Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Достық үйінде» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне және Халықаралық толеранттылық күніне орай «Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен толеранттылық моделі» атты Халықаралық конференция өтті.

Халықаралық конференциясы жұмысын «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» ҚЕАҚ Басқарма Төрағасы Алтай Әбибуллаев жүргізді.

Алтай Ибрагимұлы Әбибуллаев

Конференциясы Қазақстан Республикасы Президент – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, «Бейбітшілікке мәдениет арқылы» халықаралық қауымдастығының Президенті Төлеген Мұхамеджанов,  Пәкістан Ислам Республикасы Исламабад Халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу бойынша институтының Бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак, Орыс Православ Шіркеуінің Мәскеу Патриархатының сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің Хатшысы, дін қызметшісі Димитрий Сафонов, сонымен қатар, Израиль, Ватикан Республикаларының Төтенше және Өкілетті елшілері мен қатар Қазақстанның діни бірлестіктерінің, конфессияаралық және өркениетаралық мәселелермен айналысатын ғалым-сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың өркениеттер, діндер мен мәдениеттердің диалогы, сонымен қатар, қоғамдағы конфессияаралық және ұлтаралық келісім мен тұрақтылық саласындағы рөлі мен қосқан үлесін жан-жақты ашып көрсету көзделген дейді ұйымдастырушылар.

«Қазақ мемлекетінің барлық жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған жас мемлекеттің тәуелсіздігі таңында үнқатысу мен келісім, бейбітшілік пен толеранттылық саясаты жаһандық өркениетаралық және дінаралық үнқатысудың берік әрі тиімді алаңына айналды» — дейді Алтай Ибрагимұлы.

Төлеген Мұхамеджанов

«Елбасы кез-келген мәселені жаһандық деңгейде қарастырады. Сондықтан ең басты нәрсе – жан дүниеміздегі рухани негіз екенін, қоғамдық және рухани келісім – біздің баға жетпес игілігіміз бен жақсы өмір сүруіміздің басты шарты екенін түсіну үшін Елбасының даналығы мен көрегендігіне ие болу керек» — дейді Төлеген Мұхамеджанов.

Мұхаммед Зия Уль-Хак

Ал Пәкістан Ислам Республикасынан келген доктор Мұхаммед Зия Уль-Хак Қазақстанның ұстанымы және діндер сиезінің бағыты қақтығыс аймақтарындағы шиеленісті одан әрі төмендетуге, өркениеттерді жақындастыруға және әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді деп атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамалары мен ұсыныстары халықаралық қарым-қатынастың ықпалды факторына айналып, жаһандық сипатқа ие  болып отырғанын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары сиезінің тұрақты түрде елордада өткізіліп келе жатқанынан да анық аңғаруға болады дейді конференцияға қатысушылар.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде: «Күшіміз – жауапкершілікте, бірлігіміз – әралуандықта, еркіндігіміз – келісімде, абыройымыз – игілікте, қауіпсіздігіміз –  ашықтықта, тәуелсіздігіміз –  серіктестікте. Болашағымыз –  бүгінде», –  деген болатын. Тәуелсіз Қазақстан  бүгінге дейін осы ұстанымды темірқазық етіп, ұстанып келеді.

Пікір жазу