Тыныштық табу – олжа, айырылу – қасірет

    234

    Жер бетінде тіршілік тамырын жайғалы адамзаттың ортақ мүддесі де үздіксіз қалыптасу үстінде. Пайғамбарлар мен оның ізбасарларының көксегені бір ғана игілік болатын. Оның аты – тыныштық. Олар қоғамда рақымдылық пен мейірімділікке негізделген мәміле жүргізді. Адамдар арасындағы бір-біріне көмек беру, жомарттық, бірлік пен ынтымақ сезімдері қоғамдағы тыныштық пен бейбітшіліктің негізін қалайды.

    Исламның негізгі мақсаты – бейбіт өмір. Ал мұсылмандардың міндеті – жеке тұлғаны және өмір сүріп отырған ортасын дұрыстау, оң бағыт көрсету. «Ниса» сүресінің 128-аятында: «Жарасу (әрдайым) жақсы» делінген. Жаратушы Алланың өзі құлдарының арасында көркем мәміле болғанын ұнатады.

    Саққұлақ би адамдар арасындағы сыйластық туралы: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», — деген екен.

    Қоғамда қанша тұлға болса, сонша оң және теріс пікір иелері бар. Кейбір көкейінде көмескі ойы барлары қоғам арасын жікке бөліп, бірді-бірге айдап салғысы келеді. Бұл қазақты-қазаққа, мұсылманды-мұсылманға жау көрсету, араға іріткі салу. Ал қазақ халқы бұған дейін: «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деп, қазақтың қанында бар адамгершілігін әспеттей білді.

    Бүгінгі қоғам біздің шынайы бейнеміз іспетті. Әлеуметтік желіге тәуелділік күшейген сайын өзара келіспеушілік пен көзге көрінер-көрінбес бүліктердің қатары да қылаң беріп отыр. Бірін-бірі түтіп жеп, бірінің-бірін етін жеп, бір ғана пікір үшін талап тастайтын кілең «жүректілер».

    Кешегі қолына қару алып, ел мен жерді жаудан қорғаған батырлардың ұрпағы, бүгін қолына қалам алып, сол арқылы ащы сөз сермеуге, тасадан тас атуға көшкен. Бұл елді мұратқа бастайтын жол емес! («Уа, иман келтіргендер!) Аллаға және оның елшісіне бас иіп, бағыныңдар! Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! (Олай істер болсаңдар) үрейленіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар, сабыр етіңдер! (Өйткені) Алла сабырлы жандармен бірге болады» деген «Әнфал» сүресінің 46-аяты иманды құлға үлгі, ақылды адамға парасат сыйласа керек.

    Бір күні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жанындағы сахабаларына қарап:

    — Сендерге дәреже тұрғысынан ораза мен зекеттен артық амалды айтайын ба? — деп сұрады. Сахабалар:

    — Иә, айтыңыз,- десті. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

    — Адамдарды татуластыру. Ал адамдардың арасын бұзу (діннің) түбіне жетеді,- деді.

    Жалпы ислам діні тек діни тұлғалар арасында ғана емес, халықтар арасында да тыныштықтың салтанат құруын көздейді. Бірде Венгрия қаласында жүрген еуропалық елші жұма намаз оқу үшін тоқтаған Осман империясының әскерін көреді. Олардың соншалықты ықыласпен намаз оқып жатқандығы елшіні таңқалдырады: «Түп-түзу сап түзеген елу мың кісі имамның бір сөзімен қол байлайды. Барлығы  бір денеге айналады. Артынша тек бір-ақ сөзбен елу мың кісі бірден Аллаға сәжде жасайды. Мынандай орасан зор көпшілікке христиан әскері қалай қарсы шыға алсын?» деп айтқан екен.

    «Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жодасың жат» демекші, адамдар да бірлік пен ынтымақтан бет бұрса, аралары алшақтап кетеді. Мұндайда Алланың сүйіспеншілігінен де мақұрым қалары сөзсіз. Он бесінші ғасырдың дала данасы Асан қайғы бабамыз:

    «Еділ бол да, Жайық бол,

    Ешкімменен ұрыспа.

    Жолдасыңа жау тисе,

    Жаныңды аяп тұрыспа.

    Ердің құны болса да,

    Алдыңа келіп қалған соң,

    Қол қусырып барған соң,

    Аса кеш те қоя бер,

    Бұрынғыны қуыспа», -деп, ерді ымыраға шақырған.

    Ақырғы елші де үмметіне өмірінің соңына дейін көптеген ескертулер қалдырған. «Әли Имран» сүресінің 105-аятында «Айқын дәлелдер келгеннен кейін (қырық пышақ болып) бөлініп, қайшылыққа түскендер секілді болмаңдар! Міне соларға үлкен азап бар» деген ескерту аяты адамдар арасындағы тыныштықтың, бірліктің үлкен нығмет екенін ұғынуға жол ашады. Біз күніне қырық мәрте «Тек Саған ғана құлшылық етеміз! Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деп ынтымақ пен бірлікке қатысты сөз айтамыз. Лайым тыныштығымыз сақталып, берекеміз арта бергей.

    Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

    Пікір жазу