Ғибратты әңгімелер

Тақуа жауынгердің оқиғасы

Ислам ұрыстарының бірінде мұсылман әскерлері бір қаланы қоршауға алып, апталап, әлекке түседі. Бұл қамалдың дуалдары өте биік, қақпасы берік болатын.

Бір күні қолбасшыға түн жамылып келген белгісіз жауынгер былай дейді:

– Мен қамалдың астынан қалаға кіріп, қақпаны ашу үшін шұңқыр қазып қойдым. Маған бірнеше әскер беріңіз, қамалдың ішіне кірейік. Егер қала қақпасын аша алсақ, онда әскермен дереу қалаға кіріңіз.

Қамалды қайтып аламын деген оймен әбден шаршаған қолбасшы бұған қайран қалады. Қуанып, онымен дереу бірнеше жауынгерді жібереді. Олар қалаға кіріп, қақпаны ашады. Сөйтіп, мұсылман әскері қаланы түнде басып алады. Бірақ, қамалдың астынан жол қазып, қақпаны ашқан жауынгердің кім екені белгісіз еді.

Сол үшін келесі күні қолбасшы әлгі шұңқырды қазған жауынгерді марапаттау үшін іздеп, жар салады. Ешкім келмейді. Дәл осылай жаршы бірнеше күн бойы жар салып, әлгі әскерді іздейді.

Төртінші күні дегенде қолбасшыға бір жауынгер келіп ақырын ғана:

– Мен сізге қамал астынан жол қазған жауынгердің кім екенін айтайын,-дейді. Сонда қуанып кеткен ол:

– Қане, ол кім?

– Бірақ, оның сізге қояр үш шарты бар.

Қолбасшы:

– Қойған шарттарына келісемін. Қандай шарттар?

– Оны марапаттамайсың, басқаларға айтып, көрсетпейсің және алдыңа қайта шақырмайсың.

– Жарайды, келістім.

Сонда жауынгер:

Қамал астын қазып, жол салған – мен едім. Мен оны Алланың разылығын қалап жасадым,–деп шығып кетеді.

Әлгінде ғана үш шартқа келісіп қойған қолбасшының тілі байланып, жауынгердің Аллаға деген ықыласы мен тақуалығына қайран қалып, үнсіз қалады. Мұнан соң қолбасшы намаз оқыған сайын сол жауынгермен бірге болуды Алладан сұрауды әдетіне айналдырыпты.

Түйін:

Жақсы амалды Алла үшін жасаған адам басқалардан ақы дәметпейді екен. Өйткені, ол мұның ақысын Алла бұл дүниеде һәм ақыретте еселеп қайтаратынына кәміл сенеді. Негізінде ізгі амалды әркім өзі үшін жасайды, оның сыйын да ақыретте өзі көреді. Қазақтың «Құдай ақы», «Құдай үшін» деген сөздері де осындай, яғни, «Істеген жақсылығың Құдайдан қайтады» деген сияқты мағынаны білдірсе керек. Құдай үшін жақсылық жасауға ат салысайық.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Далее

Басқа жаңалықтар

Close