«Қажылықтан» абзал болған қайырымдылық

    156

    Меккеден қажылық парызын орындап, еліне қайтуды мақсат етіп, Жидда қаласының әуежайының күту залында күтіп отырған Жақсыбайдың қасына Бауыржан есімді бір кісі келіп орналасты.

    Жақсыбаймен амандасып, жөн-сұрасқаннан кейін:

    – Биыл қажылық парызын орындауды Алла маған оныншы рет нәсіп етті, Әлһамдулиллаһ, – деді де, Жақсыбайға қарап – Сен бұдан алдын қажылыққа бардың ба?, – деп төтесінен сұрақ қойды.

    – Бауырым Бауыржан, менің қажылыққа бару оқиғам өте ұзақ әңгіме. Мен отыз жыл бойы жекеменшік бір ауруханада физиотерапевт болып қызмет еттім. Алатын жалақым қажылыққа баруға жетпейтін. Зейнеткерлікке шыққанда беретін өтемақымды алып барамын деп, ниет еттім. Содан, зейнетке шығатын уақытым келіп, алатын «өтемақымды» алу мақсатында есепшіге бардым. Есепші отыратын қабатта, біздің емханада көп жылдардан бері ем қабылдап жүрген баланың анасын жолықтырдым.

    – Жақсыбай дәрігер, жаңа ғана естідім, зейнетке шығып жатыр екенсіз, Алла жолыңызды оңғарсын, Алла сізден разы болсын, баламыздан үмітімізді үзгенде, өзіңіз бізге үміт беріп, бетін бері қарауына атсалыстыңыз. Балам, бізге қарағанда сізбен көп уақыт өткізді, жолыңыз ашық болсын, – деді де, көңілсіз күйде қасымнан шығып кетті.

    Мен есепшіден өтемақым туралы сұрағаннан кейін, жаңағы баласы үшін шырылдап жүрген ананың жағдайын сұрадым. Есепші ол кісінің қызметінен босап қалып, баласының еміне қаржысы жетпегені үшін, баласының ауруханадан шығарылатынын айтты. Көп ойланып тұрмастан басшылыққа барып, баланың анасының жағдайын түсіндірдім, алайда, басшылықтан нәтижесіз бір жауап алдым.

    Өз кабинетіме қарай бет алып, жолда қалтама қолымды салғанымда, өтемақымның бары есіме түсті. Ақшаны қолыма алып, қолымды жоғары көтеріп:

    – Уа Аллам, өзіңде білесің, отыз жылдан бері қажылыққа баруды аңсадым, мен үшін қажылық парызын өтеуден асқан бақыт жоқ, осы үшін көп жыл қажымай еңбек еттім, әрі осы қолымдағы қаржыны асыға күттім, алайда, бұл қаржыны, мен баласы үшін қайғыдан қан жұтқан анасына, баласының еміне қолдау үшін беруге бел будым, менің бұл шешімімнің жақсылықпен аяқталуын нәсіп ете гөр, – деп дұға еттім.

    Есепшіге барып, қолымдағы қаржыны, баланың емі үшін қолдануларын сұрадым, артынан қаржының менің бергенімді білмеулерін, қаржы аурухана тарапынан берілгенін айтуын өтіндім. Өмір бойы күткен қажылық парызын өтеу бұйырмады, деген оймен үйіме қайттым. Үйге барғанымда, рухани жайлылықты сезініп, жүрегімнің дүрсілі құлағыма естіліп тұрғандай көтеріңкі көңіл күйде едім. Өйткені бір отбасының қаржыға мұқтаж күнінде, қаржылай қайырымдылық жасап, анасының көңілінің көтерілуіне себеп болған едім.

    Жататын уақытым келіп ұйықтадым, түсімде, қажылыққа барыппын, Қағбаның айналасында тауап етіп жүр екенмін, қажылардың барлығы маған қарап: «Жақсыбай қажы, қажылығың мүбәрак болсын, жер бетіндегі қажылыққа бармай, рухани қажылық тауабын жасадың», – деп сәлем бергенін естідім.

    «Кімде-кім Аллаға жақсылықпен қарыз берсе (Алла жолында шын ықыласты түрде қаржы жұмсаса) Алла оған көп-көп еселеп қайтарады. Алла (сынақ үшін) кейбіреудің ризығын тарылтады, кейбіреудің ризығын молайтады. Барлығың сол Алланың алдына қайтарыласыңдар» [1].

    Ұйқымнан тұрғанымда көңілім жай бір рахаттықты сезініп, Алладан келген барлық іске разымын деп айттым да, таң намазын оқып болған соң, отырып Құран оқыдым. Таңғы шәйімді ішіп, жұмысқа дайындалып жатқан едім, телефоным шырылдады. Телефон соққан бас дәрігер екен. Ол аурухана иесінің науқас болғаны үшін, физиотерапевтің көмегінсіз қажылыққа бара алмайтынын және жеке физиотерапевтің жұбайының аяғы ауыр, жақын күнде босанатыны үшін бара алмайтынын айтып, менің бірге баруыма өтініш жасағанын жеткізді. Мен де бұндай ұсынысты естіп, Аллаға шүкірлер болсын деп дұға еттім.

    Байқағаныңыздай, Алла маған ешқандай да бір қаржы шығармай қажылыққа баруды нәсіп етті.

    Өзімен бірге қажылыққа барғаным үшін аурухана иесі маған сыйлық бергісі келетінін айтты. Мен оған баласы науқас ананың жағдайын түсіндірдім. Ол да, баланың емін қаржыландыратынын, анасына жұмыс беретінін және менің баланың емі үшін берген қаржыны да қайтаратынын айтты. Жаратқан Иеміздің маған берген сыйлығы осындай, — деп аяқтады әңгімесін Жақсыбай.

    Бауыржан орнынан тұрып, Жақсыбектің маңдайынан сүйді де:

    – Дәл қазір ұялғанымдай өмірімде ұялмап едім, мен көп қажылыққа барған сайын Алланың құзырында дәрежем өсіп жатыр деп ойлайтынмын. Алайда, сенің мына бір қажылығың, менің бірнеше қажылығымнан абзал. Мен қажылыққа баруыммен сүйсінетінмін, Алайда сені, Алла жанына шақырып жатыр. Алла сенің және сен сияқты салих пенделерінің амалдарын қабыл етсін, – деп айтты.

    «Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүздеген дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла тым кең, әрі бәрін білуші»,

    «Мал мүлкін Құдай жолына атағандар, соңынан оны міндетсінбегендедер және (алушыны) ренжітпегендер Раббыларының алдында сауапқа ие болады. (Қияметте) оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды» [2].

    [1] Бақара 2/245.

    [2] Бақара 2/261-262.

    Исатай Бердалиев

    Пікір жазу