Туған жердің топырағы да – ем

    0
    5

    Бала күнімізде құлап аяқ-қолымызды жырып алсақ, жарамызға топырақ себетінбіз. Топырақ таппай қалсақ жараның бетіне түкіріп, жағып алатынбыз. Бала болған соң ба, әйтеуір ауырғаны басылып ары қарай ойынды жалғастыратынбыз. Йод және басқа да залалсыздардыратын дәрі-дәрмек болмады емес, болды. Онан соң топырақ сепкен жараға инфекция түсіпті дегенді естімейтінбіз. Өсе келе жараның тез тартылып, жазылуы балалық шынайы сенімнен болар деп қоятынбыз.

    Мұны айтып отырғаным жақында шипаға қатысты хадистер ішінде ғажайып бір хадиске тап болдым. Әрине, хадистердің барлығы ғажайып. Бұл хадис сол біздің бала күнімізде «емделу әдісімізге» қатысты екен. Бұл хадис Бұхари, Муслим, Әбу Дауд, Насаи, Ибн Мажа, Хаким, Ахмед, Ибн Сағд, Ибн Әбу Шәйбә, Әбу Яълә, Табарани, Байһақи, Ибн Хиббән еңбектерінде кездеседі.

    Айша (р.а.) анамыз әңгімелейді: Пайғамбар (с.ғ.с.) жарақаты бар немесе жарасы бар науқас адамға:

    بِسْمِ اللهِ تربَةُ أَرْضِنَا، بِرِيقةِ بَعْضِنَا، يُشْفَى سَقِيمُنَا، بإِذْنِ رَبِّنَا

    «Бисмилләһ, турбату ардинә, бириқати бағдинә, юшфә сақимунә, би изни Роббинә» (Мағынасы: Алланың атымен, жеріміздің топырағы, біріміздің түпірігімен науқас ем тапсын, Раббымыздың қалауымен),-деп айтатын.

    Хадис ғалымы имам Науауи: «Пайғамбар (с.ғ.с.) өз түкірігін сұқ саусағымен алып, оны топыраққа тигізіп сосын жарақатқа жаққан кезде осы сөздерді айтатын»,-деп түсіндіреді.

    Қази Байдауи: «Медициналық зерттеулер сілекейдің жарақаттың жазылуына және дененің қалыпқа келуіне әсері бар екеніне  куәлік етуде. Сонымен бірге, топырақтың да адамның әсіл болмысын сақтауда және зиянкеске, ауруға қарсы әсері бары айтылуда. Сондай-ақ, дем салуды ақыл түсіне алмайтын ғажайып әсері бар»,-дейді.

    Демек, бала күмізде әжелеріміз үйреткен бұл «тәсілдің» төркіні діннен бастау алады екен. Қазақтың «туған жердің топырағы да – ем» және «кіндік қаны тамған жер» деген сияқты ұғымдарының астарында әлі де талай ғажайып сырлар жатқаны анық.

    Руслан Қамбар,

    исламтанушы