Ғаламтор желісінен діни әдебиет оқуға бола ма?

    91

    Сұрақ: Ғаламтор желісінен діни әдебиет оқуға бола ма?

    Жауап: Технология дамыған мына заманда кез-келген ақпаратты ғаламтор желісінен бір сәтте-ақ табуға болады. Ол үшін арнайы уақыт бөліп жату шарт емес. Көлікте немесе кезекте отырғаныңда уақыт жоғалтпастан, ғаламторды ашып, қажет деген мәліметті оқып аласың. Бірақ мұндай рақат жағдайдың екінші жағы да бар екенін әсте естен шығармаған жөн. Басқаша айтқанда, ғаламтордан алған мәліметтің барлығы дұрыс бола бермейді. Керісінше алған ақпарат қате, дұрыс емес бұрыс болуы да ықтимал. Ондағы мәліметтер мен ақпараттар арнайы сараптамалық сүзгіден өтпейді. Ғаламторға ақпаратты ақылды адам да, ақымақ адам да сала алады. Біреу салған ақпаратының қате екенін білмей салса, енді бірі біле тұра басқаларды шатастыру үшін жалған ақпарат салады.

    Ал енді ғаламтордағы діни әдебиеттерге келер болсақ, онда тіпті сақ болуымыз қажет. Дін өте кұрделі әрі нәзік дүние, оған жеңіл қарауға болмайды. Дін жолында адасқан адамды қайта тура жолға салу өте қиын. Сенің дінге деген ниетің тура болғанымен ғаламтордан тапқан діни әдебиетің дұрыс болмай шығуы мүмкін. Оның авторы немесе кітаптың мазмұны ҚМДБ насихаттап отырған, тарихи және мәдени қалыптасқан әхли сунна уәл джамаға жолына, Әбу Ханифа мазһабына сәйкес жазылған кітап болмай шықса, онда сенің дін жолында адасуың бек мүмкін. Жат діни идеологияның соңында кетесең. Себебі сенің дұрыс діни сауатың болмағандықтан ондағы намаз, ораза, зекет және сол сияқты т.б. мәселерге қатысты жазылған үкімдерді дұрыс немесе қате екенін ажырата алмайсың. Сен үшін онда айтылған нәрсенің барлығы дұрыс әрі тура болып көрінеді.

    Сондықтан да дінге келген уақытта, діни әдебиеттерді ҚМДБ немесе дін істер комитететінің сарапшылары мақұлдаған, солардың діни сараптамасынан өткен кітаптардан ғана оқуға кеңес берер едім. Ал ғаламтордағы діни ақпараттар мен мәліметерді kazislam.kz, ҚМДБ-ың сайтынан және осы муфтиятқа қарасты Нұр-Астана, Алматы, әр облыс, қала және аудан орталық мешіттерінің арнайы сайттарынан алған дұрыс.

    Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

    Пікір жазу