@ azan.ru

Қазақстан – қазіргі таңда конфессияаралық және этносаралық тұрақтылық пен келісімді өзара ұштастырып, қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі.

Еліміздің қазіргідей тыныштық пен бірлікте өмір сүруі оны мекендеген түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің арасындағы татулықтың нәтижесі. Елімізде ешкімді тілі мен діліне қарап бөлместен, барлық азаматтарға тең мүмкіндік берілген.

Қазақстан әлемдегі демократиялық елдердің бірі. Қоғамдағы азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сонымен бірге, дінаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған саясаты бар.

Ел болу деген – тек мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық гүлденуі ғана емес, елдік сананы қалыптастыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және рухани тазалыққа мән беру керек екені ақиқат.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан, ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу – адамның өз міндеті. Ал адамды діни сенім арқылы түзетуге болады», – деген еді.

Қазіргі таңда елімізде бірегей ұлтаралық келісімді қалыптастыру жөніндегі белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің моделі қалыптасты. Осы модельді әлемдік қауымдастыққа әртүрлі халықаралық форумдар өткізу арқылы көрсетіп келеміз. Сол секілді Қазақстанның діндер арасындағы тұрақтылықты сақтаудағы ұмтылысында халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда. Соның нәтижесінде еліміздің бас қаласында төрт мәрте: 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сиездері өтті.

Үш жыл сайын өткізілетін бұл шараның негізгі мақсаты діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсінік пен құрметті одан ары нығайту, араздық пен экстремизм идеологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Сан алуан этностар мен діни конфессиялардың бір елде өзара бірлікте әрі бейбіт өмір сүруі өз-өзінен бола қалатын оңай шаруа емес. Шындығын айтсақ, мемлекетіміздің бұл істегі жинақтаған тәжірибесі дін саласындағы саясатының  аса маңызды элементіне айналды.

Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан Қазақстан – дүниенің екі бөлігі: Еуропа мен Азияның арасын жалғастырушы көпірдің рөлін атқарады. Тек қана географиялық тұрғыдан емес, сондай-ақ, мәдени, рухани тұрғыдан да солай. Қай заманда болсын, біздің халқымызға тән бірлік пен ынтымақтастық рухы тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан-ақ басты мұратымызға айналды. Бұл – көпэтносты және көпконфессиялы жұртшылықты ортақ мақсат, мүддеге ұйыту болып табылады. Бүгінгі тыныштығынан айрылған әлемде көптеген мемлекеттер Қазақстанның біріктіруші, табыстырушы мемлекет ретінде тануда.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық имамдар форумына қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері,  2009 жылы ЕҚЫҰ-ның ісбасындағы төрағасының сол кездегі «Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес» жөніндегі жеке уәкілі болған Әділ Ахметов Қазақстанның аталмыш ұйымға мүше мемлекеттерге көрсеткен үлгісін былай деп баяндайды:

 

«Сырт көз сыншыл келеді» демекші, аталмыш Ұйымның іс басындағы төрағасының жеке уәкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки комиссиясына баяндағанда көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын моншаққа тізгендей етіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгрессмендерден тұратын әлгі комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көп ұлтты және көп конфессиялы Қазақстандағы ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге ата заңымыз – Конституцияның жол бермейтінін шегелеп айттым. Сөз соңында комиссия төрағасы ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық татулық жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан, Қазақстанның басқаларға үлгі мемлекет екенін жасырмады».

Бүгінде шешімін ертеңгі күнге қалдыруға болмайтын бірнеше мәселелер бар. Діни төзбеушілік, экстремизм мен лаңкестік әлі де болса әлемдік қауіпсіздікті сақтауға өзінің залалын тигізіп отыр.

Аталған қауіптерді XXI ғасырдың өзекті мәселелеріне жатқыза отырып, оларды шешудің бір жолы ретінде дінаралық келісім мен диалогты жетілдіру қажеттілігін көрсетуге болады. Өйткені, имандылықтың әлсіреуі халық арасында өмір деңгейінің төмендеуі, қылмыстың көбеюі мен қарулы экстремизм мен лаңкестікке алып келетіндігін араб елдеріндегі шиеленістерден көріп отырмыз.

Дінаралық бейбітшілік пен келісімді және діни толеранттылықты нығайту мақсатында халықтың діни сауаттылығын көтеру қажет. Халықтың  діни сауаты мәселесімен бірге оның саяси сауаты, белгілі бір саяси мәдениеті мен саяси санасының дұрыс бағытта қалыптасуы керек.

Қорыта айтқанда, діндер арасындағы келісім – бір үстелдің айналасында отырып, өзара диалог жүргізу. Біздің еліміз осылайша конфессияаралық келісім мен толеранттылыққа қол жеткізіп келеді.

Жалпы, халқымызда бірліктің маңыздылығын айшықтайтын нақыл сөздер жеткілікті. «Бірлік бар жерде тірлік бар»,  «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ», «Тату елдің тамағы таусылмайды», «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген ұлағатты сөздер ұлтымыздың бірлікке, тұтастыққа қаншалықты мән бергенін аңғартса керек.

Пікір жазу