Той жасаудың шариғаттағы шарттары қандай?

    752

    Ислам дінінде мерекенің екі түрі бар. Бірі – діни мереке, екіншісі – әдеттегі той-думан.

    Діни мерекеге Ораза айт және Құрбан айт жатады. Өйткені, Анастан (радиаллаһу анхудан) жеткен мынадай бір хадис бар: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мединеге келген кезде, олардың екі күнді тойлайтынын көрді, сонда «Бұл қандай күн» деп сұрады? Мединеліктер: «Бұл екі күнді дін жетпей тұрғанда тойлайтынбыз» деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Алла Тағала бұл екі мерекелеріңнің орнына екі жақсырақ мерекені ауыстырды: Құрбан айт пен Ораза айт» деді». Сондай-ақ Жұма күні де мұсылман үшін мереке саналады.

    Ал енді діни емес мерекелерге бала өмірге келгенде жасалатын қалжа той, сүндет той, үйлену тойы бар. Қазақ дәстүрінде тойлардың түрі өте көп.

    Жалпы, дініміз той жасауға қарсы емес. Оған Анас (р.а) жеткізген мына бір хадис дәлел: «Пайғамбарымызға бірде Абдурахман бин Ауф сахабаның үстінен сары жылтырды көріп, «бұл не» деп сұрайды, сонда сахаба «Я Алланың елшісі мен бір ансарлық әйелге махірін беріп үйлендім» деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла береке берсін, бір қоймен болса да, той жаса» дейді».

    Осылайша, Пайғамбарымыз Алла нәсіп еткен қуанышты оқиғаны тойлауға, мерекелеуге болатынын жеткізген. Дегенмен, шариғат шарттарына сәйкес, қуаныш иесіне дастарханды шамасына қарай жасау міндеттеледі. Тойдың жөні осы екен деп шамадан тыс шашылуға болмайды. Дінімізде тойдың төмендегідей шариғи шарттары барын естен шығармаған абзал.

    Біріншіден, той мақтан үшін емес, Аллаға шүкіршілік ниетінде жасалуы керек.

    Себебі, тойға себеп болған қуаныштың өзі – Алланың берген бір нығметі. Ал нығметті шүкірмен бекемдей аламыз. Алла Тағала «Ибраһим» сүресінің 7 аятында: «Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» деп жар салғанын естеріңе алыңдар» делінген.

    Екіншіден, той өзге дін өкілдеріне еліктеуден туындамауы керек.

    Яғни, өзге дін өкілдерінің мерекесін тойлауға тыйым салынады. Өйткені, Алла Елшісі өзге дін өкілдеріне еліктемеуді ескерткен: «Ашура күні ораза ұстаңдар, бірақ Яхудилерге ұқсамаңдар, сондықтан бір күн бұрын немесе бір күн кейін қосып ұстаңдар».

    Үшіншіден, дастарханда арам ас болмауы шарт.

    Жалпы, аталған шарт мұсылманның өмірлік қағидасына айналуы керек. Өйткені, «Алла Тағала арақ ішушіні, құйып берушіні, сатушы мен сатып алушыны, арақты жасаушыны, оны тасығанды және тапсырыс берушіні лағнеттеді» деген хадис бар. Абзалы тойды қазақтың ұлттық тағамдарымен өткізу.

    Төртіншіден, ысырапқа жол бермеу керек.

    Алла ысырапшылдарды сүймейді. Құранда: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын (немесе Қағбаны тауап ететін) болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. (Алланың өздеріңе берген нығметінен) ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды» («Ағраф» сүресі, 31 аят) деп ескерткен.

    Бесіншіден, тойға келген әйелдер ашық-шашық киінбеуі керек.

    Сондай-ақ шариғаттан тыс ер мен әйелдің араласпауы қажет. Себебі, әйел бөтенге әуретін көрсету арқылы басқа біреуді көз зинасына салады. Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Көздің зина жасауы (бөтен әйелге) қарауы, Құлақтың зинасы (бөтен әйелдің шахуат қоздыратын даусын) есітуі, қолдың зинасы (бөтен әйелді) ұстауы» деген.

    Алтыншыдан, ойын-сауық пен ән-күй шариғат шегінен шықпауға тиіс.

    Яғни, тойларда көңіл көтеру үшін ойындар ойнап, ән шырқауға рұқсат берілген. Бірақ шектен тым шығып кетпеуі қажет. Өйткені, Бухари-Муслим жеткізген хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз айт күні қарабауырлардың мешітте барабан соғып, найзамен ойын көрсетіп жатқанын Айша анамызбен тамашалаған.

    Сондай осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадис бар: «Айша анамыз (р.а) айтты: «Пайғамбарымыз маған кіргенде менің қасымда екі жас қыз Буас соғысының әнін әндетіп жақтан болатын. Пайғамбарымыз төсекке жатып теріс бұрылды, сосын Әбу Бәкір кіріп келіп «Пайғамбарымыздың алдында шайтанның әні ме?» деп мені зекіді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Оларды қоя бер» деді. Пайғамбарымыз байқамай тұрғанда, Әбу Бәкір екі қызға белгі берді де, ол екеуі шығып кетті».

    Жетіншіден, той жамандыққа итермелемеуі керек немесе парызды тастауға себепкер болмауы шарт.

    Бұған Оразада той жасауды мысалға алсақ жеткілікті шығар.

    Міне, мұсылмандар той жасағанда осы шарттарды сақтағаны абзал.

    Жанасыл Болатбек

    Пікір жазу