Тоқтар Серіков: «Алладан кейін уақыттың құлымыз…»

    0
    689

    «Өмірде өзіме қойған 3 ережем бар. Біріншісі, ағайын-туыспен қарым-қатынасты үзбеу. Екіншісі, достарыммен байланысымның берік болуы. Үшіншісі, отбасыма уақыт бөлу» — дейді белгілі әнші Тоқтар Серіков.

    «Хабар» арнасының «Ережесіз әңгіме» бағдарламасына берген сұхбатында әнші ер азаматтың басындағы көп міндетті атқару үшін ең бірінші уақыт жетпей тұратынын айтып қалды.

    «Шыны керек, адам болғаннан кейін, біз, алдымен Алланың, содан кейін уақыттың құлымыз. Не істесек те, уақытымыздың ыңғайына жығыламыз. Бір таң қалатыным, жиырма бес жасыма дейін «Ит құйрығын бұлғаса, еріп кетем…» деп Мұқағали атамыз айтқандай, біреу қолын бұлғаса болды еріп кете беретінмін. Жастық шақтағы энергияның тасып, уақыттың жеткілікті болғаны шығар, шақырған адамның жат не туыс, дос не қас екеніне қарамастан жүгіре жөнелетінмін. Ал қазір көбіне уақытымды үйде өткізгенді қалаймын. Ағайын-туыстарыма да алғысым шексіз, той-томалақ бола қалса уақытын менің бос кезіме ыңғайлап қояды. Өлшеніп қойған өмір болғандықтан соңымда ізгіліктің қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Бүгін сіздермен әңгіме айтып отырсам, ертеңгі күні бармын ба, жоқпын ба, Оны тек бір Алла ғана біледі. Сондықтан, мәңгілік болмаған бұл өмірде маңайымдағы ағайын-туысым, дос-жаран, әйел, бала-шағамның көңілін тауып, соларға уақыт бөлуге тырысамын».

    «Балам сүннет бойынша 12 жасында намаз бастайды»

    Отбасында қандай әкесіз деген сұраққа Т.Серіков:

    «Мені елдің бәрі қатты қазақи етіп көрсетіп жіберген. Әрине, үйде шапанмен шәй ішіп, қамшымды ұстап алып әйелімді, бала-шағамды басқармаймын. Менің ең алдымен, жаным – қазақ. Бірінші кезекте балаларымның еш қоспасыз таза қазақ тілінде сөйлеуіне көңіл бөлем. Екіншіден, өзім де, әйелім де намазда болғандықтан, балаларым да намазға бейімделген. Үлкен ұлымыз намаз оқуды толықтай біледі, тек сүннет бойынша 12 жасқа толғасын бастайды деген ниеттемін. Қатты қазақи тәрбие беріп отырмын деп айта алмаймын. Бастысы, ешқайсысы да тәлпіш емес, әкеге қарап, шешеге қарап сөйлейді. Ойын еркін жеткізуге, еркін сөйлеуге әдеттенген» — деп жауап берді.