Уахабизм идеологиясы мен Матуриди діни танымы

    0
    305

    Дін құбылысы, тәжірибесі — адамзат тарихындағы ең ескі даңғыл. Ал иманы, сенімі ол табиғи фитратында бар. Демек адам таразысы ақыл мен жан, өзінен тұратын тепе-теңдікке жете алуы тиіс. Тепе-теңдік өз орнын тек ардан ғана табады. Енді біз қазақтар ғасырлар бойы мұсылманбыз. Иманымыз, ақидамыз Матуриди негізінде жатыр. Онда иман мен амал бөлек қаралады. Бұл ұстаным Алланың сынағының әділдігін де паш етеді.

    «Адил» — Алланың сипаты. Мына дүниедегі рухтың амалдары мен ниеттерін о дүниеде өз таразысына тартып жауапқа тартады. Ал амал мен иманды бір деп, осы дүниеде-ақ өздерін Алланың орнына қойып, «кафир» деп үкім шығарып, мұсылмандарды қанап жатқан «ИШИМ» мұсылман «мушриктерінің» әрекеттері исламның мәніне сай емес.

    Бізге діни тәжірибеміздегі ойшылдарымыз бен ғұламалардан рух туралы жеткен хабарлар, рисала өте көп. Сонымен қатар рухтың ақиқаты ислам ғылымдарының бірнеше салаларында түсіндірілді. Каламда, тафсирде, фикхта, тасаууфта, фалсафада. Бүгінгі қоғамдағы діни танымдық мәселенің негізі рухтың ақиқатын мойындау мен мойындамауда жатыр. Бұл дінді танудағы методология мәселесі: «Нақыл бірінші ма, жоқ әлде ақыл ма? Бізге Осы танымдық тұғырнамада «екеуі де бір, тұтас, таухиди негіз» деген Матуириди калам платформасын танып, түсіну маңызды. Тауил және тафсир екеуі тұтас. Біздің діни таным осы Матуриди ақидасы негізінде қалыптасқан.

    Салафизмнің танымдық платформасы Матуриди ақидасына қарама-қайшы «нақылшылыққа» негізделген. Матуридидің басты ұстанымы Алла, адам және әлемдік үйлесімділіктегі сипаттық, зати бірлік негізінде түсіндірме жасауы болатын. Таухид кітабының кіріспесінде алдымен адам дұрыс танымға қалай жетеді, қандай танымдық ұстанымдар керек екендігіне тоқталады. Сосын барып Алланың сипаттары мен зати ақиқаттарынң өзара «ғайри айры» еместігін баса көрсетеді. Алла сипаттары мен рух сипаттары арасындағы үндестіктер мен ортақ тұстарына да назар аудартады.

    Алланың барлық сипаттары оның затымен үндес. Адамның барлық сипаттары рухымен үндесе бермейді. Алланың сынағы осы жерден басталады. Ақыл рухтың бір сипаты, эпитеті. Ақыл рухтың сипаты ғана емес, оны осы сынақта тасушы. Ақыл өлшем. Оның мына дүниемен байланысы, рухты тасушы сипаты жағынан ғана. Сол Алла рухтың ақыл шеңберінде басқарылуын қалайды. Рух ақыл шеңберінің шегін біліп, тануы үшін де оны қолдануы шарт. Қолданбаса, рух қасаңданып, Алланың алдында «нәпсіге» айналады. Ал ақыл кез келген догмадан рухты ескертіп, Аллаға қарай бағыттап отырады. Сондықтан ақыл ұғымының сөздік мағынасы да функциясы да «байланысты орнату».

    Матуриди платформасы, иман, амал мәселесін оның бөлек екендігін негіздеп берген. Ол ұстаным осы жерден басталады. Ұстаным дегенім принцип. Оның идеясы Алланың сипаттарына қайшы келмеу. Тағдырдағы адамның үлесі, ниеті, таңдау еркіндігі. Себебі өз ісінен адам ғана жауапты. Алла оның жақсылықты таңдауына да жамандықты таңдауына да бірдей мүмкіндік, күш береді. Ал енді адамның жақсылық көруі Алладан болса, жамандық көруі адамнан болса, онда Алланың «сынақ», «өмір» «өлім» «жауапкершілік негізіндегі» ақыреттегі «сұрағын» қалай түсіндіреміз. Сондықтан Алланың «ал Адил» сипаты таразы. Жалпы кез келген ой исламда Алланың таухидімен өлшенсе, адасу жоқ. Ол үшін ақылды үнемі қолдану керек.

    Қазақта «отызда орда бұзбасаң, қырқыңда хирка аспайсың» деген сөз бар. Осы «орда бұзу» деген ол қамал алып, жау шабу емес екен. Ең басты жау — ол өзіңдегі жау. Ол өзіңді-өзің, қу нәпсіңді қолға алып, бақылап, зерттеп, өзіңе өзің баға бере алу екен. Ол өзіңді тануға, бет бұру екен. Адамды ортасы еріксіз, ырықсыз талай танымға, санаға, бағытқа, арнаға бағыттап жібереді. Ал адамның адамдығы оның саналылығында, еріктілігінде. Өз еркіңді өзің билемесең, онда «орда бұза» алмағаның. Солай еткендер ғана «хирка асуға» дайын болады екен. Хирка асу деген ол адамның Аллаға, мына өмірдің мәніне, ақиқатына қарай сапар шегу. Ерікті болу «мурид» болу, яғни Мұратын іздеу жолы.

    Еркіндік ұғымы төңірегінде қалыптасқан бірқатар тіркестер бар. Бұлар қалыптасқан қазақ тіліндегі қордан алынған, ойлау шаблоны ретінде де мазмұны қазақ мұсылман дүниетанымында орын алған түсініктер мен таным тұжырымдарды білдіреді. Қазақ ежелден еркіндік аңсаған. Осы үш ұғымды қатар қойып тұтастай талдасаңыз, санаңыздағы болмыстық, тарихи, саяси сана қабаттары жанданып, жағырып сала береді.

    Моральдық еркіндік деген тіркес бар. Ол адамның ішкі психологиялық құмарлығы мен махаббатының күресіне негізделген, нәпсі мен жан қалауы арасындағы, «Мен-эго» тазалығы, яғни ар тазылығын білдіреді. Оны Иасауи ілімінде рухани еркіндік дейді.

    Саяси еркіндік деген тіркес бар, белгілі бір болмыстың саяси егемендігі мен дербестігіне негізделген мемлекеттің тіршілік ету ареалының бар болуы. Мемлекеттілігінің мақсаты, негізі, кеңістігі мен тарихилығы, себебі мен идеясы, шарты мен мәдениеті тұтастай ішкі және сыртқы саяси болмыстар тарапынан танылуына, өзара қарым-қатынасының қажеттілігіне, мүдделеріне барып тіреліп жатады.

    Тағы ар-ождан, баспасөз еркіндігі деген тіркестер де адам мен қоғам социопсихологиясына бастайтын ой еркіндігі мен ішкі сенімге қатысты болып келеді. Осы еркіндік мәселесі З.Фреид еңбектерінде психоаналтикалық тұрғыдан талданады. Әсіресе маңызды ой салатын қыры Э. Фромның «еркіндіктен қашу» құбылысы. Еркіндіктен кімдер қашады? Мәселе осы жерден басталады.

    Кез келген салада еркіндікті қажет етпейтін адамға еркіндік берсең ол оның қадіріне жетпейді. Демек еркіндік ішкі псохологиялық қажеттілік болған жағдайда ғана мәнге айналады. Еркіндік үшін ең басты шарт қажеттілік шарты. Ал еркіндіктен қашатын адам, қарны тоқ адамға үйіп төгіп ысырап қылып ас бергенмен бірдей.

    Моральдық еркіндіктің қажеттілігін сенім, иман анықтайды, о дүниедегі сынаққа Аллаға деген сенім анықтайды, стимул береді. Саяси еркіндіктің қажеттілігін мемлекет құрушы мәдениет анықтайды. Соған қарай мемлекет мақсаты, мүддесі, стратегиясы ұстанымдық тұрғыдан идеяға бағытталады. Осы идея Фарабидің мемлекет философиясында «бақытқа жету, жеткізу» ретінде қарастырылады. Фарабиде мемлекеттің мақсаты мұраты адамды бақытқа жеткізу үшін бар. Ал бізде егемендік алғалы бері мемлекеттік идеология туралы ауыз ашпадық. Кешегі кеңестік кезеңдегі идеологиядан зәрезап болып қалғандықтан болу керек идеология деген терминді қолданудан қорқып, идеялар туралы сылап сипап айтатын болдық.

    Бірақ соңғы кезде ғана «Мәңгілік ел» идеясы туралы жарыса айтып жатырмыз. Ал оның мемлекеттіліктің баяндылығы үшін, саяси еркіндікті қажеттілік деңгейін анықтайтын, мемлекет құрушы мәдениеттің рөлі туралы, оның сенімі, ділі, тарихи санасы, құндылықтар қабаты туралы жүйелі кешенді бағдарламалар жоқ. Қазақ мемлекетінің саяси еркіндігі қажеттіліктен туды ма? Жоқ әлде КСРО ыдырауымен кездейсоқ беріле салды ма? Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған ел болсақ, еркіндікті аңсау мен еркіндіктен қашу арасында айырмашылық болу керек емес пе?

    Қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстаным болған. Бұл әрбір адамның сөзде еркін болуына бастайды. Себебі сөзді айта алатындар ғана айтады. Барлық адам тілім бар екен деп онсызда сөйлей бермейді. Неге сөз еркіндігін беру керек, себебі айтқаны ақиқат болса, ол қалады. Ал енді жалған болса, ол да өздігінен жел болып ұшып кетеді. Адамға жасалған ең сорақы зорлық-зомбылықтың көкесі ол тілін, сөзін, ойын кесу. Енді егемен болғанда неге сол құндылықтан айрылып қалдық? Ойыма осы жерде Батыстың бір француз ойшылының сөзі түсіп отыр: «Халық бодан, құл болмасын. Егер ол бір рет құлдыққа ұшыраса, екінші рет ол құлдықтан құтылғысы келмейді. Алғашқыда ол зорлықпен, қысыммен құлға айналады. Сосын оны көрген ұрпағы әкесінің жасаған «құлдығын» бар ықыласымен жалғастыратын болады. Сырттай қарап отырсаң, ол ұрпақ құл болуды еркіндік деп ұғынады. Себебі оған еркіндіктің мәнін түсіндіре алмайсың. Оған еркіндік деген басқа әлем, сенің ойлағаныңдай емес, хақ құқық мәртебең осы десең, қабылдай алмайды».

    Біз де кеше бодандық ноқтасын тастадық, егемен ел болдық. Бірақ бүгін ноқтасыз-ақ, өз бетімізше жүрсек те, сол баяғы ноқтаның пішілген ауанынан шыға алмай жатырмыз. Коммунизмнің ықпалы, идеологиясы, кризисі, қысымы, тәжірибесі, ұстанымы, бағыты, білімі, құқықтық жүйесі, сол кешегі мемлекеттік машинаның бөлшектерімен келе жатыр. Кеше сөз бен ойды байлаған, жолын кескен кеңестік идеология дедік. Бүгін кімнен көреміз, кімге не дейміз? Матуриди айтады: «Ойлауды шектеуге бет бұрған кез келген істің артында надандық жатады». Адамға құрмет жоғалса, мына дүние ең басты құндылығынан айрылады. Адам мән емес, затқа айналғанда, қоғамда надандық үстемдік етеді. Расында қай жерде еркіндік бар сол жерде жаратушылық, сол жерде даму бар, билік пен қоғам тепе-теңдігін сақтап, тақ құрады.

    Ұрпақ санасының еркіндігі мен сапасына жауапты тек қана оны туған ата-анасы ғана емес, тұтастай қоғам мен мемлекет. Себебі ол өзі де құндылық, әрі ұлттың айнасы, құндылық тасушы көпір. Ол – болашақ. Болашағың сен қалай оны қадірлесең ол да солай саған қатынас жасайды.

    Ұлттық болмыстың басты тұғыры тіл мен діл (діни сана). Тіл мен діл сол ұлттың мәдениет қабатының ең басты кілті, баспанасы. Сонымен қатар тіл мәдениеттің, діл де діннің жаны. Бұл құбылысты ғылыми танымдық тұрғыдан культурологиялық сараптауларда бүгін жаңаша сипаттап, түсіндіріп жатырмыз.

    Қазіргі мәдениет теориялары кешегі батыстық шаблондармен берілген культурологиялық жіктеулермен ешқандай ымыраға келе алмайды. Осы жерде мәдениет құбылысының мазмұнындағы қабаттар мен табиғатына тоқтала кетуіміз керек. Адамдағы таным мен сенім, тәжірибе мен сана, кеңістік пен уақытты анықтаушы, түсіндіруші белсенді қабаттар болғандықтан да мәдениет пен дін баяндылығының тұғырлары болып табылады.

    Кез келген мәдениеттің ең бірінші құндылықтық қабаты тіл. Мәдениет сол тіл арқылы қалыптасады, дамиды және сақталады. Қазақтың тілі, қазақтың ділі, қазақтың діні, қазақтың әл ауқаты, қазақтың құқы, қазақтың мәртебесі, қазақтың мемлекеттілігі кешені, мәселеге аксиологиялық тұрғыдан қарауға итермелеп отыр. Бұл уақыт талабы.

    Қазақ жаңалыққа жаны қас емес, керісінше, еліктегіш, жаңаның дәмін татып көргіш, батыл халық. Кезінде Мирча Элиаде, Жан Пол Ру сияқты Батыс зерттеушілер қазақты жан-жақты сипаттап жазып кеткен. Мына кеңістік қазақтың имманентті әрі трансцентті халық екендігін көрсетеді. Барлық өркениет пен мәдениеттердің көпірі болып келе жатқан халық қалай бүгін жаңалыққа жаны қас бола қалыпты. Қалайша қазақ халқы, ішіне тығылып, бүрініп өмір сүріпті. Қазақ болмысынан «ашық қоғам» ұстанымын тұтынды. Бүгін қазақтың қазіргі хәлі керісінше метатрадиционализмді басынан өткеріп жатыр. Керек десеңіз өз тілін де менсінбейтін хәлге түсті. Осы ма қазақтың жаңалыққа жаны қастығы. Бүгін қазаққа орта жолды табудың, мемлекеттілік және қоғамдық тетіктерін таппаса, болашағын елестетудің өзі қиын.

    Құранға қайта оралу шарт. Суннаны қайта ұғыну керек. Ислам тарихына, діни тәжірибесіне қайта үңілу қажет. Тарихын зерттемеген, танымаған қауым өзгеге жем болғаны болған. Құранға қайта оралу дегеніміз бүгінгі фундаментализм немесе «нақылшылық емес». Сондай ақ, Құранды «Кодекске» айналдыру емес. Құранды «Қасаң қағидалар жинағы ретінде» жаттау да емес. Құранды оқу да емес». Құранға оралу — муминнің өзіне оралуы, өзін тануы.

    Алланың еркі, Құран аяттарының түсу тарихы мен адамның санасындағы исламның негіздерінің қалыптасу тарихын ең басты модель ретінде тануға оралуды талап етеді. Алланың еркі мен ақиқатын еске алу арқылы адам жаратылысында басқалардан жоғары тұра алады. Сонда адамның өзіне деген құрметі оянады. Ал өзін өзі қадірлемеген мумин кез келген махлұқтың келемежі мен мазағына қалуы заңды. Себебі ол өзінің қадірін білмейтін, сондықтан да өзін қадірлете алмайтын махлұқ. Бүгінгі мұсылмандардың ахуалы осы, өкінішке орай.

    Қазақта сөз бар: «Жібекті жүн қылады түте алмаған». Біздің мұсылмандар дін дегенде алдымен Алланы емес, форманы еске алады. Форма намаз. Қалай намаз оқу керек, қай жерді қанша рет жуу керек, сақалды қалай қою керек. Адамның табиғаты алдымен «не» деген сұрақтармен басталып, сосын «қалаймен» сабақтасып жатуы керек еді. Сондықтан алдымен Алланың дінін не үшін таңдап, иманның шарттарын ұғынып, соған барар құралын сайлауы керек еді. Сырттай қарасаң мұсылмандардың хәлі аянышты. Ал шын мәнінде мұсылмандар сол акцияны ұйымдастырып отырған күшке аяушылығын білдіру керек еді. Алланың еркі осы деп. Жоқ өздерінде ерік жігер болмаған адам басқаларға Алланың еркін қайдан ұқтырсын.

    Біз шынымен соңғы дін исламға сенетін болсақ, Жүз жиырма төрт мың пайғамбарлардың соңғысы «хатаму анбийаның» тағдыры о бастан нақтыланғандығына иман етсек, мына әлем «Нури Мухаммадпен» жаралған. Тек соны дұрыс тани алмай жатқандығымыздан дұрыс сезіне алмай келеміз.

    Асыл БЕК