Шымкентте АТТ мүшелері қайта даярлау курсынан өтуде

    454

    13 тамыз. KAZISLAM – Кеше Шымкент қаласында төрт күндік «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру топтарының әртүрлі деңгейдегі мүшелерін даярлау курсы басталды.

    Курс жұмысын Қазақстан Республикасы Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі ұйымдастыруда.

    Аталмыш іс-шарада Шымкент қаласы және Түркістан облысының әр түрлі деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру тобының 80 мүшесі даярлау және қайта даярлаудан өтуде.

    Курс бағдарламасы 40 академиялық сағатқа құрылған. Бағдарламаның негізгі жетістігі — дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырушы тұлғаларға қажетті теориялық біліммен қатар, практикалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталуы.

    Практикалық бағытта көпшілік алдында сөз сөйлеу, көпдеңгейлі тестілеуден өту курсқа қатысушылардың мүмкіндіктері мен әлеуеттерін айқындауға жол береді. Оқу бағдарламасын толық меңгерген тұлға тұрғындармен жүргізілетін ақпараттық түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыра алатын экстремистік идеологияларға қарсы тұра алатын маман ретінде қалыптаса алады.

    Қатысушыларға Қазақстан тарихы мен мәдениеті, саясаттану, дінтану, Ислам және Православиелік Христиандықтың негіздері, Протестанттық және жаңа діни ағымдар, психология сынды пәндерден дәріс беріледі. Сондай-ақ, шешендік өнерінің негіздері бойынша материалдар ұсынылады.

    Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар мен куәліктер табысталады.