Сыр өңірінде имамдардың аймақтық форумы өтті

    76

    19 қараша. KAZISLAM – Сыр елінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты облыс имамдарының аймақтық форумы өтті.

    Аталған форумға ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Ершат Оңғаров, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов бастаған қонақтар, облыстағы ауыл, аудан, қаладағы барлық мешіттердің имамдары, сондай-ақ, ардагерлер, дінтану пәнінің мұғалімдері, дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкерлері, теолог мамандар қатысты.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында өткен республикалық Имамдар форумында «Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру сауабы мол, абыройлы миссия. Ислам дініндегі мұндай ізгілік құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымдастығының ынтымағын арттырып отыр» деп атап өткендей, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы Қазақстан мұсылмандар дін басқармасының бастамасымен көптеген игі істер жасалуда. Бүгінгі шара да соның бір парасы деп санаймыз. Бүгінде дін қызметкерлері жауапкершілігі мол имандылық қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқандығын қоғам жақсы сезініп келеді. Сіздер адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, ақтық сапарға шығарып салғанға дейінгі жөн-жоралғылардың дұрыс өтуіне атсалысып ғана қоймай, қоғамның рухани кемелденуіне, парасаттылық пен отансүйгіштікке, білімділік пен мәдениеттілікке, татулық пен бірлікке насихаттап келесіздер. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде қалыптасқан. Дегенмен Елбасының «Біз зайырлы мемлекетпіз деп дінмен айналыспай отыра алмаймыз» деген сөзі бар. Дін, зайырлылық саясатқа араласа бастағанда ашылады. Ал біз адамгершілік тұрғысынан келген кезде зиялылық қағидатын ұстанамыз. Бүгінгі форумда зиялы қауым өкілдерінің де қатысып отырған бірден-бір себебі – осы. Қазіргі таңда қоғамның құндылықтарын насихаттаған кезде ең алдымен бірлігімізді алдыңғы қатарға шығарамыз. Яғни, ұлы даланың құндылықтары мен ислам мәдениеті және өркениеті түйісіп үйлесуі бүгінгі күннің талабы болып отыр. Бұған мемлекет те, дін де тікелей жауапты, міндетті және парызы деп санаймыз», – деді форумда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

    Жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген ҚМДБ-ның наиб-мүфтиі Ершат Оңғаров өзінің баяндамасында Діни басқарма қабылдаған 3 құжатқа кеңінен тоқталып, аталған құжаттардың бүгінгі қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылады.

    Діни басқарманың наиб-мүфтиінің айтуынша, аталған құжаттар дін қызметкерлерінің темірқазығына айналуы керек. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімінде» 45 рәсім көрсетілген.

    «Бірақ, аталған рәсімнің тізімі мұнымен шектеліп қалмайды. Болашақта өзгеруі мүмкін. Біздің бұл құжатта айтқымыз келгені – діни рәсімдерді кез келген адамның құқы жоқ. Оны мешітте еңбек ететін белігілі бір қызметкер атқаруы керек. Сонда ғана осы аталған діни рәсімдерге байланысты қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттардың алдын аламыз», – деді Ершат Ағыбайұлы.

    Сондай-ақ, форумда Қызылорда облыстық арадагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Доспанбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

    Ал, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы осындай аймақтық форум өңірімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғандығына баса мән берді.

    «Жуырда елордасы Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ республикалық Имамдар форумы өткені баршаңызға белгілі. 500 имам қатысқан бұл ауқымды жиында  үш негізгі құжат қабылданды. Олар – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымыдар тізілімі және міндеттері», «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжаттар. Бұл құжаттардың маңызы мен мәні, ауқымы өте кең. Мәселен, үш құжаттың бірі «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы. Мұнда әрбір мұсылман адамның бойынан табылатын негізгі жеті қасиеті туралы айтылады. Атап айтар болсақ, имандылық, отансүйгіштік, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік. Бұл қасиеттер әр адамның алдындағы бағдаршам іспетті. Адамның бойында бұл қасиеттерді бірі болса, екіншісі болмауы мүмкін. Сондықтан бұл құжат қазіргі уақытта керек дүние. Осы қабылданған құжататрға байланысты 31 қазан күні біз Сыр имамдарының алқалы жиынын өткіздік. Сол жиында форумда қабылданған құжаттарды алқалы жиын барысында талқылап, оны халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жайында сөз қозғадық. Ал, бүгінгі облыс имамдарының аймақтық форумында осы құжаттарды қамти отырып, кеңінен әңгіме қозғамақпыз. Ғалымдар осы құжаттарға байланысты егжей-тегжейлі баяндайтын болады. Форум соңында облыс халқына үндеу жариялайтын боламыз», – деді ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы журналистерге берген сұхбатында.

    Форумда Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш, Арал, Жаңақорған аудандарының бас имамдары Берік Сүлейменов, Жақсыбек Әбенов, Асхат Асқаров, Әлібек Мәдиев, Қайырхан Қабылғазиев, Сағидулла Нұрманов, қалалық «Алдажар», «Ыбырай молда», «Айтбай» мешіттерінің бас имамдары Асылбек Зинмаддин, Талғат Нұрман, Нұржан Пердебеков, және обыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің қари-ұстазы Мұхаммед Әбдіжәлел Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н. Байқадамовтың Алғыс хатымен марапатталды.

    Жиын соңында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Сыр жұртшылығына облыс имамдарының форумда қабылдаған үндеуін жолдады.

    Пікір жазу