Қабір салу мен оған зиярат жасаудың шарттары

    251
    Color image of a Muslim tomb stone in an abandoned cemetery.

    (Қазіргі кездегі шектен тыс құрмет, бәсекелестік, мансұқтау көріністері жайлы)

    Заманымызда дін мен салттың, міндет пен құрметтің арасында біраз түсінбеушіліктердің салдары себепті қабір жөнінде әралуан пікірлер қалыптасуда. Әр адамның қайтыс болған жақындарының алдында міндеті бар екені даусыз. Ол, қазаға ұшыраған адамның қарыздары болса қайтарып, арулап ақтық сапарға шығарып салу. Мұны шариғатымыз да салтымыз да міндеттейді.

    Қазақта ағайынның басы торқалы той мен топырақты өлімде бірігетіндігі белгілі. Сол себепті қайтыс болған адамның өмірдегі жақындары ештеңесін аямай ақтық сапарын ұйымдастырып жатады. Осы шарада әрине басына қара жамылған жақындарына ақтық сапарды ұйымдастыруда белгілі бір нұсқау беру оңай емес.

    Дегенмен, қазіргі кездегі әлеуметтік жағдайдың өзгеруіне, қоғамдағы адамдардың деңгейлерінің әртүрлі болуы аталмыш мәселеде әртүрлі ұстанымдарға итермелеп отыр. Бұған, азаматтарымыздың діни талаптар мен қағидаттарды толық білмеуін, өліге жасалған құрмет қай бағытта болуы керектігіне мән бермеуін қосыңыз. Бұрында қазақ «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп өлімді жөнелту оңай еместігін айтқан. Бірақ қазір осы көрінісі тіптен күрделеніп барады. Өлімге аста-төк ас беру, қара мал сойып жүздеген адамдарды күту, тіпті соңғы кездері мейрамханалар мен асханалардың қызметіне жүгіну сияқты үрдістер жаппай белең алуда. Бұған біреулердің шамасы жетсе, екіншілерінің шамасы келмей қарыздануға ұшырап жатады.

    Мәселеге екі жағынан қарау керек. Біріншісі, қайтыс болған адамға құрмет тұрғысынан не сауап тұрғысынан қарасақ, ол адамға жасалатын ең үлкен жақсылық, оның атынан қайыр-садақа беру, дұғада болу, ізгі істерінен ғибрат алу болса керек. Екіншісі, тірілер тұрғысынан оған деген ізгі ниеттің көріністерінің басқаша сипаты. Ол басқа біреудің өлімінен асып түсуге бәсекелесу, басқалардан даралап тұратын қорған (мазар) салу, мазардың басын әшекейлеу, бейнесін тасқа қашау т.б.

    Осылардың ішінде ең күрделісі, марқұмның басын көтеру деп атап жүрген мазар салу да қазірде жарысқа айналған сияқты. Кезінде халқымыз әулие-абыздарының басына кесене салып олардың өмірлерінен ғибрат алып, халықтың алдында ұмыт болмас үшін белгі қойса, қазір бұл жаппай белең алған. Мұнда ең үлкен қасірет құрметтің міндетке айналуы. Әрине қайтқан адамға деген жақындарының құрметіне ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл құрмет діни талаптардың шегінен шықса керісінше сауап емес күнәға соқтыратындығын әрбір адам білуі керек. Өйткені Құран Кәрімде Ағраф сүресінің 31-аятында:

    «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ, ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді ұнатпайды» — делінеді.

    Осы аят пен «Әрбір ысырап – харам, әрбір харам (күнә) тозаққа апарады» деген қағида бойынша міндеттен артық жұмсалған шығын күнә болатынын естен шығармау керек. Бұл жерде тек қаржының ғана ысырабы емес, өлікті жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқандығын көруге болады. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға зәулім ғимарат салу өлі үшін де тірі үшін де пайдасы жоқ іс. Себебі, марқұмның балалары, жақындары өздерінің көзінің тірісінде оның басына барып дұға бағыштап, еске алып жүрсе де бірнеше ұрпақтан кейін ұмыт болары сөзсіз, олай болса бұл құрметтің уақытша болып қалары белгілі.

    Шариғаттың рұқсаты бойынша он бес жылдай уақыттан кейін сол жерде екінші бір өлікті жерлеуге болады. Ал қазіргідей жағдайдан кейін ол мазараттарды қирату марқұмдарға құрметсіздік саналып, дәстүрге қайшылық болып көрінеді. Себебі, осындай ысырапшылдық пен «астамшылық дәстүрге» қарсы кейбір радикалды діншілдер мазарларды қирату керек деп санап, ел арасында дүрбелең тудырып жүр. Бұл да қаталдық болар. Себебі, марқұмдардың басына тұрғызылған мазарлардың ешбір кінәсы жоқ, бар мәселе тірілердің түсінігінде. Сондықтан діндарлықты қирату жолымен емес түсіндіру жолымен жеткізу дұрыс әрі тиімді болмақ. Олай болса, осы екі шектен шығушылықтың ортасын тауып өлікке деген құрметімізді басқаша білдірсек, егер ауқатты адамдар болса жетім-жесірлерге, ғаріптерге көмектессе, баспанасыздарға баспана тұрғызып берсе, немесе сол шығындарын қайырымдылыққа арнаса діни тұрғыдан да адами тұрғыдан да қандай тиімді болмақ.

    Екіншіден, жағдайы төмен адамдар, басқалардан қалыспау үшін шығындалмаған болар еді. Қазіргі кезде, барлық ауылдық, аудандық, қалалық мазарлар арнайы қоршаулармен қоршалған, оған қосымша қоршау орнату қажеттілігі жоқ. Әрі кетсе, топырағы шашылмасын деп, жақындары адасып қалмас үшін басына тас орнатып, қарапайым тастан, темірден т.б. заттармен аздап қана тиянақтап қойса да жеткілікті болар еді. Себебі тірілердің салған әшекейлі ғимараттарынан ішіндегі марқұмға тиер ешбір сауабы жоқ. Керісінше, өлілер тірілерге ғибрат. Оларды зиярат ете отырып, біздің бұл дүниенің мәнін түсінуіміз, ақыреттік өмірімізді еске алуымыз, соған әзірлікте болуымыз ең басты мәселе. Ең жақсы амал адам баласының өз қолымен көзінің тірісінде істеген жақсылықтары мен ізгі амалдары. Қайтыс болғаннан кейін істеген істердің көбі пайда бермеуі мүмкін. Сондықтан дана халқымыз «Садақаны сауға бер» деп өсиет қалдырған.

    kazislam.kz

    Пікір жазу