Ібіліс періште болған ба?

    438

    Сұрақ:  Ібіліс періште болған ба??

    Жауап: Ібіліс – шайтанның есімі. Шайтанның «ібілістен» өзге «әзәзіл», «әл-әдуу», «әл-харис» т.б. есімдері бар.

    «Ібіліс» сөзі араб тілінде «қайырсыз болды», «қайғыға душар болды», «адасты» мағыналарын білдіреді.

    «Ібіліс» сөзі Құран-кәрімнің Рум (12), Әнғам (44), Муминун (77), Зуһруф (75) сүрелерінде етістік ретінде «Алланың рахымынан үміті үзілген», «үмітсіздікке ұшыраған» деген мағыналарда қолданылған (Рағиф әл-Исфахани, «әлМуфрадат фи Гарифил-Қуран, 60 б). Яғни, Алланың бұйрығына қарсы шығып, қаһарына ұшырап, қайғыға душар болғандықтан, оған «ібіліс» атауы берілген (Алуси, Рухул-Мәәни, I, 229 б).

    Ібіліс түтінсіз оттан (нәри-сәмум), періште нұрдан, адам балшықтан жаратылған (Муслим, Зухд, 4/2294). Ібіліс пен періштенің зады бөлек болғандықтан, екеуінің тегін бір деп айта алмаймыз. Тегінде, Ибн Аббас ібілістің әу бастағы есімі әзәзіл болғанын айтады. Ол періштерлердің жанында өзінің асқан тақуалығымен ерекшеленген. Жұмақтағы жындар тобының басшысы еді. Алайда, өзін білімпаз санап, содан тәкәппарлыққа ұрынғанын жеткізеді (Ибн Кәсир, «Тәфсирул Қуранил Азим», I, 73 б).

    Құран-Кәрімде ібілістің Алланың қаһарына ұшырағандығы былай баяндалады:

    «(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан Адам жаратамын» деді. Оның жаратылысын тамамдап, оған рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде қылыңдар! Сонда періштелер тұтас сәжде қылды. Бірақ, Ібіліс сәжде қылушылармен бірге болудан бас тартты. (Алла Т.): «Әй Ібіліс! Сен неге сәжде қылушылармен бірге болмадың» деді. (Ібіліс): «Сен бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан жаратқан адамға сәжде етуіме болмайды» деді. (Алла): «Онда сен жаннаттан шық. Өйткені, сен қуылдың»деді. «Шынында саған қиямет күніне дейін лағынет бар…» (Ібіліс): «Ендеше Раббым! Маған қайта тірілетін күнге дейін кеңшілік бер» деді. (Алла біліске): «Расында саған кеңшілік берілді» деді. «Белгілі бір мерзімге дейін». (Ол): «Раббым, мені қаңғыртқандығың үшін; әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын»  деді. «Бірақ, олардың ішіндегі нағыз құлдарыңды адастыра алмаймын» (деді). (Алла): «Маған келетін тура жол осы» деді. «Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ, саған кім ерсе, адасқандардан болады». «Сөз жоқ, олардың бәрінің уәделі жері жаһаннам». (Хижр, 28-43)

    Ібіліс Алланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылған соң тәкәппарланған үстіне тәкәппарлана түсіп, қызғаныштан жәннатағы Адам ата мен Хауа ананы азғырады. Алайда, Адам ата мен Хауаның ібілістен айырмасы, олар жасаған күнәсі (тыйым салынған жемісті жейді) үшін дереу тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрайды (Таһа, 116-123). Алла-тағала Адам ата мен Хауа ананың тәубесін қабыл алғанда ібіліс одан бетер қасарысып, Адам ата мен оның ұрпақтарын Хақ жолынан тайдыруға серт береді. Осы себептен де,  Алла Елшісі (с.ғ.с) Айша (р.а) анамызға жасаған ескертпесінде, әрбір адамның жанында оны тура жолдан азғыратын шайтанның болатынын айтқан (Муслим, Мунәфиқун, 11). Ал, шайтан уәсуасынан әрдайым Аллаға жалбарынып, дәретпен таза жүріп, шынайы ғибадат жасау арқылы сақтана аламыз.

    Мұхан ИСАХАН

    Пікір жазу