрікше білетіндер түрікшеден алып үйретеді. Өзбекше білетіндер Қазақстанда оқулық дайындау проблемасы әлі шешілген жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  еліміздегі ислам мәселелеріне жауапты мекеме болғандықтан діни оқулықтар дайындауға басын көбірек ауыртса орынды болар еді.

    Ол оқулықтарды дайындайтын мамандар жоқ  па, әлде басқа кедергілер бар ма?

    — Дайындайтын мамандар жетеді. Қазақстанда, Өзбекстанда, Мысырда, Түркияда оқып келген қаншама мықты мамандар бар. Муфтият солардың бәрінің басын қосып, бізге қандай еңбектер керек деп, мысалы, фиқһ бойынша ең мықты бес кітапты, тәпсір бойынша бес кітапты, ақида бойынша бес кітапты қазақшаға аудартып, осылайша кемі елу кітап аударылып, оқу орындарына таратылса, бұл бір үлкен жұмыс болар еді. Бұған әлеуетімізде жетеді. Қазақстанда үш мың имам бар, олардың мыңға жуығы жоғары білімді. Республика бойынша 17 өкілдік бар, әр өкілдікке бір жылға бір кітаптан бөліп беріп аудартса болады ғой. Жаназа ас, құдайы тамақ тағы сол секілділер өткен шақта қалуы керек. Бір ғана Түркістан облысында 600 мешітте мыңға жуық дін қызметкері бар. Бір кітап шамамен 500-600 беттен тұрады. Сол алты жүз имам бір жылда бір беттен аударса бір кітап дайын болады. Бұл бір облыс үшін ғана.  Діни басқарма былтыр біздегі имамдардың 24 пайызының жоғары, 44 пайызының медреселік білімі бар деді. Сонда осы жоғары білімді мамандарға кітап аудартуға болады ғой. Медреседегі шәкірттерге әр кітаптың бетін реферат ретінде бөліп берсе де, аударып әкеледі ғой. Ақыретке осыдан артық қандай сауап бар?!

    Бір беттен болса, бір айдың өзі жетерліктей уақыт сияқты…

    — Иә, бір ай дейік. Одан әрі қарай корректорлар қателерін қарап, сосын мазмұнын түзетсе, алты айда біраз кітап шығаруға болады. Бұған аудармашы жалдап, шығын шығарудың да қажеті жоқ. Арнайы мамандармен бірлесе отырып, қандай кітаптарды шығаруға болатынын белгілеп, бөліп тастаса жетіп жатыр.

    Неге осыны қолға алмасқа…

    — Ешкімнің ниеті, уақыты жоқ қой. Имамдардың көбі ана кәсіпкерден ақша алсам, мына кәсіпкерден ақша алсам деп, демеуші іздеп қалталылардың соңынан жүреді. Ана демеуші көмірімді түсіріп берсе, мына кәсіпкер коммуналдық шығындарды жауып тастаса деп сонымен әлек. Одан қалса жеке басының шығындары бар соның қамымен жүреді. Имам-молдаларды осыдан құтқару керек. Күніне бес-алты кәсіпкермен сөйлесіп, мешіттің болсын, өзінің болсын жағдайын жасап жүрген адамға, проблема жасаудың қажеті қанша?! Тыныш қана уағызын айтып, жүре бермей ме?! Мұны жоғарыдан қадағалап басшылық жасамаса болмайды. Негізінен дін жолын ұстану, дінге қызмет дегеніміз байлықтан, салтанатты өмірден бәрінен баз кешіп, ахиреттік өмір үшін осы дүниеде қарапайым өмірді таңдау деген мағына береді. Бұл жол – ары таза, иманы мықты, тура жолдан таймайтындардың  жолы. Осы жолдан тайып кеткендер тек өзіне ғана емес тұтастай исламға кір келтіретінін ұмытпауы керек.

    Сұхбаттасқан — Айжан Қалиева.

    Пікір жазу