Сириядан қайтқан 5 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

    0
    56

    Астана. 10 қаңтар. KAZISLAM – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев «Жусан» операциясы кезінде Сириядан елге қайтарылған қазақстандықтар арасында алты ер адам және бір әйелге қатысты терроризмге қатысы бар деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

    Сыртқы істер министрлігінің брифингінде ҰҚК департамент басшысы барлық шаралардың жіті сарапталғанын жеткізді. «Қоғам осы қайтарылған адамдар тарапынан қауіп төне ме деп алаңдаулы. Бірнеше жыл ішінде мұндай масштабта болмаса да азаматтарды жеткізу операциялары жүргізілді. Сотталғандардың кейбіреуі бостандыққа шығып та үлгерді. Қалғанына оңалту шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта осы азаматтардан қауіп көріп тұрғанымыз жоқ»  деді Рахымбердиев.

    «Жусан» операциясының нәтижесіне қатысты айтар болсақ, алты ер адам және бір әйелге қатысты терроризмге қатысы бар деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Нақты шешімді сот шығарады. Бұл жағдай ескерілген» деді ол.

    Еске салсақ, 5-6 қаңтарда Сириядан 30 бала, алты ер адам және 11 әйел шығарылған.  Журналистер сотталушылардың Қазақстан заңы бойынша азаматтығынан айырылуы мүмкін бе деген сұрақ қойды.  «Қазіргі уақытта ұрыс жүріп жатқан аймақта жүрген кейбір тұлғаларға қатысты осы шараны қолдану мәселесі қарстырылып жатыр. Бәлкім сот шешімімен іске асатын шығар. Ал, елге қайтарылғанда, бұл мүлде басқа жағдай. Олар өз еркімен елге қайтуға өтініш білдірді. Кінәлі деп танылғандар осында жауапкершілікке тартылады. Оларды азаматтығынан айыру – қарастырылмаған» деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.