Қазіргі таңда елімізде жұқпалы індеттің таралуы біраз қиындық тудырып тұр. Тіршілік деп ала таңнан жүгіретін адамдар төтенше жағдайдан кейін біраз титықтап қалды. Түрлі қауесеттің таралуы халықтың үрейін алып, қаупін күшейтті.  Десе де, денсаулықты басты байлық деп білетіндер уақыт өте келе сабыр мен ақылға келді. Өз өмірін сақтау бәрінен маңызды екенін түсіне бастады.   

Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 216-аятында: «Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер», – деген.

Сол үшін қазіргі жағдайдың бір жағынан қиындығы болса, екінші жағынан пайдасы болуы да мүмкін. Көптеген жанұяда ері мен әйелі, баласы мен ата-анасының арасындағы нәзік байланыс үзіліп, қарым-қатынас өзгере бастаған болатын. Себебі ата-анада уақыт және тәрбиеге деген ықылас жоғала бастады.

Адамдар мейірімді отбасынан емес, сырттан іздеуге мәжбүр.  Міне, ел ішіндегі карантин мерзімінде барлық отбасы мүшелері бір жып-жылы қарым-қатынасты сезінді… Теледидар, әлеуметтік желілер және смартфон ұрлаған бақыт қайта орнағандай… Ата-ана баласының жанында, өзара әңгіме, сұхбат әрі байланыс бар.

Тек тойсыз өмірге үйренбеген халық карантинді «қараңғы түнек» деп сезінгені болмаса…

Уақыт емші. Уақыт қайғы мен қиындықты ұмыттырып емдегені секілді алдағы аңсаған армандарға жету үшін де өзіне тәуелді ететін негізгі күш. Тәуелсіздігімізді алып, егеменді ел болып, дінімізге бет бұра бастаған кезде жоғалған құндылықтарымызды қайта қолға ала бастадық. Рас, жеке басқа қатысты рәсімдерді орындау соншалықты қиын болмағанымен, көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шараларда ата-баба дәстүрі мен имандылық шарттарын сақтау оңайға соқпады.

Тұтастай кеңес үкіметінің тәрбиесінен өткен буын өкілдері үшін бұлардың бәрі жат, ерсі болып көрінді. «Бар жиғаным – иманым» дейтін қауым арасында имандылықтың қас дұшпаны «шайтан суды» адал ризықты дастарқанына, ақ тілек, бата айтылатын маңызды жиынына жақындатпауға деген орынды бастама көтерілді.

Әрбір жаңа нәрсеге алғашында жатырқай қарау заңды нәрсе ғой. Бірақ арақсыз той өткізу қазақ үшін жаңалық емес, тек қана қайта жанданған атадан қалған сара жол болатын. Соның белгісі шығар, уақыт өте келе «халал тойлар» көпшілік тарапынан оң көзқарасқа ие болды.

Жұрттың бәрі арақсыз той өткізіп кетпесе де, арақсыз тойға қарсылық көрсетілмейтін, тіпті құпталатын дәрежеге жетті. Иә, алғашқыда қиын көрінген бұл іс уақыт өте келе етек жайды.

Қазақтың қуанышы да, «уайымы» да той. Той қазақ халқының өмірінде үлкен мәнге ие. Сондықтан халықтың қайда бет алғанын, қандай жолды ұстанғанын тойына қарап аңғаруға да болады. Жоғарыда айтылған игі бастама «халал той» арақпен қана шектелмей, халқымыздың басқа да озық үлгідегі әдет-ғұрыптарын жандандыруға ұласқанын көргенде уақыт талай нәрсені өзіне бағындыратынына көзің жете түседі екен.

Той – халықтың қазынасы. Қазақ халқы дүниеге шыр еткен шарана келсе де, баласы тәй-тәй басып жүрсе де қуанышын ағайынмен бөліседі. Ат шаптырып, аламан бәйге өткізбесе де қазақы салтпен той өткізушілер бар. Соңғы уақытта тоқшылықтан ба, ел ішінде аста төк дүние көп болып кетті.

@ ortalyq.kz

Даңғаза әуенге елтіген жұрт әйтеуір… ақсақалы бар, ақжаулықтысы бар жұлқынып билегенде, ұяттан тесік іздеп кетесің… Көп асқанға бір тосқан болатыны да белгілі еді…

Наурыз айынан бастап дүниежүзілік пандемия дертіне байланысты біраз кәсіп тұралады. Кәсібінен нан тауып жүргендердің қатарында асабалар да бар-тұғын. Карантин мерзімінде ас-құдайы,той-томалақ өткізуге тыйым салынды. Дерттің беті әлі қайтқан жоқ. Ауру өршімесе, азаймай отыр.

Ауылдық және қалалық жердегі ағайын жасырын болса да, жария болса да той-томалағы мен өлім-жітімін атқаруда. Тойханалардың жабылуы тойды бүтіндей тыйып тастамаса да, біраз ысырапшылдыққа тосқауыл қойды. Құда-жекжатына дейін тойға қалдырмай шақыратын қазаққа тойға келетін адам санын шектеу біраз қиындық тудырса да, оның да ебін тапты.

Бүгінде ел арасында ұл үйленіп, қыз ұзатылып жатыр. Шектеулі адам саны демесең, қазақтың әрбір тойы қазыналы ғой.

Десе де осы кезде бұқара халық екіге бөлініп отыр: халықтың бір тобы той жасауды құптаса, ендігі бір тобы той жасауды тоқтата тұруды құптайды. Өйткені мамандар адамдар көп шоғырланатын жерлерге дерттің таралу қаупі жоғары болатын ескертуде.

Дінімізде бір мұсылманға жазықсыз тіл тигізуге де, оның өміріне қауіп төндіруге де болмайды. Тіпті жазықсыз адамды өлтіру жайында Қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтірумен тең», – деп баяндалады.

Алла Тағала «Ниса» сүресінің 93-аятында: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Тәңірі оған ауыр азап дайындайды», – деген. Қарап отырсаңыз, бір адамның өмірінің соңында бүтін тағдыр тұр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «Карантин мерзімінде тойды шектеудің маңызы қаншалықты?»  деген сұрақ туындайды.

Бір ауру адам сол тойда бірнеше адамға ауру жұқтырса, демек өзгеге залалы болмақ. Шынайы мұсылманның өзгеге қолы түгілі, тілімен зиян тартқызбайтынын ескерсек, тойды шектеу ақылға әлдеқайда қонымдырақ секілді.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», – деген. Шариғат бойынша адам өмірі мен денсаулығын қорғау және сақтау өте маңызды.

Ел ішіндегі тойға қатысты дау-дамай мұнымен толастамайды. Бай-байға, сай-сайға құям деп байбалам салып жүргендер де бар. Әсіресе тойдан нәпақа тауып жүргендер дырдудың толастамағанын қалайтыны сөзсіз. Бұқара халық қиын кезеңді бастан кешіруде. Азық-түлік пен қаражат тапшылығы әр отбасынан сезіліп отыр.

Осындайда бізге той неге керек деген ойға қаласың. Қазақтың әр тойында бітпейтін алыс-беріс көп. Алтын тақпадым деп ағайынымен араз болып жатқандар тойды шектеу мәселесіне пысқырмасы анық.

Бірақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтты. «Қазір «тойың  тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуы тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – дейді президент.

Ақылға салсақ, терең пайым бар. Озық технология қарыштап дамып жатқанда елімізде дені дұрыс еңселі зауыт та жоқ. Қара халық сырттан тауар тасып сауданың ізінде жүр. Күнкөріс қамы жұмыссыздыққа сеп болып тұр. Еңгезердей ер-азаматтар екі қолға бір күрек таппай, ошақ қасында отыр. Бұл бәрімізді ойландыратын мәселе болуы тиіс. Елдің, ұрпақтың болашағын ойласақ, біраз дүниеден тыйылуға тура келеді. Той тойламай кетсек те, қазіргі ысырапшылдықты тоқтатуға негіз бар. Елдің көші бізден әлдеқайда ілгері.

Түйін: Індеттің тез таралуына орай еліміздегі той бизнесі тұралап қалғаны шындық. Бастысы ел ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, тойдың пайдасы мен зиянын ажырата алса деген ізгі ниет бар. Әр қиындықтан сабақ алған әрине жақсы! Кинотеатрларды, мейрамханаларды  жауып, той жасауға тыйым салғаны үшін билікке өкпелеу орынсыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» десек, билік те елдің амандығы үшін осындай қадамға барып отыр. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу