Шетелден алған білім – ұлтқа қызмет ете ала ма?

    542

    Түркияда діни білім алып жатқан кейіпкеріміз, қазақ студенті Нұрдәулет Қарнақбай. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің  «Дінтану» мамандығын бітірген. Қазір Измир қаласының «Тоғызыншы қыркүйек» (Dokuz Eylül) университеті Теология факультеті «Кәләм» мамандығы бойынша магистратурада оқиды.

    Kazislam тілшісі Нұрдәулетпен шетелдегі діни білімнің маңызы туралы әңгімелесті.

    — Нұрдәулет, діни білімді неліктен шетелде жалғастыруға шештіңіз?

    — Түркияны таңдауымның себебі – сонау Осман империясынан бері келе жатқан озық тәжірибе, академиялық бағытта білім беретін мамандардың жеткіліктілігі, әрі тәжірибе алмасу тұрғысынан да маңызды болуы.

    Негізінен, мен 2016 жылы Измир қаласына келгенмін. Университеттің бір жылдық араб тілі курсынан өттім. Содан бері үш жылдық магистратурада оқып келемін. Осы жылдың соңында оқуым бітеді.

    — Академиялық бағытта білім беретін мамандарды жеткіліктілікті деп қалдыңыз, сонда Қазақстанда маман тапшылығы бар деп ойлайсыз ба?

    — Қазақстанның діни тәжірибесі аз, әрі жеткіліксіз, сондықтан академиялық деңгейде білім беретін оқытушылардың да шығуы өте қиын. Шетелден дін саласын оқып келгендер бар, бірақ олар әзірге жеткілікті деңгейде бағаланбайды. Сондай-ақ оларға қажет мүмкіндіктер ұсынылмай жатыр. Ал Түркиядағы діни тәжірибе — ғалымдардың әлемдік деңгейге жетуіне септігін тигізді.

    Анкара универститетінің мазхабтар тарихы саласының професоры Сөнмез Кутлу

    Мемлекет діни білім беретін оқытушыларға қандай мүмкіндіктер жасау керек деп есептейсіз?

    — Жалпы студенттің жақсы маман болуына оқытушысының ықпалы зор. Ал білікті оқытушы – білім жолына  қажет мүмкіндіктер жасалғанда бола алады. Қандай мүмкіндік десеңіз, бюрократтық жұмыстардан, қағаз бастылықтан арылту. Оларға тек қана студенттерімен және өзінің ғылымымен айналысуға жағдай жасау керек. Сол кезде ғылым қарқынды дамиды. Мамандардың кеңінен діни білім беруіне жол ашылады.

    Түркия оқу орындарында қағаз толтыру, есеп жазу жұмыстары жоқ. Ондай істермен айналысатын арнайы бөлім бар. Профессорларға жеке бөлме берілген, онда ғылыммен айналысуға, студенттерге білім беруге өте қолайлы. Бұдан бөлек басқа мемлекеттерге іс-сапарға шығуға, тәжірибемен алмасуға барлық жағдай жасалған.

     — Көп ата-аналар баласын шетелде діни білім алса, әрі қарай теріс жолға түсіп кетеді деп алаңдайды. Түркияда ондай жағдайлар болуы мүмкін бе?

    — Дәл қазіргі уақытта Түркия мемлекетінің жоғары оқу орындарында жат ағымның жетегінде кетіп қалғандар жоқ. Ал соңғы рет 2016 жылы жат ағымдардың қаупі төнгеннен кейін, оларды түбегейлі тазалап, оларға тиесілі жекеменшік жоғары оқу орындарын мемлекет өз қарамағына алған болатын. Сол себепті студенттердің арасында адасушылық байқалмайды.

    Бұл өте қуантарлық жағдай екен! Ғылыми-зерттеу жұмысыңызда қандай  мәселені көтермексіз?

    — Магистрлік диссертациямның тақырыбы «Матуридидің әділет және хикмет көзқарастарының арасындағы байланыс». Бұл тақырыпты таңдау себебім — құқықта ханафи мазғабы, ақидада, сенімде матуриди мазхабындамыз. Негізгі талданатын мәселелер — матуридің көзқарасы, құранда бұл терминдердің орны мен маңыздылығы.

    Кәләм саласының профессоры Анкара универститетінің оқытушысы Шағбан Али Дүзгүн

     — Қазіргі таңда шетелден діни білімді үйрену үшін Қазақстан мемлекетінің дін басқармасынан рұқсат алу қажет екен. Ал сіздің рұқсатыңыз бар ма?

    -Мен оқуға түскен жылы академиялық бағытта діни білім алуға шетелге шығатын кезде ешқандай қиындық туындамады. Менің ойымша, бұл заң жоғары оқу орындарынң студенттеріне емес, имамдарға немесе медреседегі ұстаздар үшін қойылатын болса, әлде қайда тиімді болар еді.

    — Болашақта елге ораламын деген ойыңыз бар ма?

    — Әрине, ораламын. Шетелге шығудағы мақсатым – Қазақстандағы діни жағдайдың кем-кетігін дұрыстап, өз үлесімді қосу.

    Ұлтқа қызмет еткісі келген азамат үшін қай жерден білім алуы маңызды емес. Көбінесе басқа мемлекеттен білім алғысы келген студент білім сапасы мен тәжірибесі үшін, елімізде жоқ мағлұматтарды алу үшін барады. Ал елге қайтып оралғанда алған білімін іс жүзінде жүзеге асырады. Елінің бірлігі мен татулығы үшін бар күш-жігерін салады.

    — Әңгімеңізге рақмет!

    Пікір жазу